Жаңалықтар
Әлихан Смайылов Екібастұздағы жағдай бойынша Президентке есеп берді
- author AR-AY
- 7 желтоқсан, 2022
- 122
Әлихан Смайылов Екібастұздағы жағдай бойынша Президентке есеп берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Arainfo тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Қабылданған шаралар қаланы қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізді. Екібастұзға келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға жедел басшылық жасау тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы Үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді.
Сондай-ақ Үкіметке Екібастұзда және басқа да елді мекендерде қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, жекешелендірілген энергетикалық активтерге және олардың иелерінің жауапкершілігіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Президент Үкімет пен құқық қорғау органдарының барлық жұмысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті», - делінген хабарламада.
Еске салайық, Екібастұздағы апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб бүгін таңертең қаладағы барлық үй жылуға қосылғанын мәлім еткен болатын.
27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді. Қала оқушылары онлайн оқуға көшірілді.
28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.
Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр апат салдарын жою жұмыстары аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды
Фото: akorda.kz