Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА ДЕМ БЕРГЕН ДЕКЛАРАЦИЯЛАР

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА ДЕМ БЕРГЕН ДЕКЛАРАЦИЯЛАР
ашық дереккөз
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА ДЕМ БЕРГЕН ДЕКЛАРАЦИЯЛАР
Адам денсаулығы қашаннан да маңызды. Қай елде, қай мемлекетте болмасын, басты құндылық – адам өмірі. Сондықтан ғылым мен техника көз ілеспес шапшаңдықпен ілгерілеп, әлемде медицина саласы да күн санап қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда елімізде де отандастарымыздың денсаулығын сақтау, медицина саласын дамыту мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Тіпті тым арыдан бастайтын болсақ, тәуелсіздікке дейін де денсаулық сақтау саласына дем беруге ерекше көңіл бөлініп, Қазақстан өзінің жаһандық бастамаларымен таныла бастады. Мәселен, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференцияның өтуі осы сөзіміздің айғағы. Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрi Төрегелді Шарманов бастап, республиканың бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей араласуы арқылы Алматыда өткен жиынға денсаулық сақтау iсiнiң өкiлдерiмен бірге мемлекет, үкiмет басшылары, депутаттар, губернаторлар қатысады. Конференция нәтижесінде арнайы декларация қабылданады. Осы құжаттың негізінде дүниежүзі мемлекеттері адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болады. Бұл медицина саласының әлем бойынша жеткен жетістігі еді. Сондықтан бұл декларация адамзат тарихында медицина саласының «Ұлы хартиясы» деп аталды. Құжатқа бұл бағаны ДДҰ Президентi Н.Махлер берген болатын. Декларация қабылданғанға дейін дүниежүзінде жылына бес жасқа дейінгі 15 миллион бала қайтыс болады екен. Ал құжат қабылданғаннан кейін көрсеткіш бірте-бірте төмендеп, 1990 жылы балалардың өлім-жітімі 13 миллионға дейін төмендеген. Осылайша балалардың өлімі азайып, орта жастың деңгейі ұлғайып, жалпы халықтың денсаулығы жақсарады. Одан бөлек құжаттың негізінде мемлекеттер адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болған және алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң ұлттық жүйесiн ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжат негізінде бекiтiлдi. Сонымен қатар құжаттың Алматыда қабылдануы біздің әлемдік деңгейдегі орнымыздың тұрақтануына үлкен әсері болғаны анық. Тіпті конференциядан кейін Қазақстанның даңқы мен аты шарықтап кетті деуге де болады. 146 елдің денсаулық сақтау министрлері мен көшбасшылары қатысқан халықаралық конференцияда қол қойылған құжаттың негізінде қазір халықтың 80 пайызы алғашқы медициналық көмек алып отыр. Алғашқы дәрiгерлiк-санитарлық көмек көрсету туралы бұл декларацияға биыл 44 жыл толғанымен өзiнiң маңыздылығын әлi жойған емес. Медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз ету, тұрғындардың денсаулығы мен әл-қуатын тұрақты жақсарту бүгiнде Қазақстанның басым бағыттарының бiрi болып отыр. 44 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда халық денсаулығы жақсара түстi, өмiр сүру мерзiмi анағұрлым ұзарды. Саламатты өмiр сүру салты, дұрыс тамақтану қағидалары қалыптасты. Араға 40 жыл салып, яғни 2018 жылы Алматы декларациясының 40 жылдығына орай Астана қаласында «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» тақырыбымен жаһандық конференция өтті. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша ұйымдастырылған, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 140-тан аса елден 1500-ге жуық өкіл қатысқан алқалы жиынның алғашқы күнінде Астана декларациясы қабылданады. Әлем халықтарының денсаулығын жақсартып, өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырып, бала мен ана өлімін азайтқан Алматыдағы ұлы жиыннан кейін араға 40 жыл салып Астанада өткен конференцияның да мәні мен маңызы зор болды. 1978 жылғы жиналыста алғашқы көмек пен инфекциялық аурулар өте маңызды мәселе ретінде қаралып, талқыланса, бұл жолы жұқпалы емес аурулардың алдын алу, вакцинация және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар басты назарда ұсталды. Сонымен қатар Астана декларациясында адами капиталды дамытуға, цифрлы технологияларды қолдануға барынша мән берілді. Сондай-ақ құжатта 40 жылдан бергі ғылыми-техникалық прогресс есепке алынып, түрлі жаңартылған құжаттарға қол қоюмен дараланды. Ең бастысы бұрынғы қабылданған құжаттардың қағидаларын сақтауға баса мән беріп, барлық елде адам денсаулығына байланысты қабылданатын түрлі құжаттардың маңызды екенін айқындады. Осылайша түрлі жаһандық бастамалардың көшбасшысы ретінде танылған Қазақстанның әлем алдындағы беделіне ешкім кір келтіре алмайды. Әрі осы құжаттардың негізінде қазіргі таңда елімізде жыл санап ана мен бала өлімі азайып, түрлі қауіпті дерттің алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіруге баса көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп келеді. Жолдау жүктеген міндеттер аясында облысымызда да ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтар болсақ, жалпы облыста 388 денсаулық сақтау нысаны, 11 жылжымалы медициналық кешен халыққа қызмет көрсетеді. Жыл аяғына дейін медициналық кешендермен 322 елді мекенді қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 281 елді мекен медициналық кешендермен қамтылған. Әрі осы елді мекендердегі 239 269 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланған болса, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 214 967 адам медициналық тексеруден өткен. Ал енді ана мен бала өліміне байланысты нәтижеге сүйенсек, жыл басынан бері ана өлімінің 1 жағдайы тіркелсе, 134 нәресте шетінеген. Алайда бұл 9 айдың нәтижесімен былтырғыға қарағанда 50 балаға аз. Сондықтан ана мен бала өлімінің көрсеткіші азайып келе жатыр деуге болады. Сондай-ақ жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту да көзделіп отыр. Ал нәресте өлім-жітімінің алдын алу мақсатында 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтуды ұлғайту 95,2 пайызды құраған. Міне, мұның бәрі де еліміздің медицина саласына баса мән беріп жатқанын, Қазақстанның халық өмірі үшін қабылдап жатқан шараларының маңызының зор екенінің айқын дәлелі. Ш.ӘБДІРұлы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар