Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жыл санап су тапшылығынан құтылып келеміз

Жыл санап су тапшылығынан құтылып келеміз
ашық дереккөз
Жыл санап су тапшылығынан құтылып келеміз
«Amanat» партиясының мүшесі ретінде 2019 жылы ел сенімімен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Бұған дейін аудандық мәслихаттың 5-6 шақырылымының депутаты болған едім. Сол тұста да, одан кейін де сайлауалды бағдарламама қойған мақсаттар мен сайлаушыларыма берген барлық міндеттемелерімді, «Amanat» партиясының алдыңғы съездерінің шешімдері мен тапсырмаларын, Үкіметтің негізгі бағдарламаларын басшылыққа ала отырып орындау үстіндемін. Осылайша өткен сайлауалды бағдарламамда көтерілгендей аудандағы ауыл аралық жолдардың асфальтталуына, балабақшалардың ашылуына, елді мекендерге табиғи газ құбырының тартылуына, шаруалардың пайызы төмен несиемен қамтылуына күш салып келемін. Диқан қауымның көп жылдан бері көрші мемлекетпен арадағы су таласына түскен Көксай каналының жаңа арнасының жасалуына бастамашы болдым. Бұл мәселе биліктің араласуымен шешіліп, бүгінде каналдан 1664 гектар алқап ылғалдандырылуда. Біз шекаралас аудан ретінде биліктің қамқорлығын сезініп отырмыз. Бір кезде аудан атын республикаға танытқан екінші нан атанған картоп өсіруді мықтап қолға алдық. Бұрын бізге Көксай каналының суын еркін пайдалану арман болып қалған еді. Бұл мәселе Мемлекет басшыларының араласуымен оң шешімін тапты. Енді одан келетін каналдар суды диқандарға шығынсыз жеткізу үшін бетондалу үстінде. Таласқа түскен Көксай каналы біз үшін тіршіліктің көзі болып келген. Болып та қала береді. Осы каналдан ауданымыздың Ақтөбе, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің диқандары су ішеді. Егін жайларын суғарады. Мұнда ауыл диқандарының суғармалы екі мың гектарға жуық алқабы бар. Бұрын Көксай каналының 12,5 шақырымы көрші Қырғыз Республикасының аумағымен өтетін. Жол жөнекей қырғыз бәйкелері жаз бойы канал суына ортақтасып, төменде отырған бізге су жетпей қалып, судан таршылық көруші едік. Соның салдарынан соңғы бес-алты жыл көлемінде жақсы өнім жинай алмай келдік. Осы мәселені аудандық, облыстық деңгейде көтеріп, облыс әкіміне шықтық. Біздің көтерген мәселе облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, олар Үкіметке жолдаған болатын. Үкіметтен 5,3 миллиард теңге қаржы қаралып, тау етегінен 18 шақырымды құрайтын, диаметрі 120 сантиметрлік темір құбыр тартылды. Каналға кіреберістегі биік төбені жарып жол салынды, құбыр тарттылды. Сондай-ақ тау суын ысырапсыз пайдалану мақсатында ені 100, ұзындығы 200 метр, тереңдігі 5 метрлік бассейн салынды. Бүгінде ол нысанның игілігін аудан диқандары көріп отыр. Аудан диқандары бүгінгі таңда картоп алқабын едәуір арттырды. Қазір біздің картоп алқаптары Көксай каналының суын ішуде. Көксай каналы іске қосылғалы өнім де артты. Міне, бүгінде аудан диқандары картоп алқаптары мен бау-бақшаларына су жеткізіп отырған жаңа каналдың да игілігін көргеніне де жеті жылдың жүзі болыпты. Бүгінгі таңда Үкіметтің бұл қамқорлығына біз іспен жауап берудеміз. Мен бұған дейін де аудандық мәслихат депутаты, қазір облыстық мәслихат депутатының бірі ретінде аудан диқандарының мұң-мұқтажы мен проблемасын көтеріп келгенмін. Әлі де жұмыс істей беремін. Ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіруге, сөйтіп жаңа техника алып, жаңа технологиямен жұмыс істеуге, жер мен суды барынша үнемді пайдалануға үгіттеп жүрмін.

Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Злиха» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар