ҚАЗАҚ КҮЙІ QR-МЕН ДЕ ОРЫНДАЛАДЫ
Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында Байзақ ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Панабек Ахметовтің «Музыка мектептеріне арналған күйлер» және «Домбыраға арналған шығармалар» атты екі кітабының тұсаукесері өтті.
Бірінші кітап 2019 жылы Алматы қаласындағы «Әуен» баспасынан, екінші кітап осы жылы «Балауса» баспасынан жарық көрген. Кітаптың тұсаукесеріне аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұрбол Мамырбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Аман Малдыбаев, музыка пәнінің мұғалімдері мен Панабек Үшкемпірұлының шәкірттері қатысты.
Іс-шараны облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева ашып, авторға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов те қос кітаптың өнерлі балаларға таптырмайтын музыкалық құрал ретінде көп көмек бере алатынын атап көрсетті.
Ал кітаптың тұсауын Аман Малдыбаев және өнер қайраткерлері, аймаққа аты белгілі азаматтар Мұхтар Рахманқұлов, Дастан Көреген, Ержан Рысметов кесті.
Нұрғиса Тілендиев атындағы күйшілер конкурсының лауреаты П.Ахметовтің заманауи технологиямен жарық көрген шығармалар жинағының өзіндік ерекшеліктері көп.
– Қазіргі таңда көне нота ітаптарының барлығы дерлік ескірді. Өкінішке қарай, мәні мен мазмұны терең нота кітаптар қайтадан басылып шықпайды. Бұл дегеніміз музыка үшін, өнер үшін үлкен кемшілік, орны толмас олқылық. Олқылықтың алдын алу мақсатында өз қал-қадірімше еңбектеніп, күйлердің нотасын жинап, бір кітапқа жинақ қылдым.
Ноталарды жинақтау да оңай емес. Әрбірінің нотасын қағазға түсірген облыстық «Алатау» ән-би ансамблінің қызметкері – Дастан Көреген. Кітап заманауи техникаларды қолдану арқылы жарық көрді. Яғни кітапты QR-код арқылы да пайдалануға болады. Бұл қызылордалық IT саласының маманы Бағдат Қадырбеков есімді азаматтың еңбегі. QR арқылы арнайы жүктелген бағдарламамен күй өздігінен ойнайды. Әрі смартфонға жүктелген «АRsaz» қосымшасын қосып, әр шығарманың жеке QR кодын қолдану арқылы оқушы шығарманың толық аудиожазбасын тыңдай отырып, бірге қосылып дайындала алады.Сонымен қатар тағы бір артықшылығы – көп қазақ күйлерін шетел аспаптарымен астастырып жаздық. Яғни қазақ күйлері пианино және гитара әуендерімен сүйемелденеді, – дейді кітап авторы Панабек Үшкемпірұлы.
Оқушыларға арналған «ARsaz» мобил ьд і д омбыраға арнал ған шығармалар жинағына жалпы 57 күй енген. ІТ-технологиялар дамыған тұста халық өнерін дәріптеп және баланың бойына сіңіруде, жастарды ұлттық өнерге тәрбиелеуде аталған туындылардың үлесі зор болмақ деп сеніммен айта аламыз.
– Қос кітап та жас мамандарға өте қажет деп ойлаймын. Өйткені мектептегі жас мамандар сабақты неден бастарын білмейді. Енді осы кітаптар арқылы бірден өз ісіне еш қиындықсыз кірісе алады. Кітапты шығарудағы негізгі мақсат – қазақтың күй өнерін өлтірмеу және жас буынға үйрету. Мәселен, телефонға телмірген оқушыға кітаптағы нота арқылы күй үйрете алмайсыз. Бұдан былай П.Ахметовтің туындылары арқылы жастарды күйге қызықтырып, ынтасын оятуға болады. Сонда оқушылар QR-код арқылы күйлерді кішкентай күнінен құлағына сіңіріп өседі. Сөйтіп, өзі де оған деген қызығушылығының қалай оянғанын білмей қалады. Екіншіден, мұнда тек домбырамен ғана емес, түрлі аспаптар арқылы сүйемелденіп орындалған күйлер бар. Егер әлемге әйгілі музыка майталмандарының туындыларын домбырамен орындап жатсақ, әл ем хал қы тыңд айд ы емес пе?! – дейді Байзақ аудандық Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Қорғанбекқызы.
Айта кетейік, Панабек Ахметов 1975 жылы 14 ақпанда Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында дүниеге келген. К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің домбыра сыныбында білім алып, 1990 жылы Жамбыл қаласындағы музыкалық училищеге түсіп, оны «Домбыра» мамандығы бойынша 1994 жылы тәмамдаған. Сол жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға қабылданып, Қаршыға Ахмедияровтың сыныбында 1999 жылы «Оркестр орындаушысы және жеке домбырада орындаушы, оқытушы» мамандығын алып шыққан.
Қазіргі таңда шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінде жұмыс істейді.
– Биыл 14 жасқа толамын. Қолыма алты жасымнан бастап домбыра алдым. Қазіргі таңда 40-қа жуық күйді шерте білемін. Арманым – болашақта кәсіби домбырашы болу. Қазіргі таңда күйші және күй шертетін адам көп. Бірақ сол күйді тану, оның шежіресін хатқа түсіру деген мәселе кенже қалып тұр. Сондықтан жай ғана күйші емес, домбыра тартуды мамандық ретінде қабылдап, сол мамандықтың мықты бір иесі болғым келеді, – дейді автордың шәкірті Тамир Русланов.
Иә, ұшқан құстай дамыған заманмен ілескен қазақтың күй өнері де сан салалы болып жетіліп, өсіп-өркендеп отырса, неге қуанбасқа?! Біздің ұлттық музыкамызды әлемге танытудың бірден-бір жолы дәл осындай заманауи техникаларды пайдалану және оны насихаттау екенін ұмытпасақ екен қашанда.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала