Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕРДІГЕРЛЕР ОЛҚЫЛЫҚТЫ ТҮЗЕЙТІН БОЛДЫ

МЕРДІГЕРЛЕР ОЛҚЫЛЫҚТЫ ТҮЗЕЙТІН БОЛДЫ
ашық дереккөз
МЕРДІГЕРЛЕР ОЛҚЫЛЫҚТЫ ТҮЗЕЙТІН БОЛДЫ
Облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға азаматтық қоғам өкілдері белсенділігін кеңінен пайдалану және жемқорлықты жою ісіндегі қоғамдық ортаның бастамаларына батыл қолдау көрсету» жайы талқыланды. Кездесу барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы, заңнамалардың сақталуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралардың маңыздылығы сөз болды. Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыс бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев, облыс әкімдігі цифрландыру басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Нұржанұлы, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов қатысты. Кеңейтілген отырысты Қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Әбдірайымов ашып, жиынның мән-маңызына қысқаша тоқталды. Мұнан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ербол Жұмақадірұлы сөз алып, департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. – Өздеріңізге белгілі «Барысхан» тұрғын алқабында 10 үйді ауызсумен қамту мақсатында Тараз қаласының әкімдігі 240 миллион теңгеге су құбырын жүргізіп, пайдалануға берген. Алайда жұмыс сапасы көңіл көншітпей тұр. Салдарынан су қысымы көтеріліп, жыл ішінде 103 рет құбыр тесілген. Департаменттің бастамасымен қала әкімдігі, мердігер, жобалаушы «Жамбыл су» мекемесінің басшылығымен екі рет кездесу ұйымдастырылып, нәтижесінде арнайы комиссия құрылды. Соның нәтижесінде 15 миллион теңгенің шығыны анықталса, мердігерлер олқылықты реттеуді 30 қыркүйекке дейін міндетіне алып отыр. Ендігі кезекте «Жамбыл су» мекемесінің арнайы техникаларын тарта отырып, су қысымын тексеріп, өз балансына қабылдау қажет деп санаймыз. Бұл туралы облыс әкімі атына ұсыныс енгізілді. Облыста қазір 30 мың тұрғын үй кезегінде тұр. Департаменттің айдан астам уақыт жүргізген мониторинг жұмысының нәтижесінде 830 адамның негізсіз кезекте тұрғаны белгілі болды. Оның ішінде 158 адам дүниеден өтсе, осы қатарда баспаналы болған және өзге мемлекетке қоныс аударғандар да бар. Қазір бұл бойынша қала, аудан әкімдігіне тізімді жаңалау туралы ұсыныс жолданды,– деді Ербол Бақтыхожаев. Басқосуда аты аталған басқарма басшылары да сөз алды. Олар өз баяндамаларында мекеме тарапынан соңғы 6 айда сыбайлас жемқорлық фактісі анықталмағанын жеткізді. Жиын соңында М.Әбдірайымов Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғап, басқарма басшыларына қызметтеріне жауапкершілікпен қарау қажеттігін тапсырды.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар