«Қазір біздің халыққа қызмет ететін кезіміз»
Қоғамда жас болса да бас болатын азаматтар жетерлік. Ел арасынан суырылып шығып, көшбасшылық қасиетімен, білімімен, көтерген мәселесінің өзектілігімен қоғамда белсенді атанып жүргендер қаншама. Одан бөлек өзінің қарым-қабілетімен қызметте өсіп, ел үшін еңбектенуді өзіне міндет санаған немесе халық таңдауымен депутаттық мандатқа ие болып, елдің жоқ-жітігін түгендеуге, кем-кетігін бүтіндеуге барын салып жүрген азаматтар қашанда үлгі. Біз сондай жастың бірі – облыстық мәслихаттың депутаты, Байзақ ауданындағы Дихан тірек мектебінің директоры Сұлтан Өсербаевпен сұхбаттасқан едік.
– Сұлтан Мықтыбекұлы, «Amanat» партиясының мүшесі ретінде еліміздегі партиялық жүйенің даму деңгейі жайлы қандай ой айтасыз?
– Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жылдан енді ғана асты. 30 жыл деген бір мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарыштап дамуы, аяққа тұруы, мемлекет ретінде қалыптасып кетуі үшін аз ғана уақыт. КСРО-дан бөлініп шыққанда 1990 жылдардағы әлемді қыспаққа алған қаржы дағдарысы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Осындай сындарлы сәтте мемлекеттік құрылымның, ұстанған саяси бағытымыздың орнығуы, оның ішінде партиялық жүйенің нығаюы айтарлықтай уақыт жұмсауды қажет етті.
Негізінде кез келген нәрсе онжылдықпен есептеледі. Біз осы қазақ тарихының тәуелсіздік алғандағы 30 жылын үш онжылдыққа бөліп қарастырамыз. 1991 жылы өз тәуелсіздігімізді жариялағанға дейін біз бірпартиялық жүйемен күн кештік. Ол заманда өспесек те жасы үлкендер өткеніміз жайлы айтып отыратын. Бір білетінім, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған бірпартиялық жүйе не айтса, сол болатын. Одан кейінгі 1991-2000 жылғы алғашқы онжылдықта Қазақстанда партиялардың құрылу, қалыптасу, біртіндеп саяси іске араласу кезеңі жүрді. Осы жылдар аралығында партиялық жүйе қалыптасты деуге толық негіз бар. Алғашқы онжылдықты керемет кезең деп баға бере алмаймын. Өйткені ішкі-сыртқы саяси ахуалды реттеу, шекараны бекіту секілді іргелі істер атқарылған сол бір заманда қазіргідей қаптаған партия құратын адам тұрмақ, саяси белсендіні, қоғам белсендісін табудың өзі қиын еді. Егер сен танымал болмасаң, белсенді болмасаң сенің соңыңнан кім ереді? Сондықтан бұл уақытқа партиялық жүйенің қалыптасу кезеңі деп баға бере аламыз.
Ал 2000-2010 жылдардағы екінші онжылдықта ел ішінде шын мәнінде саяси белсенді азаматтар пайда бола бастады. Олар артынан адам ілестіріп, саяси партия құра алатын әлеуетке ие болды. Осы жылдар аралығында біз партиялық жүйенің екінші кезеңіне қадам бастық. Бұл уақытта елімізде бір партия ғана емес, бірнеше партия пайда бола бастады. Алғашқы онжылдықта біз бір партиямен ғана жүрдік деп айта алмаймын. Саяси партиялар ол кезде де болды. Дегенмен кез келген іс бірден ауқымды басталмайтыны белгілі. Қытайдың ұлы философы Конфуцийдің «Үлкен тасты қозғау үшін, алдымен ұсақ тастардан бастау керек» деген ілімі бар. Бұл уақытта Парламент мажоритарлықтан пропорционалды жүйеге көше бастады.
Ал үшінші онжылдықта, яғни 2010 жылдан қазіргі уақытқа дейін мемлекетте көппартиялық жүйе қалыптасты. Бүгінгі таңда қоғамда еркін алаң пайда болғанына куәміз. Қазіргі уақыт партиялық жүйені мемлекетпен байланыстырмауды талап етіп отыр. Партиялар өз жұмысын жүргізуі керек. Қазір бізде көппартиялық жүйе бар деп ашық айта аламын.
– Мемлекетіміз көппартиялық жүйені ұстанатыны рас. Алайда әлі күнге жергілікті деңгейдегі мәслихаттарда, Парламент Мәжілісінде, яғни депутаттық корпус құрамында «Amanat» партиясы мүшелерінің басым болуы, ал өзге партияларға белгілі бір пайызда ғана орын берілуін қалай түсіндіресіз?
– Бұл жерде әңгіме сол партиялардың атқарған жұмысында. Мысалы, кез келген ортаға адам кірігіп кетуі үшін оның атқарған жұмысының нәтижесі ықпал етеді. Мен басқа партияда белсенділер төмен деп айта алмаймын. Ол жақта да халық қамын ойлаған азаматтар, ешқандай партия мүшесі емес, бірақ өзінің саяси сауаты жоғары, елім, жерім деген белсенді тұлғалар баршылық. Бірақ қандай да бір партия өз қызметін нәтижелі атқаратын болса, мұндай сұрақ туындамас еді.
Біздің саяси өмірімізде елдің мүддесін негізге алып, жер-жердегі тұрғындардың өтініші, ұсынысы негізінде елді мекендердегі түйткілдерді зерделеп, соған орай шешім шығарып, оны билікке жеткізуге ықпал етіп, мәселенің шешілуіне нәтижелі қадам жасап жатқан партия – «Amanat». «Amanat» қана жұмыс істеп жатыр деуден аулақпын. Барлық партия өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр, оның нәтижесі де әртүрлі. «Amanat» партиясының үздік болуы оның мүшелерінің белсенді, жан-жақты қимылдауында. Бұл «Amanat» партиясының облыстық, қалалық, аудандық секілді жергілікті жердегі филиалдарының өнімді жұмыс істеуінің көрінісі. Мәселен, партиялық бақылау комиссиясы, қоғамдық қабылдау іспетті тетіктер үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Қысқасы, өзгесіне қарағанда «Amanat»-тың істеп жатқан жұмысының нәтижесі қоғамда айқын көрініс тауып отыр. Партияның праймериз, яғни лидерлерді шығаруда партияішілік іріктеу өткізуінің өзін үлкен жетістік деп білемін. Ал осындай саяси ұйымның депутаттық корпуста көп пайыз иемденуі заңдылық.
– Ел мүддесі үшін өмір сүретін адам қай партияда жүрсе де халыққа беретінін береді. Кейбір депутаттар сайлауда жеңіске жеткеннен кейін үн-түнсіз кетеді. Тіпті сайлаушылары танымайтын да халық қалаулылары бар. Бірақ оның кейбірі келесі сайлау жақындағанда белсенділік танытып, сайлаушыларын, бұқаралық ақпарат құралдарын іздей бастайды. Осының сыры неде?
– Мен біреудің қызметі, мінез-құлқы жайлы пікір білдіргім келмейді. Әркім өзіне жауап беруі керек. Біреу жайлы сыртынан пікір білдіру орынсыз.
– Сіз кімді меңзеп отырсыз?
– Мен өзім жайлы ғана айта аламын. Өз жеке басым туралы айтатын болсам, мен тек сайлау кезінде ғана емес, әр кез ел ішінде жүремін. Әлеуметтік желіде елмен жұмыс жасағанымды айғақтайтын ақпараттық бағыттағы парақшам да бар. Депутат болғанға дейін де, қазір де барлық мәселеге араласудан қалыс қалған емеспін. Мына сұхбаттың да ешқандай сайлауға немесе жеке мүддеге еш қатысы жоқ. Өйткені мені сұхбаттасуға өзіңіз шақырдыңыз. Кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, тағы басқа ұлт зиялылары депутаттық мандатқа ие болмаса да олардың аңсаған арманы, көздеген мақсаты, ойлаған мүддесі бір болды. Олар атақ-абырой үшін, «ел алдында беделімді өсірейін» деген оймен әр есікті бір қағып, анда-мұнда шапқылаған жоқ қой. Ұлт зиялылары ел үшін қызмет етті. Халқымыздың ұлт ретінде жойылып кетпеуіне, салт-санамыздың, ұлттық болмысымыздың, тіліміздің, діліміздің сақталуына күш салды. Қажыр-қайратын, білімін еліміздің тәуелсіз болуы жолына арнады. Мұны не үшін айтып отырмын. Депутаттық мандатқа ие болған адам мандат емес, халықтың аманатын арқалап жүргенін түсінуі керек. Егер бір депутат сіз айтқандай сайлау науқанында шапқылап, қалған уақытта тым-тырыс жатқан болса, ондайларды істеген жұмысының есебі айқындайды. Өйткені бізде партия алдында партияның әрбір фракция мүшесі есеп береді. Оның не істеп, не қойғаны сол кезде анықталады. Бәлкім, ол ел көзіне түспегенімен, жұрт көзінше депутаттық сауал жолдамаса да тиісті орындарға хат жолдау арқылы қандай да бір мәселенің шешілуіне шын мәнінде ықпал етіп отырған шығар. Сондықтан «пәлен» деп айтуға болмайды деп ойлаймын.
– «Әділетті Қазақстан» ұғымын қалай түсінесіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясының кезектен тыс өткен XXIII съезінде «Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, тіпті кейде әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін, сіздер, халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек», деген еді.
Сондықтан бүкіл қазақстандықтар елімізде әділеттіліктің салтанат құруына үлес қосуы керек. Менің ойымша, «Әділетті Қазақстан» деген ұғым Қазақстанда тұратын барлық азаматтың құқығының бірдей болуы. Заңның байға да, жарлыға да, ханға да, қараға да ортақтығы. Халықты әлеуметтік топқа бөлмей, әр азаматтың заңмен қорғалуы. Заң үстемдік құрған мемлекетте ғана әділдік орнайды. Біз қазір «Әділетті Қазақстан» құру кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. Мемлекет басшысының пәрменімен ұлттық қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігінің балаларға тиесілі болуы, жердің астындағы, үстіндегі байлығына халық иелік етуі секілді бастамалар «Әділетті Қазақстан» құрудағы жаңашылдықтардың бір көрінісі.
– Сіз ауылдық жерде тұрасыз. Қандай да бір түйткіл ауылдық жерде туындағанымен, бірақ облыстық деңгейде шешілетін мәселе болуы мүмкін. Депутат ретінде ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген қандай мәселенің шешілуіне ықпал еттіңіз?
– Қазақ «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді. Мен өзімді жаспын деп те, орта жастан астым деп те айта алмаймын. Жасым 35-те. Қазір біздің нағыз халыққа қызмет ететін кезіміз. Арада 10 жыл өткеннен кейін біз қазіргідей белсенді боламыз ба, жоқ па, ол бір Аллаға ғана аян. Сол үшін бойда қажыр-қайрат, көзде от, кеудеде жалын барда кез келген азамат халыққа пайдасын тигізіп қалуы керек.
Мандаттық қызметті мойныма алғалы жеке шаруама тиген оның пайдасынан гөрі, кедергісі көп болды. Сан түрлі жиын, қарбаласқан тірлік, халықпен кездесу, бір мәселені шешу үшін түбегейлі кірісу уақытыңды ұрлайды. Ал егер осы қиындықтан қашып, қолды бір сілтесем, түсінікті тілде айтқанда, мен ұйықтап қалсам, сіз ұйықтап қалсаңыз, жалпы қоғам қалғып-мүлгіп отырса, онда біздің ел ретінде өсіп-өркендеуіміз, тіпті тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырлы болуы күмән тудырады.
Негізінде Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғынымын. Айта берсек, мәселе көп. Бәріміз де мәселе айта аламыз. Бірақ мәселені көтерген адам оның шешілу жолын да айтуы керек. Негізі кез келген мәселенің шешілу жолы қаржыға келіп тіреледі.
Денсаулығыма байланысты депутаттық қызметке наурыз айында кірістім. Алғаш мәрте депутат болып тұрған соң бұл істі атқару маған таңсық әрі қызығушылығымды арттырды. Ел ішіндегі мәселені айту үшін мінберге көтерілесің, көп алдында ойыңды бүкпесіз баяндайсың. Сол кездері үш ауылдық округтің жол, газ, ауызсу мәселесін көтергенім бар. Ол кезде облыс әкімі қызметін Бердібек Сапарбаев атқарған. Аймақ басшысына осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселе кейін оң шешімін тапты. Мен көтерген мәселелер 100 пайыз шешілді демеймін, бірақ көпшілігі қаржылай қолдау тапты. Ол мәселенің барлығы да тұрғындардың әлеуметтік қажеттілігінен туындаған түйткілдер.
Тағы бір жайт есіме түсіп отыр. Қазірдің өзінде не интернет, не ұялы байланыс жөнді ұстамайтын шалғайда жатқан елді мекендер әлі де бар. Ал интернет ұстамайтын ауылдардың қиындыққа тап болатыны пандемия кезіндегі онлайн оқыту барысында анық байқалды. Сондай мәселенің бірі – Мырзатай ауылдық округін ғаламтормен қамтамасыз ету. Оған дейін аталған ауылдық округте интернет болған, бірақ уақыт өте келе байланыс нашарлаған. Осыны сессияларда, тұрақты комиссия отырыстарында көтеріп жүріп, жолданған депутаттық сауал негізінде мәселенің оң шешім табуына мүмкіндік алдық. Астана қаласынан арнайы мамандар, облыс әкімдігі цифрлық дамыту басқармасының сол кездегі басшысы аталған ауылдық округке арнайы барып, жағдайды көзбен көрді, байланыстың нашар екеніне көздері жетті. Аталған басқарма ауылды ғаламтормен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізді. Ұялы байланыс желісінің мұнарасы үшін арнайы жер телімі де бөлінді. Бірақ біз сонша әуреге түсіп қол жеткізген мүмкіндікті Мырзатай ауылдық округінің сол кездегі әкімі дер кезінде жұмысты ұйымдастырмауынан қалт жіберіп, осы мәселенің кейінге шегерілгені жанға батады. Осы тектес бас-аяғы 9 депутаттық сауал жолдасам, соның барлығының шешімі табылыпты.
– «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы білім бағыты бойынша облыста қандай жұмыстар жүзеге асты?
– «Amanat» партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған білім және денсаулық саласына қатысты комиссияның мүшесімін. Онда құрылысы бітпеген мектепке, мұғалімнің еңбекақысына қатысты салада туындаған мәселелерге орай үлкен-үлкен ұсыныстар, талқылаулар өтіп жатады. Осының ішінде қазір біз білім саласында жиі орын алатын бір проблеманы шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Ол – мектептерге келетін тексерістер. Мектеп – білім ордасы. Ал білім ордасы тек білім берумен айналысуы керек. Тәрбие – ата-анадан, білім – ұстаздан. Ал білім беретін орданың дамуына біз мүмкіндік беруіміз керек. Басшылық орган тарапынан білімнің сапасын, оның өсу немесе кері кету динамикасын анықтау үшін тексеріс жасалмаса болмайды. Ал қаржылық жағынан кейбір тексерістер қазір үлкен проблема тудырып жатыр. Мысалы, санитарлық-эпидемиологиялық, төтенше жағдайға қатысты тексерулер, соның негізінде салынатын айыппұлдар айтарлықтай мәселеге айналды. Қазір осыны реттеу мақсатында еңбеккерлер құқығын қорғайтын ұйымдармен бірге мектеп басшыларының қалыпты жағдайда жұмыс істеуін көздейтін істі қолға алып жатырмыз. «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жағдай тудыру көзделуде. Тура осы сияқты мәселелер партияның фракция отырысында қаралады. Тоқсан сайын өтетін жиындарда білім саласына қатысты кетіп жатқан кемшілік болса, оны айтудан қалыс қалған емеспін. Жалпы білім саласына келгенде облыста үлкен істер тындырылып жатқанын байқауға болады.
– Сіз мектеп директорысыз. Айтыңызшы, қоғамда мұғалім мәртебесінің өсуі неге байланысты?
– Мен мұғалім мәртебесі туралы жиі айтып отырамын. Педагог мәртебесіне қатысты заң шықсын, ереже шықсын, қаулы шықсын, ол артықтық етпейді. Мемлекетімізге рақмет, қазір ұстаздарға жасалып жатқан қолдаулар өте көп. Бірақ педагогтың мәртебесінің көтерілуі өз қолында. Білімі, қажыр-қайраты, данагөйлігі, ағартушылығы болмаса қанша жерден заң, қанша жерден қаулы шыққанымен оның мәртебесін ешкім көтермейді. Жалғыз педагог емес, әр сала қызметкері өз мәртебесін өзі көтеруі керек. Әр адамның абыройының, беделінің асқақ болуы оның білімі мен тәжірибесіне, шеберлігі мен шығармашылығына байланысты. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның шығуына қазіргі заман әсер етті деп ойлаймын. Бұрын «Ұстазға құрмет күшті еді», «Төрдегі орын ұстаздыкі еді» деп жиі айтамыз. Рас, ол кезде сондай еді. Қазір дүние басқаша дөңгелеуде. Қазір ақпараттық заман. Ол кезде ақпарат тарату ісі дамымаған еді. Бұл күнде ұстаздың 45 минутта беретін білімін шәкірт екі-ақ минутта түрлі ақпарат көздерінен ала алады. Сол үшін ұстаз өзін-өзі үнемі жетілдіріп, оқушыдан білімі жағынан биік тұруы керек. Бала қазір мұғалімнің айтып жатқан сабағы мен беріп жатқан білімін зердесіне тоқып, санасына түймесе де ол мәліметті біледі. Сондықтан қазіргі заманда педагог болу өте күрделі болып тұр.
Осы күні түрлі әзіл-сықақ театрлары педагогтарды күлкі қылуды, олар туралы жағымсыз қойылым қоюды әдетке айналдырды. Қоғамда да бір педагогтың қателігінен көпке топырақ шашатын пікірлер де айтылып қалады. Менің ойымша, осы ұлы мамандыққа деген жасалып жатқан қиянатқа орай «Педагог мәртебесі туралы» Заң шықты. Бұл ұстаздарды қорғайтын құжат қажет болғаннан кейін қабылданған заң.
Менің ата-анам бала кезімізде ұстаздар туралы біздің көзімізше теріс пікір білдірмейтін. Ал қазір кейбіреулер балағаттауға дейін барады. Ұстаз бен кәсіпкер қатар келе жатса, алдымен кәсіпкердің қолын алатын заман болды. Осы тектес жайттар ұстаздың бір кездегі жоғары болған беделінің түсуіне әсер еткен болуы да мүмкін. Сондықтан адамдар отбасында немесе кез келген ортада ұстаз туралы жақсы пікір айтуы керек. Сонда баланың да ұстазға деген көзқарасы жақсарады. БАҚ арқылы да кейбір ұстаздың жасаған кемшілігін жер-жаһанға жарияламау керек деп ойлаймын. Ұстаз бірдеңе бүлдірсе, оны әдеп кеңесі секілді арнайы жазалау органы арқылы тәртіпке шақыру керек. Жазалау жасырын жүргізілуі қажет. Өйткені ол ұлт ұрпағына білім беріп отырған адам. Қазіргідей ақпарат ағыны дамыған заманда мұғалімнің оған ілесіп кетуі де қиын болып жатыр. Сондықтан мұғалім болатын адам бүгінгі алған білімі ертең өзіне қалқан болатынын ұмытпауы керек. ЖОО студенттері сапалы білім алуға тырысуы қажет.
Қазіргі талап бойынша енді мұғалімдер мектепке жұмысқа тұруы үшін арнайы тест тапсырып, комиссияның алдынан өтеді. Өзінің білімін, педагог екенін дәлелдеп барып жұмысқа тұратын болады.
– Бұл жүйе қаншалықты дұрыс, жас маманның жолын байламай ма?
– Жүйе дұрыс. Жас маманның жолын байламайды, қайта ашады. Біз жаңа «Әділетті Қазақстан» дедік қой. «Әділетті Қазақстан» қазір осы білім саласынан бастау алып жатыр. Бұрын мұғалім осал болса, мектеп басшысына да, мұғалімге де сын айтылатын. Бұдан кейін ондай сын директорға тағылмайтын болады. Себебі оны мектеп басшысы емес, арнайы комиссия білімін анықтап, жұмысқа қабылдауға қорытынды шығарады. Сондықтан ұстаздың оқуын оқып жатқан жастар барынша сапалы білім алуға тырысуы қажет. Нағыз ұстаз студент кезінде 4 жыл жиған-терген білімін жұмысқа тұрарда дәлелдейтін әлеуетке ие болуы керек. Одан бөлек мектепте сабақ беріп жүрген ұстаздардың балаға білім беру деңгейіне қатысты да жауапкершілік жыл сайын артып келеді.
– Қазіргі талаптың бірі – қала мектебі мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтықты жою. Білім саласындағы мемлекет қамқорлығын ауыл мектептері көріп отыр ма? Материалдық-техникалық базаның жақсаруы, білім деңгейінің жоғарылауы дегендей...
– Бұрын алшақтық болған. Қазір айтарлықтай айырмашылық жоқ. Қалада бар құрал-жабдық ауылда да бар. Білім беру деңгейі, білім сапасы жағынан да қала мен ауыл мектебі қатар келе жатыр деуге болады. Бір айта кетерлігі, қоғамда мұғалім жалғыздығы деген бар. Шалғай елді мекендегі бір мұғалімнің тәжірибе алмасатын ортасы болмауы мүмкін. Семинарға, басқа да тәжірибе алмасатын жиындарға қатысып тұрар. Бірақ бәрібір ұстазға тәжірибе алмасатын орта керек.
– Ауыл мен қала мектептерінде айырмашылық жоқ болса, онда ауылдық мектеп оқушылары неге қалаға келіп ҰБТ-ға дайындалуға әуес?
– Бұл әр оқушының, ата-ананың өз таңдауы. Түске дейінгі ауысымда оқитын балалар сағат 2.30-ға дейін мектепте болуға міндетті. Ал одан кейінгі уақытта ата-ана баласын қайда апарып оқытамын десе, үйірмеге, дайындыққа беремін десе де өз еркі. Бұл ауыл метебінде білім төмен дегенді білдірмейді. Қытай халқының «Бала дайын болса, ұстаз оның қасына келеді» деген нақыл сөзі бар. Әңгіме баланың зейінінде. Бастысы ата-ана сенім білдірсе, ұстаз баланы ҰБТ-дан алып шыға алады.
– Бүгінде ата-аналардың баланы қосымшаға, түрлі курстарға тасуы белең алып барады. Бір таңғаларлығы, сол қосымшада кейбір баланы оқытып жүрген – өз мұғалімі. Бұған не айтасыз?
– Бұл бизнес. Олардың жарнамасы мықты. Оқыту курстарында сабақ беретін ұстаздардың кейбірі бұрын мектепте мұғалім болған зейнеткерлер. Жекеменшік мектептердің ұстаздары да мемлекеттік орта білім беру мекемелеріндегі мұғалім секілді ұстаздар. Баланы ақыға оқытатын орталықтардың мақсаты – осы бизнес арқылы қаржы табу. Тіпті ата-анасына «мына баланы түк оқытпаған екен» деуі де мүмкін. Ол баланың сабағы шынында нашар болса, оның аз уақытта немесе жекеменшік мектепте бір жылда керемет білімді болып шығуы екіталай. Ал ұстаз баланы сабақ алдында, не сабақтан кейін алып қалып, қосымша оқытатын болса, бұл сол мұғалімнің сабақ өтіп үлгере алмауының көрінісі шағар.
– Келер жылы депутаттар сайлауы өтеді, халық өз таңдауын жасайды. Сіз де сайлауға түсесіз бе?
– Құнанбай атамыз Меккеге қажылыққа барарда игі жақсылардан «Сүйегім Меккеде қалсын» деп бата сұраған көрінеді. Бұл енді «Қажылық сапарда жан тапсырсам, жұмаққа барамын» деген түсінік қой. Мәңгілік сапарға қимаған батагөй даналарымыздың бірі оған «Ер тілегі болса қалсын, ел тілегі болса келсін» деп бата берген екен. Сол секілді менің қалауым ештеңе шешпейді. Ел қаласа сайлауға түсермін, егер шын мәнінде қоғамға пайдам тиіп, халыққа керек болсам, әрине.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала
Таразда алаяқтан зардап шеккендер көп
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024