Таразда алаяқтан зардап шеккендер көп
Қай кезде де қоғамда адамшылық қасиетке кереғар өмір сүретін пенделер болады. Мәселен, біреудің біреуге жала жабуы немесе өзгенің мүлкін ебін тауып пайдаланып кетуі, ұрлық-қарлық, жемқорлықпен айналысып, қаржы жымқыруы, алаяқтық жасауы секілді қылмыстарға саналы түрде баруы бұл сол пенделердің адалдық, азаматтық, мейірімділік секілді басқа да адамға тән асыл қасиеттерден жұрдай болуын көрсетеді.
Мұны әсте базбіреулер нарыққа негізделген заманның қиындығынан, тығырыққа тірелуінен көрсе, тағы бірі «Ақша не істетпейді!» деп құлқынның құлы болуымен байланыстырып жатады. Бірақ бұл, түптеп келгенде, адамның тәрбиесінің төмендігі мен рухани тұрғыда жұтаңдығынан, азғындауынан болатын жайт. Міне, рухани жағынан жұтаң адамдар не нәрсеге болса да қымсынбай баратыны сондықтан. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, редакциямызға бір оқырман жыларман болып хабарласқан еді. Жас келіншектің айтуынша, алдап соққан танысы.
– Бұл жаз айында болған оқиға. Біз жас отбасымыз. Таразда күйеуім екеуміз пәтер жалдап жұмыс істеп жүрдік. Алаяққа алданғаннан кейін көп уақыт өтпей Қордай ауданына қайта көшіп кеттік. Ол әйел негізі күйеуімнің достары жағынан таныс болып келеді. Алаяқ күйеуім екеуміздің сенімімізге кіріп, «Төмен пайызбен несие әперемін» деп, телефонымыздағы жеке мәліметтерді пайдаланып онлайн кредитке өтініш тастап, атымыздан 1 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеген. Басында ол: «Сендерге ақша шықпады», деді. Біз сол сөзге сендік. Алайда екінші деңгейлі бір банкке берешек болып шыға келгенімізді кейін білдік. Ол жалғыз бізді емес, көп адамды алдаған. Алаяқтығы бойынша жазда күдікке ілініп, үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Сол кездері облыстық полиция департаментінің «Таразда алаяқтық жолмен 47 миллион теңгені иемденген әйел ұсталды» деген мәліметі де тараған. Онда алынған несиелер сомасы 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін құрайтыны айтылған еді. Жалпы шығын 47 миллион теңгеден астам қаржы екені де көрсетілген. Бірақ оның алдаған адамы да, иемденген қаржысы да бұдан көлемді екеніне сенімдімін. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни алаяқтық әрекеті бойынша тергеуге алынған еді. Бұл іс тым ұзаққа созылып кетті. Ол жазасын алар. Бірақ біздің банкке берешегімізді кім өтейді? Осы жағы алаңдатып отыр, – дейді Жадыра (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) есімді қордайлық тұрғын.
Бұдан бөлек аталған алаяққа алданған тараздық тағы бір тұрғынмен тілдестік. Ол қазір бұл істен біршама хабардар екен. Оның айтуынша, іс бойынша 4 ай жүргізілген тергеу ісі аяқталып, бүгінде іс сотқа өтіпті.
– Ол өз құрбандарын жағдайы жоқ отбасылардан, көпбалалылардан, зейнеткерлердің арасынан таңдаған. Өйткені қаржыдан қысылып жүрген жағдайы жоқ тұрғындар «Төмендетілген пайызбен қаржы ұйымынан несие әперемін деген кез келгеннің сөзіне сеніп қалады. Мен де солай алдандым. Алданғандардың саны 130 адам деп айтылады. Бірақ адам саны одан да көп болуы мүмкін. Алданып, «аһ» ұрғандар алаяққа бөтен емес, кілең таныстары. Екінші деңгейлі қаржы ұйымдарына ол өз құрбанының телефонымен онлайн түрде өтініш тастап, несие рәсімдеп, қаржыны өзі шешіп алып отырған. «Kaspi Red» арқылы да тауар рәсімдеп, саудагерлермен келісу арқылы қолма-қол қаржыға айналдырған. Бұл жерде саудагерлер де онымен ымыралас болып отыр деп ойлаймын.
Біз жақында судьямен кездестік. Сол кезде сот біздің куәгер екенімізді мәлімдеді, ал банк жәбірленуші екен. Тергеуден кейін істі бір апта прокуратура қарапты, енді сот қарағаннан кейін шешім шығады. Сот шешімі шыққаннан кейін алаяққа жем болғандар жәбірленуші ретінде шағымданады екен. Осыдан кейін берешектік міндеттемемізді банк алып тастайтын көрінеді.
– Алаяқтың атында ешқандай дүние-мүлік тіркелмеген, десе де осы істеген қылмысы үшін ол 7-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады деп естідік. Қазір осы жайт бойынша біздің мәлімет таратуымыз заңға қайшы болуы мүмкін. Өйткені біз куәгер ғана болып тұрмыз ғой. Сондықтан менің аты-жөнімді атамауыңызды сұраймын, – дейді ол.
Иә, жәбірленуші болған күннің өзінде сот шешімі шықпай жатып «пәлен» деуге болмайды. Десе де біз алаяқтық іспен айналысқан адамның кінәсі дәлелденсе, оны қандай жаза күтіп тұрғанын заңгерлерден сұрап көрдік.
– Азаматтың алаяқтық қылмыс жасағаны, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау не сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденгені үшін, ҚР Қылмыстық кодексiнің 190-бабының 1-тармағында «мүлкін тәркілеп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру» түріндегі жауаптылық көзделген.
Егер де осындай қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен мемлекеттік сатып алу саласында жасалса, 190-баптың 2-тармағына сәйкес олардың мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ірі мөлшерде, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты, бірнеше рет жасалған алаяқтық 190-баптың 3-тармағы бойынша мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2-тармақта көзделген жағдайларда мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Егер 190-баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер қылмыстық топпен немесе аса iрi мөлшерде жасалса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Барлық жағдайда қылмыстық іс сотпен сараланып, әр іс бойынша дербес шешімдер шығарылады, – деді заңгер Жеңіс Сариев.
Тұрғынның «Ол осы істеген қылмысы үшін 7-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады деп естідік» деген сөзінің жаны бар. Демек, алаяқ осы заңсыздықты қылмыстық топпен бірге немесе аса iрi мөлшерде жасаған болуы мүмкін.
Осы ретте бір айта кетер жайт, алаяқ тұрғындардың құқықтық сауатының жоқтығын пайдаланып тұр. Бұрын банк пен несие алушылардың арасында делдалдар болатын. Олар кім сауатсыз, соның банкке қажетті құжаттарын жинауға көмектесіп, осы еңбегі үшін несие алушыдан белгілі бір көлемде қаржы алатын. Шындап келгенде, бұл да заңсыздық. Құжат жинауға көмектесуі азаматтық шығар, бірақ несие алушы оған еңбегіңе деп ақша бермеуіне болады. Біздің пайымымызша, мына алаяқ та тұрғындарға «несие әперемін» деп, оны өзі пайдаланып кеткен секілді.
Қазіргі заманда кез келген банктің облыстағы филиалының кеңсесіне барып, кеңесшілерден, менеджерлерден азаматтар атына несие шығатынын немесе шықпайтынын әп-сәтте білуіне болады. Сондықтан «пәлен банкте менің танысым бар, атыңа несие рәсімдеп беремін» деген сөзге сенбеу қажет. Сенген күннің өзінде бұл жерде бір шикілік бар екенін, оған өзің де ынталы болып отырғаныңды сезінуің керек. Дұрысы, лажы болса несиеге жоламаған жөн.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала
Комплаенс қызметі – жемқорлықпен күрестің жаңа тетігі
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024