Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҮЙМЕКЕНТТІК ЖАСТАР ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙДЫ

ТҮЙМЕКЕНТТІК ЖАСТАР ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙДЫ
ашық дереккөз
ТҮЙМЕКЕНТТІК ЖАСТАР ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙДЫ
Табиғат – бізді қоршаған орта. Адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Бүгінгі таңда адамзатты Жер шарында халық санының өсуі, орын алып жатқан түрлі апаттар, жаһандық жылыну сынды проблемалар толғандыруда. Бұл жайттар өз кезегінде экологиялық ахуалға кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Халқымыз табиғатқа айрықша құрметпен қараған. Ата-бабаларымыз «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Жері байдың – елі бай», «Туған жер – алтын бесік» деп, ұрпақтарына табиғатты аялауды өсиет етіп, туған жерін, өзен-суын, тауы мен тасын берекенің бастауы деп қастерлеген. Сондықтан қоршаған ортаның тазалығын сақтап, оған жанашырлықпен қараудың, қамқорлық жасаудың маңызы жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылда ормандарда 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырған болатын. Осыған орай Түймекент ауылдық округінде ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл игілікті іске түймекенттік жастар да өз үлестерін қосуда. Округ бойынша ұйымдастырылған сенбіліктер аясында Түймекент, Ақжар елді мекендерінің төңірегіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, түймекенттіктер өз ауласын тазалап, арық-атыз, бұлақ көздерін ашуға жұмылдырылды. «Бір тал кессең, он тал ек» акциясын қолдау үшін түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, күл-қоқыстар шығарылды. Бұл өз кезегінде экологиялық жағдайды қалыпты сақтаумен қатар, адамның салауатты өмір сүруіне ықпал етіп, денсаулыққа пайдасын тигізері анық. Қазіргі таңда қолға алынған «Жасыл Қазақстан» жобасының мақсаты –өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту, халық тұратын аймақтың табиғатын сақтау екені баршаға белгілі. Осының аясында ауаның ластанбауы, судың тазалығы, тіршілік етіп жатқан мекеніміздің өмір сүруге қолайлы болуы, соның ішінде табиғат байлығын үнемді пайдалану, қоршаған орта мәдениетін қалыптастыру, «Жасыл» экономика қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында ауыл жастарының бастамасымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ өсіп келе жатқан жас буын бойында туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін оятатын «Туған жерді аяла!», «Қоқыс тастама!», «Тазалықты сақта!» атты іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік желі арқылы челлендж жолданды. Табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу – баршамыздың міндетіміз. Себебі адам баласы табиғаттан тысқары өмір сүре алмайды. Біздің әрбір басқан қадамымыз, әрбір істеген ісіміз табиғатпен тығыз байланысты. Сол себепті ол біздің өмірімізде ерекше орын алады. Олай болса, қоршаған ортаға, табиғатқа, тіршілікке жанашырлықпен қарап, аялап-қорғауға әрқайсысымыз үлесімізді қосайық дегім келеді.

Сымбат ЖИЕНАЛИЕВА, Түймекент ауылдық округі жастар ісі жөніндегі аға инспекторы, Байзақ ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар