Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Талантты суретші, талапты ұстаз

Талантты суретші, талапты ұстаз
ашық дереккөз
Талантты суретші, талапты ұстаз
Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен. Осындай талантты жастың бірі – Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының «Сырлы әлем» бейнелеу өнері үйірмесінің жетекшісі, облысқа танымал суретші – Тұрар Әбумансұр. Ол Т.Рысқұлов ауданының Сәлімбай ауылында 1997 жылы дүниеге келген. «Бірлес» орта мектебінде тоғызыншы сыныпқа дейін білім алған. Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжін «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу бітірген жылы классификациядан өтіп, суретші шебер атағын қорғап шығады. Бұл – екінің бірі қорғай алмайтын атақ. Мұнан соң 2017 жылы арман қуып Астана қаласына аттанады. Бір жарым жылдай «Шабыт» ұлттық өнер академиясында оқып, мол тәжірибе жинайды. «Шабытта» жүріп қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Димаш Құдайбергенмен танысып, жақсы қарым-қатынаста болғандығын да мақтаныш сезіммен еске алады.  width= Өкінішке қарай, денсаулығына байланысты Жамбылға қайта оралады. Екі жылдай шығармашылықпен айналысып, 2020 жылдан бері Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Көркем еңбек және сызу»   мамандығы бойынша білім алуда . Қазіргі таңда 3-курс студенті. Оқуымен қатар алуан жанрдағы суреттерге, қабырға суреттеріне тапсырыстар алып, табыс тауып жүр. Қаламыздағы «Анаға тағзым» орталығының безендірілуі де өнерлі қылқаламшының қолынан шыққан. Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғалимен 2021 жылы жақын танысып, екеуінің арасында әпкелі-інілі жақсы қарым-қатынас орнайды. Эльмира әпкесінің шақыртуымен бүгінде «Анаға тағзым» орталығындағы «Сырлы әлем» бейнелеу өнері үйірмесіне жетекшілік етіп жүр. Бейнелеуге ебі бар бүлдіршін қыздар мен бойжеткендерге өнердің қыр-сырын үйретумен қатар, халқымыздың қолөнерін, тарихын бағалауды да бойларына сіңіріп келеді.  width=  width= Ұстаздан шәкірт озар» деген мақал жөн айтылған. Тұрардың шәкірттері де ұстазының ізін өкшелеп басып келе жатқан нағыз талант иелері. Үйірмедегі Кәусар Асқарбек, Айдана Мұратбек, Жанерке Бекежан секілді дарынды шәкірттерінің өнері ұшталып, ұстазын қуантып келеді. Және бір оқушысы Алтынай Елубай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне «Графикалық дизайнер» мамандығы бойынша грантқа оқуға түсті. Шығармашылық емтиханнан сүрінбей өтуіне ұстазының үлкен еңбегі сіңгендігі бүкпесіз шындық. Өзі үнемі «Мендегі суретшілік қасиет бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбектің нәтижесі», деп айтып отырады. Шәкірттеріне де осы ұстаныммен өмір сүруді талап етеді. Үйірме тәрбиеленушілерімен бірге талай сурет көрмесін, ауқымды байқаулар өткізіп тұрады. Қазан айында қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай өткізілген іс-шара ауыз толтырып айтарлықтай. Тараз қаласы әкімдігің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени жиында Қала күні қатар тойланды. Мерейтой қарсаңында жас қылқаламшылар арасында байқау жарияланды. Онда «Ай мен Айша» романының желісі бойынша сурет салу міндеттелді. Барлығы 150 суретшінің жұмысы тіркеліп,  үздік деп танылған 33 өнерпаздың туындысы жеңіске жетті. Жас ерекшеліктері бойынша жеңімпаз суретшілерге бағалы сыйлықтар табыс етілді Әдебиет пен өнер тоғысқан салтанатты іс-шараны ұйымдастыру кейіпкерімізге жүктелді. Еңбек демалысынан жаңа шыққан жігітке бір айдың ішінде мерекелік кешке дайындалып, әрі байқауды өткізу оңайға соққан жоқ. Жас қылқаламшылардың өнерін бағалап, кешті ұйымдастыру үшін алдымен қайраткердің өмірімен, «Ай мен Айша» романымен толықтай танысып шығады. Әдебиет пен мәдениеттің көрнекті өкілдері бас қосқан іс-шара абыроймен өтіп, қылқаламшылар байқауында өзінің де шәкірттері жасындай жарқырап жүлделі орыннан көрінеді.  Бұл жөнінде Тұрар: «Ай мен Айша байқауын   «Анаға тағзым»  орталығының ұйымшыл ұжымының арқасында өткіздік Бұл іс-шара маған үлкен сабақ болды. Талай нәрсеге көзім ашылып, көп нәрсені үйрендім», дейді мақтаныш сезіммен.  width=  width=  width= Дана халқымызда «Ат тұяғын тай басар» деген мәтел бар. Десе дегендей, кейіпкеріміздің бойындағы өнер анасынан дарыған деуге болады. Бағыт-бағдар беріп, жөндейтін тұстарын айтып отыратын ақылшысы – анасы. Фарида Рахметілдаева тек дарынды суретші ғана емес, ұлттық өнерді жандандырып жүрген қолөнерші. Сәлімбай ауылындағы «Бірлес» орта мектебінде ұзтаздық етеді, технология пәнінен мұғалім. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан қолөнер бұйымдарын шебер жасайды, ши тоқып, сырмақ өреді. Мына бір қызықты қараңыз, баласы білім алып жатқан оқу орнын анасы да сол мамандық бойынша бітірген екен. КСРО кезінде «Бейнелеу өнері», «Технология», «Сызу» деген үш пәнді оқытқан. Ф.Рахметілдаева анамыз аталған үш пән бойынша білім алған. Тағы бір сәйкестік, кураторы Сәуле Бектөреқызы анасынан екі курс жоғары оқыған. Бір-бірін жақсы таниды. Ал өнердегі ұстазы, жетекшісі Айдархан Сихаев бір кездері қазіргі шәкіртінің анасына да білім берген. Әкесі – мал дәрігері. Бұл әулетті мал дәрігерлерінің династиясы деуге келеді. Атасы Әбумансұр да мал дәрігері болған. Атасының жолын әкесі Ерлан қуса, өзінен басқа бауырлары да осы саланы таңдаған.  width=  width=  width=  width=  width= Тұрар Ерланұлы қазақтың Әбілхан Қастеев, Ағымсалы Дүзелханов, Айша Ғалымбаева, шетелдің Сальвадор Дали, Ван Гог, Леонардо Да Винчи, Фридо Калло сияқты ұлы суретшілерінің туындыларын ұнатады. Сиқырлы өнердің өкілі суретті бес жасынан бастап сала бастаған. «Кішкентай болсам да суреттерім тәуір шығатын. Бала кезімде салған суреттерімді әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Оқушы кезімде мектептегі бар іс-шараға атсалысып тұрдым. Мектепті безендіру, қабырға газетін шығару, плакаттар жасау, күзгі балға сәнді костюмдер дайындау сынды жұмыстардың барлығы менің қолымнан шығатын», дейді ол. Бейнелеу өнері пәнінен сабақ берген Меруерт ұстазынан да алған тәлімі үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Түрлі байқауларға қатысты. Ең алғашқы жеңісі әлі күнге есінде. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезі. Сол жолғы байқауға қатты дайындалды. Таңға дейін көз ілмей отырып конкурсқа ұсынатын туындысының он екіден астам этюдтарын салып, экскиздерін дайындайды. Бір суретіне тау салып көрсе, біріне жарық түсіріп дегендей. Аудандық жарыс болса да үлкен құлшыныспен қатысады. «Дарын» мектебі, гимназияның оқушылары бақ сынасқан байқауда бұл шағын ғана ауыл мектебінің намысын қорғап, екінші орынды иеленеді. Сол орын кейіпкеріміз үшін алтынмен тең. Мұнан кейін де талай мәрте топ жарып республикалық, халықаралық жарыстарға қатысты. Бірақ осы бір ең алғашқы жеңісі жүрегінде айрықша сақталып қалған. Осы уақытқа дейін қолынан шыққан туындыларының ішінде жанына ең жақыны – Ыбырай Алтынсаринның портреті. Бұл жұмыстың ерекшелігі сол, сурет толықтай шегемен бейнеленіп, жіп арқылы көркемделді. Үлкен табандылықты, қажырлы еңбекті қажет еткен осы туындысын ерекше бағалайды.  width= Талантты суретші шабытты туған ауылынан, оның көз сүйсінтер әсем табиғатынан, шыңын ақ қырау шалған мұнар тауларынан, кең далада көсіле шапқан арғымақтардан, туған-туыстарынан алатынын айтып қалды. – Бейнелеу өнері – адам қиялының шексіздігін көрсететін өнер түрі. Өнер саласы болғандықтан суреттер ұқсастығы мен ерекшелігіне байланысты бірнеше ағымдарға, жанрларға бөлінеді. Графика болсын, мейлі қолданбалы өнер, портрет, пейзаж болсын барлық жанрда сурет сала беремін. Ағымдардың ішінде жаныма жақыны – импрессионизм. Бұл бағыттың өкілдері шынайы әлемді сол қалпында бейнелеуге тырысады. Демек, алған әсеріңді сол қалпында бейнелеу. Импрессионизм бағытындағы кейіпкерлердің «тірілігі» сақталады: көліктер қозғалып жатады, адамдар серуендеп, жылқы шауып барады дегендей. Көбінесе мен табиғатты, әсіресе жылқыларды, жан-жануарларды бейнелегенді ұнатамын. Заманауи сурет салу тәсілдері де маған жат емес. Аниме, анимация жанрына да қылқалам сілтеп тұрамын. Бейнелеу өнерінде жүргендегі басты миссиям – халқымыздың бай мұраларын насихаттау. Жақында ғана Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ-дың студенттерінен құралған делегация құрамымен Өзбекстанның Самарқан қаласына «Ғылым мен білімді» дамыту тақырыбында VII ғылыми симпозиумға қатысып қайттым. Іссапарда жүріп байқағаным, өзбек ағайындар тарихи мұраларын қатты құрметтейді. Ұлттық колориттерін жоғалтып алмас үшін барынша жұмыс істеп жатыр. Туризм жақсы дамыған. Ұлттық тағамдары палаудың, күлше нандарының жүзден астам түрі бар. Біздің қазақтың да тарихи мұралары жетіп артылады. Қобыз, домбыраны былай қойғанда, әлі халық біле бермейтін қаншама музыкалық аспап түрі бар. Оны мен Алматыдағы мұражайға барғанда өз көзіммен көріп қатты таңғалғанмын. Оюларымыз, қолөнер бұйымдарымыздың өзі неге тұрады? Самарқан сапарынан үлкен оймен оралдым. Өздеріңіз білесіздер, Тараз ЮНЕСКО көлемінде қолөнершілер қаласы болып танылды. Екі мың жылдан астам тарихы бар сүйікті қаламыздың туризмін дамыту үшін нендей үлес қоссам болады деген сұрақ маза таптырмай жүр. Бұйырса қаламыздың брендіне айналатын ерекше «сувенир» жасап шығарғым келеді. Тағы бір айта кетер жайт,біз, суретшілер елімізде болып жатқан өзекті тақырыптарды назардан тыс жіберіп алмауға тырысамыз. Өтпелі кезеңнің қиындығын көрген қара халыққа өнерімізбен қолдау көрсетіп, жігерлендіріп келеміз. Соңғы уақытта орын алған қайғылы апаттар, Қаңтар оқиғасы, Қостанайдағы өрт, қазіргі Екібастұздағы жағдайға байланысты салған туындыларымды әлеуметтік желіде «Біз біргеміз!», «Күшіміз – бірлікте!», өзімнің жеке «аrtbyTurar» секілді хэштегтермен бөлісіп отырамын. Cурет салу процесімді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге бөліскенімде көп оқырман репост жасап жатады. Жалпы сурет салу барысында қажетті атмосфераны жасап алу да маңызды. Сондықтан салатын суретімнің желісіне қатысты музыка тыңдаймын. Қазақы нақыштағы сурет болса, күй, жаңа бағыт болса, заманауи әндер тыңдаймын, – дейді қылқалам шебері.  width=  width=   Ғажайып туындыларымен талайды таңғалдырған таланттың алдына қойған мақсаттары айқын. Жақын күндерде өзіндік стилін қалыптастырған қылқалам шебері жеке көрмесін ұйымдастырып, шеберлік сағатын өткізіп, суреттер сериясын жазуды жоспарлап отыр. Әлеуметтік желілер арқылы бейнелеу өнеріне қызығушылы бар жандарға сурет салуды үйрететін «Uiren online» жобасын қолға алуда. Ғаламтор кеңістігіндегі қазақша контентті дамыту мақсатында басатағалы отырған жоба желі қолданушыларының қызығушылығын оятады деген сенімдеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар