Заң
Бас прокурордың орынбасары Челахтың хаты туралы пікір білдірді
- author AR-AY
- 21 желтоқсан, 2022
- 283
Бас прокурордың орынбасары Челахтың хаты туралы пікір білдірді
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Владислав Челахтың ҚР президентіне жазған хаты туралы пікір білдірді.
Бұған дейін Владислав Челахтың Мемлекет басшысына хат жазғаны, Арқанкергенде шын мәнінде не болғанын айтуға дайын екені хабарланған еді.
Өкінішке қарай, қазір менде Владислав Челахтың бізге жүгінгені туралы ақпарат жоқ. Сондықтан дәл қазір пікір айта алмаймын. Бірақ осылай жүгінген болса, оны пысықтап, тиісті жауап береміз, - деді Жандос Өмірәлиев.Владислав Челах 2012 жылы 15 адамды өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Сол уақыттан бері Челах және оның қорғаушысы тарапынан Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 рет өтініш түскен. «Владислав Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолдаған. Соның ішінде сотталған Владислав Челах 4 рет, оның анасы Светлана Ващенко 3 рет, адвокат Серік Сәрсенов бір рет өтініш берген», - делінген Жоғарғы соттың Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында. «АРҚАНКЕРГЕНДЕГІ» ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА 2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады. Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған. 4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған. Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді. Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.