Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мамандық таңдау – тағдырыңыздың бір кірпішін дұрыс қалау

Мамандық таңдау – тағдырыңыздың бір кірпішін дұрыс қалау
ашық дереккөз
Мамандық таңдау – тағдырыңыздың бір кірпішін дұрыс қалау
Жуырда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында ұйымдастырылған «Жұмыс беруші күніне» орай Жамбыл жоғары медициналық колледжінде әлеуметтік серіктестермен «Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау!» атты кездесу өтті. Оған жұмыс беруші медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. Кездесудің мақсаты – медициналық колледж студенттерін облыстағы медициналық ұйымдардың басшыларымен кездестіріп, болашақ маманның негізгі қызметін, даму перспективаларын, жұмыс берушінің мамандарға қоятын талаптарын таныстыру. Сонымен қатар оқу орнын бітіруші студенттердің жаңа жұмысқа орналасуы үшін қажетті мәселелер талқыланып, медициналық ұйым туралы ақпараттар айтылды. Іс-шараны Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жәмила Сарыбекова алғы сөзбен ашып беріп, артынша №3 арнайы пәндер циклдік әдістемелік комиссия төрайымы Алтынай Парманова «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында баяндама оқыды. Тараз қалалық №5 емхананың бас дәрігері Динара Сәрсенова, №6 қалалық емхананың бас дәрігері Дүйсенкүл Керімбаева, №7 қалалық емхананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов, №9 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжахан Рәпілбекова білімгер жастармен емен-жарқын әңгімелесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ «Садыхан» облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығының бас дәрігері Ажаркүл Ысқақова, облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Гүлжазира Адамбаева және өзге де денсаулық сақтау саласының өкілдері студенттермен пікір алмасты. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық көпбейінді аурухана, №5 қалалық емхана сияқты колледждің әлеуметтік серіктестері студенттерді жұмыс тәжірибесімен таныстырып, презентациялар көрсетті. Кеш қонақтары мен студенттер арасында кері байланыс орнағаны да айтуға тұрарлық. Студенттер көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап іздеп, білікті мамандардан кеңес алды. Реті келгенде айта кетейік, Жамбыл жоғары медициналық колледжі медицина қызметкерлерінің жаңа буынын жоғары деңгейде дайындауға барынша күш салуда. Бұл бағытта оқытудың жаңа бағдарламалары және ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметпен айналысуға мүмкіндігі бар мамандықтар енгізілді. Осы жаңалықтардың барлығы білім алушылардың Қазақстанның медициналық білім беру кеңістігіне енуіне жол ашып, конвертациялы дипломдармен қамтамасыз етеді. «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» деп ұлы ойшыл Әл-Фараби айтқандай, біздің түлектер болашақ мамандығын жоғары моральдық құндылықтарды сақтай отырып, бар білімі мен біліктілігін халыққа адал қызмет етуге арнайды деп үміттенеміз.

Құралай АНДАҚҰЛОВА, Жамбыл жоғары медициналық колледжі директорының оқу-тәжірибе ісі жөніндегі орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар