ХАЛЫҚ ҚАЙДА, НАРЫҚ ҚАЙДА?
Халықтың алаңсыз тіршілік кешуі үшін бағаның бірқалыпты болуы аса маңызды. Дейтұрғанмен жылдан-жылға шарықтай түскен азық-түлік бағасы халықтың қабырғасын қайыстырып барады. Қымбатшылық жайлаған базардан халық бір айлық жалақысына бір аптаға жететін ішім-жемін алып қайтып жүргені де белгілі. Мысалы, былтырға қарағанда биыл елімізде қанттың бағасы 73 пайызға, макарон өнімдері 33, күріштің бағасы 30 пайызға өссе, сүт өнімдері 28, бидай мен қарақұмық 26 пайызға қымбаттаған.
Өкінішке қарай, облысымыздағы ахуал да мәз емес. Мәселен, Тараз қаласындағы «Ауыл-береке» базарында 1 дана жұмыртқаның өзі 65 теңгеден саудалануда. Басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да күннен-күнге қымбаттамаса, әзірге арзандайтын сыңайы байқалмайды.
Биыл облыстық тұрақтандыру қорына өткен жылға қарағанда 400 миллион теңге артық бөлінсе де баға тұрақтанар емес. Аталған қорға қазынадан 1 миллиард 244 миллион теңге бөлінген. Қаржының 837 миллион теңгесі азық-түлік сатып алуға жұмсалыпты. Қыруар қаржы жұмсалса да баға неге тұрақтанбайды?
Өңірлік тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында сатып алу, тауар интервенцияларын жүргізеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге «айналым схемасы» бойынша екінші механизм шеңберінде қарыз беретін жүйе.
Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 3 366 тонна көлемінде азық-түлік қоры бар. Саралай айтар болсақ, қант – 1 285 тонна, 220 мың литр өсімдік майы және 7 мың тонна ұн, 68 тонна қарақұмық, 196 тонна өсімдік майы болса, 1-сұрыпты ұн 1 732 тонна, күріш – 82 тонна, тұз – 3 тонна, сондай-ақ жұмыртқа – 1,5 миллион дана және 494 мың бөлке нан сатып алынған. Мұның барлығы да ел ішінен сатып алынады. Сонымен қатар қосымша 1 000 тонна картоп, 200 тонна қырыққабат, 200 тонна пияз, 200 тонна сәбіз, 1 300 тонна ұн сатып алынған. Ал Үкімет тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін 3 300 тонна қант сатып алу жоспарланып отыр екен.
Баға тұрақтылығына жауапты мамандардың сөзіне сенсек, алаңдайтын мәселе жоқ. Баға бақылауда. Азық-түлік қоры жеткілікті. Бірақ халық өзімізден шығып жатқан азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанына наразы.
– алдым. Сонда біздің елден шығатын қай дүние арзан деп ойлайсыз? Баға күннен-күнге шарықтап барады. Алса – халық жылайды, алмаса – сатушы жылайды. Үкімет сатып алушы мен сатушының арасындағы алшақтықты жақындата алмай отыр, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Асқар Жеңісбек.
Тұрғындар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өткізілетін жәрмеңкелер қыста да ұйымдастырылса деген ниетте.
Осы орайда өңірлік тұрақтандыру қорының басшысы Арман Түймебаев бағаны тұрақтандыру мақсатында аз жұмыс істеліп жатпағанын айтады.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған қор бағаның өсуін тежеу мақсатында жұмыс істейді. Жұмыс барысында екі механизимге сүйенеді. Оның біріншісі – өзіміз сатып алған және сататын өнімдер. Екіншісі – шағын және орта бизнес субъектілеріне 0,01 пайыз жеңілдікпен несие беру. Мұндай жағдайда кәсіпкер белгілі бір кезеңде өнімді белгіленген бағамен сатуға міндеттеледі. Бұл «айналым схемасы» бойынша көкөністер,қант, өсімдік майы, жарма, ұн сатылуда, – дейді Арман Түймебаев.
Жыл басынан бері екінші механизм, яғни «айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 138 670 899 теңге қарыз берілген. Бүгінгі күні үш кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 84 миллион теңгеге қарыз беру процесі жүріп жатыр екен. Бұл қаражат көкөністерді, қарақұмық жармасын, күрішті сатып алуға және одан әрі өткізуге бағытталады. Бұл жөнінде барлық қажетті құжаттар дайындалған.
Сонымен қатар тұрақтандыру қоры тағы үш кәсіпкерге қосымша 420 миллион теңге қарыз беруді жоспарлап отыр. Мұның бәрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын барынша тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан шаруалар екенін айтады.
Күн санап ертегідегі Ертөстіктен де тез өсіп келе жатқан баға Үкіметті де алаңдатып отырғаны айқын. Былтырдан бері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнайы «Әлеуметтік әмиян» енгізу керектігі туралы ұсыныстың айтылып жүргенін дүйім жұрт жақсы біледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа арнаған Жолдауында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін барынша цифрландыруды, соған қоса әр азаматтың атына «Әлеуметтік әмиян» енгізу керектігін тапсырған болатын.
Ал «Әлеуметтік әмиянды» енгізу жұмысын 4 мемлекеттік орган жүргізеді. Олар – Ұлттық банк, Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері. Алайда бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанымен әлі іске асырылмаған. Егер жүзеге асса, қымбатшылықтан зәрезап болған халықтың қара басын қарызсыз алып жүруіне септігін тигізбек.
«Әлеуметтік әмиян» – электронды ақша. Яғни Үкімет жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді электронды түрде тиесілі азаматтарға аударады. Әрі сол арқылы ол ақшаны азаматтардың қайда жұмсап жатқаны да бақылауда болады. Яғни телефондағы арнайы қосымша арқылы онда қанша ақша барын көруге, төлем жасауға, QR-код арқылы азық-түлік алуға, басқа да қызметті комиссиясыз сатып алуға, ақша аударуға және картаны толтыруға болады.
Қалай болмасын, халықты қымбатшылық буған заманда тығырықтан шығар жол тауып, бағаны бағындырып, ырыққа көндіру үшін қолдан келген шараның бәрін жасау керек. Егер Үкіметтің дайындап жатқан «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылса, онда халықтың талай жыртығына жамау болатыны анық.
Шапағат ӘБДІР