Жаңалықтар
18 303 584! «ҚазМұнайГаз» компаниясының осыншама дана жай акциялары 153 миллиард теңгеге сатылды
- author AR-AY
- 12 желтоқсан, 2022
- 253
18 303 584! «ҚазМұнайГаз» компаниясының осыншама дана жай акциялары 153 миллиард теңгеге сатылды
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының (ҚМГ) жай акцияларын ІРО тәсілімен сатып алуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлағанбыз. Инвесторлардың өтінімін қабылдау 9 қарашада басталып, институционалдық инвесторлар үшін 30 қарашада, бөлшек инвесторлар үшін 2 желтоқсанында аяқталды.
Жақында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы (Қор) және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 8 желтоқсан күні «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (Astana International Exchange, AIX) биржасында және Қазақстан қор биржасында (KASE) «ҚазМұнайГаз» акцияларының қайталама сауда-саттығының басталғанын хабарлады.
Бұл туралы Қордың Басқарма төрағасы А.Сәтқалиевтің, ҚМГ Басқарма төрағасы М.Мырзағалиевтің, Astana International Exchange (AIX) Басқарма төрағасы Р.Бектуровтың, «Қазақстан халық банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ү.Шаяхметованың, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Т.Турловтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Айта кетсек, IPO барысында ҚМГ акцияларына жазылу 2 желтоқсан күні аяқталған болатын. Ал оның алғашқы қорытынды нәтижеері 6 желтоқсанда белгілі болды. Жазылу науқаны барысында инвесторлардан 181 миллиард теңгеден астам сомаға 129 мыңнан аса өтінім келді. Осы өтінімдерді талдай келе 153 миллиард теңгеден астам сомаға өтінімдерді қарастыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, аталмыш IPO барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы «ҚазМұнайГаздың» 18 303 584 жай акциясын сатты. Бұл «ҚазМұнайГаз» ұсынған жай акциялардың жалпы санының 3 пайызын құрады.
Қазақстан азаматтарының өтінімдері – 74,6 миллиард теңге сомасына 48,5 пайыз, қазақстандық заңды тұлғалар өтінімдері – 72,7 миллиард теңге сомасына 47,2 пайыз, шетелдік жеке және заңды тұлғалар өтінімдері 6,6 миллиард теңгеге 4,3 пайыз болды.
– Қазақстан қор нарығының тарихында «ҚазМұнайГаз» акцияларының алғашқы жария ұсынысы қазақстандық қор биржаларында ғана листингі бар ең ірі жергілікті IPO болды. Бұл IPO Қор мен ҚМГ өткізген ауқымдық дайындық жұмысының, қаржы секторындағы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуының арқасында сәтті өтті. Дамыған цифрлық технологиялар жеке тұлғалардың өтінім беруін, сондай-ақ Қор мен ұлттық компанияның инвестициялық қауымдастық алдындағы ашықтығын айтарлықтай жеңілдетті. Ең алдымен Қазақстан азаматтарының өтінімдеріне басымдық беріліп, олар толық көлемде мақұлданғанын атап өткім келеді. Қор мен ҚМГ компанияны дамыту және корпоративтік басқаруды одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысын жалғастырады, – деді Қордың Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстанда алғаш рет Tabys мобильді қосымшасы және «Қазпоштаның» бөлімшелері арқылы тікелей жазылу құралы пайдаланылды. Тікелей жазылу үшін акцияларға өтінімді тікелей акционерге – Қорға беру мүмкіндігі бар. Осының арқасында, сондай-ақ жекелеген екінші деңгейлі банктердің және брокер-дилерлік ұйымдардың мобильді қосымшалары арқылы брокерлік компаниялардың өкілдері жоқ өңірлер мен шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары IPO-ға қатыса алды. Тікелей жазылу әдісімен 1 миллиард 500 миллион теңгеге шамамен 6 мың өтінім берілді.
– Біз үшін бұл компания дамуындағы жаңа кезеңмен қатар үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ондаған мың қазақстандық, отандық және шетел инвесторлары бізге сенім артып, «ҚазМұнайГазбен» бірге болуды шешті. Бұл ретте компания бүгінгі жергілікті биржаларға тұрақты өндірістік және қаржы көрсеткіштерімен, теңгерімді және түрлі активтер портфелімен, жақсы халықаралық кредиттік рейтингтерімен шығып отыр. Сонымен бірге біз алдағы қызметімізде ашықтығымызды арттырып, корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарына ұмтыламыз. Компанияның ұзақ мерзімді перспективасында акционерлердің игілігі үшін өсіп-өркендеу жолында бар күш-жігерімізді саламыз, – деді ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Сондай-ақ ҚМГ IPO-сын өткізу барысында банктердің мобильді қосымшаларының жұмысы мен олардың табыстылығы туралы «Қазақстан халық банкі» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова айтып берді.
– Ең алдымен «ҚазМұнайГаз» IPO-сы отандық қор нарығы үшін айтулы оқиға болғанын ерекше айтып өткім келеді. Бұл қаражат жағынан да, берілген өтінімдер саны бойынша да – ірі отандық бастама болып отыр. Бұл ретте ұсынылған көлемнің жартысынан көп бөлігі жеке сегментке тиесілі, олардың сұранысы толық көлемде өтелді. Шамамен 90 мың өтінім, яғни жалпы берілген өтінім санының 70 пайызы Halyk Homebank қосымшасындағы Halyk Invest сервисі арқылы жолданғаны бізді қуантып отыр. «ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатысу үшін цифрлы каналдарды пайдаланған жалпы адамдар саны бөлінісінде банкіміздің клиенттері үлесіне қарайтын болсақ, барлық жаңа жеке инвесторлардың 53 пайызы біздің қосымша арқылы компанияның акционері атанды. Жалпы еліміз үшін бұл алғашқы цифрлы IPO болса, біздің банк үшін – жеке брокеридж сегментіндегі алғашқы ауқымды жұмыс тәжірибеміз. Меніңше, «Самұрық-Қазына» қоры да, біз де қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап шықтық. Енді Halyk банк жеке инвестициялар сегментінің толық құқылы және маңызды қатысушысына айналды деп сеніммен айтуға болады, – деп мәлімдеді Ү.Шаяхметова.
Қазақстан Республикасының азаматтарынан келген өтінімдер толық қабылданғанын атап өткен жөн. Бұл ретте мәміле үйлестірушісі мен букранерлердің бірі – Freedom Broker – жазылу кезеңінде 90 153 миллиард теңгеге өтінім жинады, оның ішінде өтінімдер 67 153 миллиард теңге cомасына қарастырылды.
– Бұл «ҚазМұнайГаз» IPO-сы ұзақ уақыт үзілістен кейінгі Қазақстанның ішкі нарығы тарихындағы ең ауқымдысы болып отыр. Ол біздің қор нарығымызды біраз сілкіндіріп, жаңа жеке инвесторлар легінің келуіне әсер етті. Клиенттеріміздің акцияларға деген үлкен қызығушылығын байқадық. Бұған осы кезге дейін қалыптасқан цифрлар дәлел. Жазылу науқаны кезінде Freedom Broker 90 миллиард теңгеге өтінім жинады. Бұл жалпы соманың жартысы. Оның ішінде өтінімдер 67 миллиард теңгеге қарастырылды, бұл мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасының 44 пайызын құрады. Шикізат секторы инвесторларды қашанда қызықтыратыны рас. Біз қайталама нарықта да «ҚазМұнайГаз» қағаздарына қазақстандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық болатынын болжап отырмыз, – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Осылайша қазақстандықтар ҚМГ жай акцияларының жартысына жуығын сатып алып, отандық қор биржасының жаңа белесінің қалыптасуына үлес қосып отыр.
– Біз дивидендтердің ең төменгі деңгейіне кепілдік беретініміз туралы айтып едік, бірақ біз компанияның нақты қызығушылықты және қор нарығына қатысушылардың ұлттық компанияны иеленуден нақты пайда алуды қамтамасыз ету мүмкіндігіне негізделген дивидендтер төлеуді барынша арттыру мүмкіндігін қарастырамыз, – деді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Astana International Exchange (AIX) баспасөз қызметі түсіндіргендей, акциялар ҚМГ белгісімен саудаланады және теңгемен есептеледі.
AIX Басқарма төрағасы Ренат Бектұровтың айтуынша, IPO қорытындысы бойынша бөлінген қаражаттың 96 пайызға жуығы қазақстандық инвесторлардың үлесіне тиді. Жас айырмашылығы бойынша рекорд иелерін 91 жастағы қызылордалық инвестор мен 81 жастағы Атырау қаласының тұрғыны бастап тұр. Ал ең көп соманың, шамамен 19 миллион теңгенің өтінімі инвестор әйелден түскен.
7 желтоқсан күні барлық сатылатын акциялар қабылданған өтінімдерге (қабылданған көлемде) сәйкес бөлінді және тиісті инвесторлардың шоттарына түсті. Олардың шотынан ҚМГ акцияларына төлеуге тиіс қаражат бірден алынды. Жазылу кезеңінде өтінім беруге үлгермеген адамдар ҚМГ акцияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (Astana International Exchange, AIX) мен Қазақстан қор биржасында (KASE) қайталама сауда-саттық басталғаннан кейін нарық талаптары бойынша биылғы 8 желтоқсаннан кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылды.
Акцияларды сату Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысына және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акцияларын бәсекелес ортаға берудің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы №877 қаулысына сәйкес жүзеге асырылуда. Акцияларды иеліктен шығару туралы түпкілікті шешімді Қордың Директорлар кеңесі қабылдады және ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №978 қаулысымен бекітілді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жай акциялары сауда-саттығын үйлестірушілер мен жергілікті букранерлерді де біле жүргендеріңіз жөн. Атап айтсақ, «Halyk Finance» АҚ, «Фридом Финанс» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ және «BCC Invest» АҚ, халықаралық букранерлер – WOOD & Company Financial Services a.s. және Renaissance Securities (Cyprus) Limited сияқты танымал брокерлік компаниялар инвесторларға қызмет етпек.
Қорыта айтсақ, расында осы «ҚазМұнайГаз» компаниясы акцияларының нарыққа шығуына мүдделі болған мамандар сатылым қорытындысына қанағаттанып отыр және осы ІРО-ның аяқ алысы сәтті болғанын айтуда.
Олардың айтуынша, ҚМГ акцияларына деген қызығушылық пен сұраныс күтілген диапазонның жоғары деңгейіне жеткен.
– Біздің ІРО Қазақстан тарихындағы ең ірі биржалық жоба бола алды. Осы кезге дейін қор биржасына шыққан мұндай үлкен компания болған емес. Тіпті біз акциялардың 3 пайызын ғана мақұлдасақ та, нақты цифрларға қарап бұл бастамамыздың ірі орналастыру екенін айта аламыз, – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.
Осыған орайлас мысал келтіре кетсек, кезінде Saudi Aramco компаниясы бастапқы ІРО-ға шыққан кезде небары 1,5 пайыз ғана акциялары сатылған еді. Бірақ ондағы орналастырулар өте үлкен ауқымда еді. Сөйтіп, ІРО қорытындысы бойынша компания рекордтық 1,7 триллион АҚШ долларына бағаланды. Дәл осы сияқты Қазақстанда да әлі ешқандай компания ІРО-ға 11 миллиард доллардан астам капитализациямен шыға алған жоқ. Осы ретте ұлттық компанияның қазіргі жалпы активтерінің көлемі 36 миллиардтан астам АҚШ долларын құрағанын айта кеткен жөн.
Бұл жоба – сөзсіз «Самұрық-Қазынаның» алғашқы «қарлығашы». Қазіргі таңда еліміздің қор нарығында активтердің көлемін анау айтқандай көп деп айта алмаймыз. Кәсіби инвесторларды ғана емес, қарапайым азаматтарды да қызықтыратын активтер керек-ақ. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үлкен тәуекелге бел буып, ҚМГ акцияларын ІРО-ға шығаруы шын мәнінде отандық биржа мен қор нарығының саудасына жан бітіріп, бастауыш трейдерлерді «тірілткені» рас.
Қысқасы ҚМГ акцияларының ІРО-дағы цифрларға көз жүгіртсек, бұл көңіл марқайтуға жеткілікті көрсеткіш. Яғни қазақстандық қор биржасының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ
Келесі мақала