БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚТЫ ОЯТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Бүгінгі таңда «жастар кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылатыны жасырын емес. Мамандар бұған жасөсіпірімдер оқитын жақсы кітаптардың болмауы себеп екенін алға тартады. Сондықтан жастар қызыға оқитын кітаптарды көп таралыммен шығарып, алыс ауылдардағы мектептерге таратудың маңызы зор.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Жоба мақсаты – кітап оқудың мәртебесін, оның белсенділігі мен сапасын арттыру, балалардың мәдени және құзыреттілігін дамыту, жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.
Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі кезінде әлеуметтік желідегі парақшасында аталған жоба жайлы: «Айта кетерлігі кітапхана қоры негізінен оқулықтардан тұрады. Ал көркем әдебиеттің саны аз, олардың басым бөлігі кеңестік кезеңде пайдаланылған идеологиялық сипаттағы кітаптар. Әсіресе қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиет жоқтың қасы.
Көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданатын болады.
Сондай-ақ Ұлттық білім академиясы әдебиет, тіл институттарымен, «Оқулық» орталығымен, Ұлттық ғылыми кітапханамен, Назарбаев зияткерлік мектебімен, «Білім-инновация» лицейімен бірлесіп ұсынылған әдебиеттер тізімін құруға кірісті.
Жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударамыз. Одан өзге кітапханаларды ғылыми фантастика жанрындағы кітаптармен қамтамасыз ету де маңызды» деп жазған болатын.
Жоба 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге аспақ. Яғни жыл сайын мектеп кітапханалары көркем әдебиетпен қамтылып отырады.
Облыс әкімдігінің білім беру басқармасының мәліметінше, «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық, республикалық сипатта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тағылымы мен тәлімі мол шараларға 444 мектептің кітапханалары қамтылып, 537 кітапхана қызметкері, 120 505 оқушы қатысқан.
Жоба аясында Талас ауданындағы «Үміт» қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында да балалардың кітапқа құштарлығын арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылыпты.
– Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Бұдан кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің. Соңғы уақытта халқымыз осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан дабыл да қағылып жатыр. Президентіміз: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», деген болатын. Осыған орай, жастардың қызығып оқитын кітаптарын көптеп шығарып, алыс ауылдардағы мектептерге таратудың маңыздылығын ескере отырып, осы жоба қолға алынды.
Жоба аясында «Үміт» мектеп-интернатының кітапханасында «Буккроссинг – бірге оқимыз: кітаптың айналыста жүруі» атты іс-шара өткіздік. Оған мұғалімдер мен орталықтандырылған аудандық кітапханашылар қатысып, жоғары бағасын берді. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын табатын болады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы сәтті жалғасын тапса, еліміздегі ақын-жазушылардың кітаптары көптеп басылып шығып, ел арасына кең тарайтын болады. Алдағы уақытта «Оқуға құштар мектеп» жобасы кітапқұмар ұлт деген мәртебелі атымызды қайтаруға септігін тигізетін игі бастама екеніне кәміл сенеміз, – дейді «Үміт» қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының кітапхана меңгерушісі Жанаим Жұмабекова.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ел» жобасы аясында, «Білімге құштар колледж» тұжырымдамасы негізінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің кітапханасы да жоспар бойынша әртүрлі іс-шараларды өткізуде.
– Оқу орнында білімгерлерді рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Бүгінде колледж базасында 120 мыңнан аса кітап бар. Оның 1 500-і электронды оқулықтар. Білімгерлердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында барлық оқырман пайдаланатын QR-кодталған кітаптар бұрышын жасап қойғанбыз. Көркем әдебиет қоры 4 мыңның көлемінде. Біздің кітапхана колледждің жетекші бір құрылымдық бөлімі ретінде оқу-тәрбие үдерісіне қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуші білім және ақпарат орталығы болып саналады. Әртүрлі іс-шаралар жастардың рухани жан дүниесін, ой-өрісін байытуға, жоғары эстетикалық талғамын, қоғамдық санасын қалыптастыруға септеседі. Оларды салауатты азамат етіп тәрбиелеуде, адамгершілікке, елі мен жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеуде маңызы зор. Көпшілік іс-шаралар бір сарында емес, үнемі өсіп, өзгеріп, жетілдіріліп отырады. Олардың тақырыптары еліміздегі болып жатқан түрлі тарихи, саяси оқиғаларға байланысты таңдалады, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің кітапхана меңгерушісі Гулдариха Жаңабаева.
А.ӨЗБЕКОВ
Келесі мақала