Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЛТЫН ОРДА-ҚЫПШАҚ ДӘУІРІНДЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ

АЛТЫН ОРДА-ҚЫПШАҚ ДӘУІРІНДЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
ашық дереккөз
АЛТЫН ОРДА-ҚЫПШАҚ ДӘУІРІНДЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Қай дәуірде, қай кезеңде болмасын балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл көне дәуірлерден, атап айтқанда сақ, ғұн дәуірлерінен, одан бері түркі дәуірлерінен, исламдық түркі дәуірінен, Алтын Орда-Қыпшақ дәуірінен, Қазақ хандығы дәуірінен келе жатқан үрдіс болғаны анық. Ал Алтын Орда дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті мен балалар жазба әдебиеті де өз кезегінде жастарды білім-ғылымға, адамгершілік пен имандылыққа, адалдыққа, еңбеккерлікке тәрбиелеуге ықпал еткені рас. Қазақтың көрнекті ғалымы, профессор А.Қыраубаева өсіп келе жатқан балалар мен жасөспірімдерге: «Сіз – қазақ дейтін ұлы халықтың ұрпағысыз! Қазақ мәдениеті біздің дәуіріміздің арғы жағындағы скиф-сақ тарихынан басталып, түркілер тарихына жалғасады... Қазақтың кең даласында еркін жортқан ата-бабаларымыз бізден екі жарым-үш мың жыл бұрын-ақ ақыл-айламен, қылыш-найзамен елін, жерін сақтай білді. Дәстүріне берік болды. Алыс-жақын елдермен байланыс жасады. Қазақта «Ұлың – Үрімге, қызың – Қырымға» деген мәтел бар. Одан ұғатынымыз: аталарымыздың атының тұяғы Рим мен Қырымға дейін жеткендігі. Қазақтар ежелден өнерлі, шешен, дана халық. Сіз де сондай болыңыз, өсіп-жетіп толыңыз» десе, балалар бойындағы адамгершілік, ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыру жөнінде әдебиетшілеріміз Б.Хасанов пен А.Қасымбек: «Рухани адамгершілік тәрбиесі балалар бойында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды қалыптастырудан басталады. Балалар мен оқушы жастардың танымдық эмоционалдық көзқарастары рухани таным мен физикалық күштердің үйлесуі және түсіністік пен өзара қарым-қатынас, өзін-өзі таныту қасиеттері, жақсылық пен адамзатты сүю арқылы қалыптасады» деп жазады. ХІІІ-ХV ғасырлардағы Алтын Орда дәуіріндегі ғылым, мәдениет және әдебиет туралы белгілі ғалым Н.Келімбетов: «Дешті Қыпшақта негізі қаланған Түркі мемлекеті – Алтын Ордада ХІІІ-ХV ғасырларда ғылым, мәдениет, әдебиет едәуір дамып, бүкіл әлемге таныла бастаған еді. Әсіресе, ХІV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Орда мемлекетінің Еділ бойындағы астанасы Сарай (Берке-Сарай) қаласы дүниежүзіне мәшһүр мәдени орталықтардың біріне айналды. Мұнда қысқа мерзім ішінде әлемнің әр түкпірінен атақты ғалымдар, ақындар, өнер қайраткерлері, сәулетшілер, т.б. жиналды деуге болады» дейді. Алтын Орда дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Сайф Сарайдың «Түркі тіліндегі Гүлстан» атты дастанынан үзінді оқып көрейік: «Өмірде қиянат жасаған адамның қиямет-қайымда қолы дірілдейді... Ең артық жаратылған – адам, ең төмен жаратылған – ит, ол да нан-тұздың қадірін біледі. Ең жаман жаратылған – соны білмейтін адам... Ұятсыз адам иттен де жаман...» деп адам деген ардақты атты қор қылғандар туралы, жазықсыз адамға қиянат жасаған адамдардың зымияндық іс-әрекеті туралы өз ойын жазып, өскелең ұрпақты адал һәм мейірімді болып өсуге үндейді, өсиет айтады. Тірісінде қиямет, зорлық жасап, адам деген атына кір келтіргендерді сөзбен шымшиды. Ондай адам ертең о дүниеде зымияндық әрекетіне жауап береді, қолы дірілдейтінін айтады. Адамды дүниеде ең артық, ең жақсы, мейірімді, жанашыр деп бағалайды. Ең төменгі сатыға итті қояды. Бірақ ұятсыз адамды иттен де төмен деген пікір өрбітеді. Бұл әрине ойланбай жазылған сөздер емес, ең бастысы – тәрбиелі сөздер. С.Сарайдың әрбір сөзі дүниеден өзінің орнын табамын деп жүрген жеткіншектердің көңілінің сарайынан орын алып жатады. «Ердің артында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалғаны игі. Жас бұтақ қалауына қарай иіледі, иір ағаш теңге салмай түзелмейді... Ағаш көркі – жеміс, адам көркі – жақсы іс... Ізгілігі жоқ ер дүниеден белгісіз кетеді... Ер адам кек сақтамайды...» дей келе «Жас бұтақ қалауына қарай иіледі...» деп, жеткіншектердің өмірге деген көзқарасының тереңдігіне үңіледі. Адамның жан сүйсінтер жақсы ісін ағаштағы өсіп тұрған жеміске теңейді. Ер адамның кек сақтамайтынын, елге ізгілік жасамаған ерлердің ізінің белгісіз болып кететінін қадап айтады. Жомарттық туралы да пікір өрбітеді. Шынында адам баласындағы ең асыл қасиеттердің бірі – жомарттық. Тарихқа үңілсек, Атымтай жомарт туралы аңыз-әпсаналардың тәрбиелік маңызы өте жоғары. Жырауларымыз бен ақындарымыз Атымтай жомартты жырға қосып, елге насихаттауында терең мағына бар. Ал сараңдар туралы ертегі, аңыздарда сараңдықтың жаман қасиет екені дәлелденеді. Қазақ ауыз әдебиетінде сараңдықты әшкерелейтін Шығайбай атты жағымсыз кейіпкер бар. Қазақ ауыз әдебиетінде «Шық бермес Шығайбай» атты ертегі де бар. Сайф Сарай жомарттықты өнерге балайды. Жомарттық пен сараңдыққа байланысты «Таза өнердің иесі жомарт келеді», «Азға қанағат қылғанды барлық жерде сыйлайды», «Ұлық болам десең, жомарт бол» дегені соның айғағы. Кейбір адамдарда жаман қасиет – күншілдік пен сараңдық иықтасып бірге жүреді. Бұл жөнінде: «Күншіл адам күні бойы ренжіп жүреді. Шағыстырған кісінің шын сөзінен без, жалған сөзін бақ. Қайда нағыз өнер иесі болса, күншіл соны күндейді. Жарғанат жарықты сүймейді, күншіл ғылымды сүймейді. Гүл тікенмен бірге өседі, қуаныш қайғымен бірге жүреді» дейді. Алтын Орда-Қыпшақ дәуірі әдебиетіне, соның ішінде балалар әдебиетіне үлес қосқан ақындардың бірі – Дүрбек. Балалар әдебиетіне үлес қосқан деп айтып отырған себебіміз – ақын өзінің әйгілі шығармасында Жүсіп пен Зылиханың арасындағы махаббатты жырлаумен қатар «Ақын ел басқаратын жандардың әділ, ақылды, мейірімді, жомарт болуын көксейді» (Н.Келімбетов). Әрине, бұл қасиет балалар мен жастар санасына да берік орнығуы мүмкін. Ақын дастанды жазу барысында ел билеген патшалардың ақылды және парасатты болуын тілей отырып, өз халқына биік адамгершілік тұрғысынан қарауға, әділетсіздік пен қатыгездікке жол қоймауға назар аударады. Қазақ поэзиясы Ғұн дәуіріндегі Молақсай жырау мен Тоғанас жыраудың жыр-толғауларынан бастау алды. Бұл жыраулық дәстүрді Алтын Орда-Қыпшақ дәуірінде Сыпыра жырау, Қотан (Құтан) жырау жалғастырып, ХV ғасырда Асан Қайғы мен Қазтуған жырау дамытты. Сонымен ХVІ ғасырда Шалкиіз бен Доспамбет, ХVІІ ғасырда Жиембет пен Марғасқа, ХVІІІ ғасырда Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Бұқар, Шал, Көтеш, Қожаберген жыраулар әдеби дәстүр ретінде қалыптастырды.

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық инновациялық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

«ҚАУЫН ОПЕРАЦИЯСЫ»
Алдыңғы мақала
«ҚАУЫН ОПЕРАЦИЯСЫ»

Ұқсас жаңалықтар