Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жарқын жобаның жемісі

Жарқын жобаның жемісі
ашық дереккөз
Жарқын жобаның жемісі
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» іске асыру аясында облысқа жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен бірге бірқатар ауданды аралап, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында құрылған ауылшаруашылық кооперативтерінің және кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Алдымен Қордай ауданындағы «ECO Chicken» модульді құс фермасында болған вице-премьерге кооператив төрағасы Талғат Сәрсембаев атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Қазіргі таңда мұнда 12 модульді құс фермасы орнатылған десек, оларда 20 мың бас құс өсірілуде. 15 адам жұмыспен қамтылған. Талғат Сәрсембаевтың айтуынша, жуық арада тағы қосымша 8 модульдік құс фабрикасы орнатылып, жалпы қуаттылығы 520 тонна құс етін өндіруге жетеді. Бұл облыс тұрғындарының құс етін тұтынуының 10 пайызын құрайды. 2025 жылға дейін тағы 100 модульдік құс фабрикасын салу жоспарлануда. Ол кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Алтай Көлгінов ферма жұмысын оң бағалап, ауылшаруашылық өнімдерін арттыру, ауылдықтарды жұмыспен қамтудың маңыздылығын баса айтты. Келесі кезекте вице-премьер Меркі ауданының Сұрат ауылындағы «Даму Сұрат» ауыл шаруашылық кооперативінде болды. 2019 жылы құрылған құрылым аталған жоба аясында жеңілдікпен 22 техника алған. Кооператив ауылдықтарға жерлерін игеру, жемшөп әзірлеу, өнімдерін өткеру секілді жұмыстарға айтарлықтай көмек көрсетуде. Сондай қолдауды сезініп отырғандардың бірі – ауылдағы «Мырзажан» жеке қосалқы шаруашылығы. Шаруашылық жетекшісі Азамат Найзабеков пилоттық жобаның екінші бағыты бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, асылтұқымды мүйізді ірі қараны бордақылаумен айналысуда. Ал «Сатымбаев» жеке қосалқы шаруашылығы жобаның бірінші бағыты аясында бес сотық жерге жылыжай орналастырып, жылына 12,5 тонна қияр жинауда. Сондай-ақ консерві цехын іске қосқан. Вице-Премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаны іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның, ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті. – Негізгі мақсатымыз – ел тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыру. Осы орайда халықты жұмыспен қамтуды реттеу жөніндегі жүйелі шараларды қабылдау маңызды. Бұл бағытта ауылдағы дәл осындай ауылшаруашылық кооперативтері үлкен рөл атқарады. Мұндай құрылымдарды алдағы уақытта да қолдау шараларын жалғастыру үшін тиісті тетіктер қарастырылады. Оларды сақтандыру мәселесіне назар аударылатын болады, – деді Алтай Көлгінов. Бұдан соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Байзақ ауданындағы «Қостөбе-2019» ауылшаруашылық кооперативіне барып, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Кооператив базасында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұхашев жоба аясында қол жеткізілген нәтижелерді және алдағы жоспарларды баяндады. – Жобаны іске асырмас бұрын облысымыздағы барлық ауылдық округтерде (153 ауылдық округ, 367 елді мекен) арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдері зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сонда облысымыздағы 1 миллион 125 мың тұрғынның 532 мыңының еңбекке жарамды екені белгілі болды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі 679 мың тұрғынның (60,4 пайыз) 395 мыңы еңбекке жарамды. Жалпы зерделеу барысында әр ауланың табысы айқындалды және әр округ, әр аула бойынша жоспар бекітілді. Сонымен қатар зерделеу нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтардың табыс табуға мүдделі емес екендігі, ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтіні, жеке азаматтардың табысының ресми түрде көрсетілмеуі сынды мәселелер анықталды. Осылайша жан-жақты талдау жасалып, тұрғындардың ұсынысын ескеріп және туындаған мәселелерді шешу мақсатында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында 5 бағыт нақтыланды. Бірінші – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, екінші – мал және құс шаруашылығын дамыту, үшінші – ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, төртінші – кооперативтерді жабдықтау, бесінші – тұрғындардың шағын жобаларын қаржыландыру. Жобаның 5 бағыты бойынша 9,2 миллиард теңге бөлініп, 11 ауылдық округте 11 кооператив құрылып, 2 478 жоба қаржыландырылды. Жекелей тоқталар болсақ, бірінші бағыт бойынша 7 856 аулада 932 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдары отырғызылды. Екінші бағыт аясында 6,4 миллиард теңгеге 44 мың мал сатып алынды. Айта кетейік, жоба жүзеге асқанға дейін 1 066 отбасыда мүлдем мал болмаған. Ауыл сыртындағы 10 113 гектар жерді тиімді игеру үшін ауылшаруашылық кооперативтері 230,1 миллион теңгеге сапалы тұқым, тыңайтқыш және химиялық қорғау құралдарын сатып алды. Ауылшаруашылық кооперативтері 972, 4 миллион теңгеге 190 ауылшаруашылық техникасын алды. Техника құнының 50 пайызы Үкімет тарапынан субсидияланады. Ал бесінші бағыт аясында 56,2 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Биыл жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округте 253 жоба іске асырылды. Сондай-ақ 177,5 миллион теңгені құрайтын 28 ауылшаруашылық техникасы лизингпен берілді, – деді Нұржан Нұрланұлы. Баяндамашының айтуынша, жоба жүзеге асқалы 2 282 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. 589 жаңа жұмыс орны құрылған. Егістік жер көлемі 10 100 гектарға ұлғайған. 2,2 мың тонна өнім өңдеу цехтарына өткізілген. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұмыссыздар саны бірнеше есеге азайған. 2023 жылы жобаны масштабтау шеңберінде өңірімізге 11,5 миллиард теңге бөлінбек. Нәтижесін­де тағы да 22 ауылдық округ енгізіліп, 3 мыңнан аса жоба қаржыландырылады деп күтілуде. Сондай-ақ 40 ауылдық округте 4 800 жобаны жүзеге асыру үшін 20 миллиард теңгеге қосымша бюджеттік өтінім жолданыпты. Егер қаржы мәселесі шешіліп, жоба әрмен қарай да жүзеге асса, жаңадан 25 мыңнан аса жеке кәсіпкер тіркеліп, 7 500 жаңа жұмыс орны ашылады және атаулы әлеуметтік көмек алушылар 16 мыңға азаяды екен. Ал облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов пайдаланылмай жатқан жайылымдарды мемлекет иелігіне қайтару бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, облыстық прокуратурамен бірлесіп жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өңірде мал басына шаққанда 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталыпты. Қазіргі таңда жайылым тапшылығын шешу мақсатында бес бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Тиісті ведомстволар тарапынан атқарылған жүйелі жұмыстың арқасында 2021 жылы 334 мың гектар жер ауылдық округтерге қоғамдық пада үшін беріліпті. Ал биыл игерілмеген 200 мың гектар жайылым жер мемлекет иелігіне қайтарылып, жоспар орындалған. Кездесу барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кооперативтерге жер учаскелерін беру, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның функцияларына машиналар мен жабдықтардың лизингін ұсыну, пилоттық жобаның 5-бағыты бойынша шектеулерді алып тастау, қарыз алушыларға микрокредиттің ең жоғары сомасын 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру сынды ұсыныстарын ортаға салды. Әрбір ұсыныс ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынын айтқан Алтай Сейдірұлы келесі кезекте «Қостөбе-2019» ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы Мәди Сейтқасымовпен пікір алмасты. Мәди Нұрланұлы жоба аясында аз жылда ауқымды жұмыстар атқарылғанын және алдағы жоспарлар да ауқымды екенін айтты. Мұнан кейін Алтай Көлгінов Талас ауылындағы «Калдарова М.А.» жеке қосалқы шаруашылығына ат басын бұрды. Кәсіпкер 2020 жылы жоба аясында 2 400 000 теңге несие алып, 5 құлынды бие алыпты. Қазір жылқыларының саны 16 басқа жеткен. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, малшаруашылығын дамытуға ниетті. Ал «Шамуратов Шовкат Валерьевич» жеке кәсіпкерлігінің иесі Шовкат Шамуратов 10 000 000 теңге несие алып, бүгінде шұжық өнімдерін шығаруда. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бұдан соң Тараз қаласындағы «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінде өткен кеңесте вице-премьерге жоба аясында құжат қабылдау және несиелендіру барысы баяндалды. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар