Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұстаздың басты қаруы – жылылық

Ұстаздың басты қаруы – жылылық
А.Қартабай
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімдігінің білім басқармасы «Жас мамандар: тәжірибе, ізденіс, кәсіби қалыптасу жолы» тақырыбында диалогтік алаң өткізді. Жиын GPA көрсеткіші 3,33 балдан жоғары болып, конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданған жас педагогтарға арналды.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков пен тәжірибелі ұстаздар мен білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ жас педагогтер қатысты.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Серік Жақсылықұлы жас педагогтерге сәттілік тілеп, оларға артылатын сенім жүгінің салмақты екенін жеткізді.

– Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтпаған. Себебі, білім беру жүйесі қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Қазіргі қоғам мұғалімнен тек білімді ғана емес, жан-жақты дамыған тұлға болуды талап етеді. Ақпараттық технологияларды меңгеру, жасанды интеллект, заманауи педагогикалық әдістерді қолдану, үздіксіз білім алу мұғалімнің кәсіби мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұстаз еңбегінің маңызын ерекше бағалаған. Бүгінгі жас мамандар 3 маңызды қағиданы ұстануы керек. Біріншісі – үздіксіз ізденіс. Білім беру саласы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан жаңа әдістерді меңгеріп, кәсіби тұрғыдан дамуға әрдайым дайын болу қажет. Одан кейін – жауапкершілік. Әрбір шәкірттің тағдырына әсер ететін мамандық иесі ретінде, әрбір ұстаз өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Үшіншісі – адамгершілік пен мейірімділік. Ұстаздың ең басты қаруы оның жүрегіндегі жылулық, – деді С. Жақсылықұлы.

Іс-шара барысында жас мамандардың білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі, олардың құқықтары мен кәсіби міндеттері, кәсіби бейімделу кезеңіндегі қолдау тетіктері жан-жақты талқыланды.

Өз кезегінде сөз алған Нұрбек Оршыбеков жас мамандардың білім беру сапасын арттырудағы белсенділігінің маңыздылығына тоқталып, кәсіби дамуға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың бастамалары әрдайым қолдау табатынын айтып, жауапкершілік пен үздіксіз ізденістің маңызын ерекше атап өтті.

– Бұл жай ғана ресми басқосу емес. Бұл тәжірибе мен үміттің, ұстаздық жолдың басы мен болашағының тоғысқан сәті. Небәрі жеті ай бұрын білім беру саласына жас маман ретінде қадам басып, қасиетті ұстаздық жолды таңдаған жандар осы қысқа уақыт ішінде мектеп өмірінің ырғағын сезінді. Шәкірт жүрегіне жол табудың қаншалықты жауапты әрі мәртебелі іс екенін түсіне бастады деп сенемін. Ұстаз еңбегінің ерекшелігі  оның нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін. Бірақ жылдар өткен сайын сол еңбектің жемісі айқындала түседі. Сондықтан шыдамдылық пен табандылық – ұстаздың ең сенімді серігі. Жаңа дәуірдің мұғалімдерінің бойында білімге деген құштарлық, жаңашылдыққа ашықтық, шығармашылық энергия болуы шарт. Осы қасиеттерді жоғалтпай, оны шәкірт тәрбиесіне бағыттай білгендер үлкен нәтижелерге жетеді. Осы кездесу – тәжірибе алмасудың, ой бөлісудің, бір-бірімізді қолдаудың алаңы. Сөзімді қорытындылай келе, сіздерге үлкен сенім білдіретінімізді айтқым келеді. Ұстаздық жолдарыңыз нұрлы болсын! Шәкірттеріңіздің жетістігі сіздерге әрдайым қуаныш сыйлап, білімге деген адалдық пен кәсіби ізденіс сіздерді үлкен биіктерге жетелесін, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Сонымен қатар, жиын барысында педагогтердің ұсыныстары тыңдалып, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігі білім басқармасы алдағы уақытта да жас педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасап, олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар