«Кітап оқу трендке айналып келеді»
Кейінгі 3-4 жылда қазақ тілді кітап нарығының саудасы қызып, кітап дүкендері мен баспалары біртіндеп көбейе бастады. Соның бірі Тараз қаласындағы – «Аinur books» кітап дүкені. «Дос-Нар» сауда үйінде орналасқан кітап дүкенінің иесі Айнұр Түлкібаевамен жолығып, бүгінгі кітап нарығында қандай шығармалар сұранысқа ие және қандай кітаптар қазақ тіліне аударылып жатқаны жайлы сөйлескен едік.
– Әдетте қыз-келіншектер тігін не болмаса кондитерлік цех ашып жатады. Қаншама қаракөздеріміз сұлулық салонын ашты. Сіз неліктен кітап дүкенін аштыңыз?
– Кәсіп ашайын деген, оның ішінде кітаптан бастайын деген ой болған жоқ. Өзім қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Тоқыма өнеркәсібі, инженер-технолог» мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Университет қабырғасында жүріп, өз мамандығым бойынша алғашқы өндірістік тәжірибеден Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде және Алматыдағы Алматы мақта комбинатында өткен болатынмын. Кейін оқуды тәмамдағаннан кейін «Алматы мақта комбинатына» жас маман болып жұмысқа тұрдым. Мамандығым бойынша 18 жыл жұмыс істедім. Егер кітап саласы бойынша айтатын болсам, осы кәсіпке 2018 жылы келдім. Неге десеңіз кітапты бала кезімнен жақсы көретінмін. Жата жастана кітап, газет-журнал оқитын ұрпақ өкілдерінің бірімін. Анамыз «Түн болды, ұйықта!» десе де, көрпені бүркеніп алып кітап оқитынмын. Үйдің үлкендерінен «Көзіңді құртасың» деген ұрыс та естіген кезім болған. Қазір тұрмыстамын. Біраз жыл бұрын отбасы жағдайымен Таразға қайта оралдық. Үйде бос қарап отырмайын, өз кәсібімді бастайын деп шештім. Көп ойланбай «Дос-Нар» сауда үйінен кітап дүкенін аштым. Осылай жұмысым басталды. Ақырындап баспалармен келісе бастадым. Біразымен келісімшарт та жасастық. Қазір дүкенім жақсы табыс әкеледі деп айта аламын. Оның үсітіне «Instagram» әлеуметтік желісіндегі (ainur_books) парақшамыз арқылы онлайн сауда да жақсы жүруде. Аяқ алысымыз жаман емес. Жалпы білімге жұмсаған қаржы әрдайым еселеніп келеді ғой. Содан болар, оқырмандарымыз баршылық. Шүкір!
– Оқырмандар арасында қандай кітаптар өтімді болып тұр, қай авторлардың туындылары жиі сатылатады?
– Көбіне басқа дүкенде жоқ кітаптарды сатып алуға тырысамыз. Қазақ әдебиеті, әлемнің классик жазушыларының шығармаларын және бизнес бастауға арналған, мотивация беретін кітаптарды жиі алып келеміз. Соңғы кезде психологиялық кітаптардың да санын арттырдық. Мұның өзі адам тартуға біраз ықпалын тигізуде. Жанрлар бойынша қазір бизнес бастауға қатысты, жігер беретін «Кәсіпкерлік шыңы», «Екінші болма» секілді мотивациялық кітаптар жақсы өтеді. Қазақ классиктерінің «Абай жолы», «Шыңырау», «Қан мен тер», «Ұлпан», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Көшпенділер» секілді романдары, прозалары әлі де өтімді.
Оқырмандардың дені Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» сұрайды. Осы автордың «Оң қолы» да өте жақсы сұраныста. Әкелсең бітіп қалады. Мұны ел бекер сұрамайды. Себебі біз айтып отырған шығармалардың барлығы ортаңқол дүние емес. Елге пайдасын тигізер берері мол, әдебиетте мойындалған шығармалар. Қыз-келіншектер жағы махаббат хикаялары жайындағы әдебиеттерді жиі сатып алса, ер-азаматтар, әсіресе жастар детектив, фантастика жанрындағы кітаптарды жиі оқиды.
– Шетел әдебиетінің шығармалары ше?
– Жоғарыда айтылғандай қорда негізінен мотивация, психология және бизнес туралы кітаптар қамтылған. Орыс тіліне аударылған шетел әдебиеті жақсы сұраныста. Дегенмен қазіргі жастар кәсіпкерлікке бағдар беретін кітапты жиі алады. «Зеленая миля», «Побег из Шоушенка», «Улыбка пересмешника», «Дориан Грей», «Джейн Эйр», «Алхимик», «Мастер и Маргарита» секілді шетелдік бестселлерлер де сұралады. Бұл қазіргі жастар тілімен айтсақ трендте жүрген кітаптардың бір парасы ғана. Қай кезде де жақсы кітап үлкен қызығушылыққа ие. Осы ретте мынадай бір мәселе көтергім келеді. Жастар шетел туындыларын оқиын десе, көбіне қолына тиетіні орыс тіліндегі нұсқасы ғана. Қазақша нұсқасы некен-саяқ. Болса да сапасыз аударылған кітаптар көп. Сондықтан шығарма кәсіби деңгейде, түсінікті тілде аударылса деген тілегіміз бар.
Тапсырыс қабылдаған соң оларды бір аптада сырттан алдырып, оқырманға жеткізіп бере аламыз. Оқырман оның ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде де кітаптарды алдырта алады.
– Балалар әдебиетіне сұраныс қандай?
– Гарри Поттер», «Ведьмак», «Хоббит» секілді фантастикалық жанрдағы кітаптар соңғы уақыттарда айтарлықтай жиі сұралады. Александр Гриннің «Алқызыл желкендері», Носовтың «Дымбілмесі», Марк Твеннің «Том Сойердің бастан кешкендері», Рэй Бредбэридің «Вино из одуванчиков», «Кішкентай ханзада» кітабы өзіміздің классик жазушы Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожасы» жоғары сұранысқа ие. Айта берсең көп. Байқағаным көп ата-аналар дүкенге балаларын ертіп келіп оқығысы келген кітаптарын өздері таңдауға мүмкіндік береді. Әдеби кітаптардан бөлек «Табиғат әлемі», «Ежелгі дүние» «Ғарышқа саяхат» секілді танымдық, ғылыми жинақтар да жиі сұралады.
– Кейінгі уақытта байқағанымыз кітап дүкендері көбейіп жатыр. Бұл кітап оқу қайтадан трендке айналып жатыр дегенді білдіре ме?
– Ия, шынымен де қазір кітапқа құмар жастар көп. Өзіңіз айтқандай трендке айналған. Бұл өте жақсы үрдіс. Технология дамыған сайын бәрі де электронды түрге көшті. Тіпті кітап та электронды түрде. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ иісі аңқыған кітапты қолыңа алып әр бетіп парақтап, жүрегіңмен сезініп оқығанға не жетсін. Сол тамаша кітап оқу дәстүрі қайта жаңғырып келеді. Қуанарлығы кітап жай ғана оқылып қоймайды. Сюжет желісіне қатысты пікірлер туындап, қызу талқыланады. Біз де өз тарапымыздан жастардың, оқырманның сұранысына сай кітаптарды жеткізіп беруге тырысамыз.
– Дүкенге келушілердің жас ерекшеліне тоқтала кетсеңіз?
– Дүкенге 17-40 жас аралығындағы оқырмандар жиі келеді. Оқырмандар өзара пікір алмасып, оқыған кітаптарының әсерімен бөлісіп тұрады. Талғамы бір оқырмандар да осы жерде танысып, достасып жатады. Әдебиет, әдеби орта деген жақсы ғой.
– Кітаптардың бағасына келсек…
– Көлемі мен мазмұнына қарай әртүрлі. Бағалары 1300-1500 теңгеден басталады. Біз «Аруна», «Алматы», «Атамұра» секілді көптеген баспаларға тапсырыс береміз. Ал дүкендерден анда-санда, қажет кітапты таппасақ қана алдырамыз. Сатып алушының да қалтасына ауырлық түспейді.
– Сөз соңында алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Әрине қазіргі жетістігімізге қуанып тоқтап қалмаймын. Мүмкіндік болып жатса кеңейіп, жастар кешқұрым кофе ішіп, бас қосып отыруға қолайлы, кең дүкен ашқымыз келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала