Өркениетке жетелеген өркенді істер
Қазақ қазақ болғалы бейбітшілікті сүйетін ел екені тарихтан белгілі. Тіпті біздің ұлттық тәрбиеміздің өзінде тыныштықты дәріптейтін детальдар жетерлік. Қазақ мұндай тыныш та бейбіт заманды «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп атайды.
Дәл қазір біз сол заманда өмір сүрудеміз. Бұл күнге біз оп-оңай жете салған жоқпыз. Бұған дейін небір зұлмат, соғыстар мен аштықты көріп жеттік. Сондықтан да бізге соғыстың аты – жат.
Аналарымыз бұл сөздің өзін суық қарудан ары суық көріп, «бетін ары қылсын» деп отыратынының да түпкі мағынасында бейбітшіліктің қадірін білейік деген бастама жатыр. Шын мәнінде, бейбітшілік пен тыныштықты адамзатқа, жер бетіндегі елдерге берілген байлықтың ең құндысы деп есептеуге болады. Алайда заман дамыған сайын адамдардың да пейілі тарылып, ғылым, техникамен бірге қару-жарақтың да түр-түрі шығып, кейбір елдер содан пайда көріп, айналасына құқай көрсетіп де жатыр.
Біз де тәуелсіздік ала сала әлемдегі ядролық қарудың қуаттылығы жағынан 4-орында екенімізді мақтан қылып айтып отыра беруімізге болар еді. Бірақ біз ата-баба жолынан айнымадық. Сол бейбітшілік пен тыныштықты сүйетін халық екенімізді дәлелдеп, бірден 1991 жылдың 29 тамызында Семейдегі ядролық полигонды жаптық. Міне, бұл біздің әлем алдындағы алғашқы қабылдаған әділетті шешіміміз еді.
Одан сөзіміздің де, ісіміздің де шын екенін дәлелдеп, 1996 жылы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа бірінші болып біз қол қойдық. Кейін 2015 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ бүкіл әлемде ядролық сынақтарға заңнамалық тұрғыда тыйым салуға қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Мұның бәрі де біздің соғысқа, адамзатқа зауал алып келетін іске қарсы екеніміздің айғағы еді. Әрі бұл Қазақстанның алғашқы халықаралық бастамаларының бірі болды. Сөйтіп, «Орталық Азия – ядролық қарудан азат аймақ» деген атпен ұран көтеріп, 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойдық. Одан кейінгі 2012 жылдың 29 тамызындағы «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» халықаралық парламенттік конференциясы да, «ATOM» жобасының бастамасы бойынша 29 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні бүкіл әлемде жергілікті уақытпен 11:05-те барлық ядролық сынақтардың құрбандарын еске алу үшін жариялаған бір минуттық үнсіздік акциясы да біздің бейбітшілік бастамасында белсенді болғанымызды дәлелдеді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры және Қарусыздандыру жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып қызмет атқарып жүрген кезі еді. Әрине, әлемдік бастамалардың басы-қасында болғаны айтпасақ та түсінікті.
Кез келген дүниенің екі ұшы болады дегендей, атомның пайдалы тұстары да бар. Соны пайдаланудың өзі де біздің жасап жатқан табиғатымызға пайдасын тигізетін, тіпті адамзат қауымына жақсылық алып келетін күш екенін айтып, ұран көтеріп, үн қатқан да біздің еліміз болды. Мысалы, атомды қауіпсіз және бейбіт мақсатта пайдалану процесіне Қазақстанның қосқан үлесін көрсететін тағы бір маңызды бастама – Астана мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасында 2015 жылы 27 тамызда Астана қаласында қол қойылған Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытына төмен байытылған уран банкін орналастыру туралы келісім. Міне, бұл атом энергиясын бейбітшіліктің игілігі үшін қолдануға үндеген екінші жаһандық бастамаларымыздың бірі деуге болады. Бұл бастама өз елімізде де көтеріліп жүр. Мысалы, 2021 жылы 3 қыркүйекте Ресейдің Владивосток қаласында өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанға атом электр стансасы қажет» деп атап көрсеткен болатын. Президентіміздің бұл ұсынысы кешегі атомды тиімді пайдалану ұстанымына ұштасып жатыр деуге болады.
Сондай-ақ қазақта «Алдыңғы буын ағаш отырғызса, соңғылар соның саясын көлеңкелейді» деген аталы сөз бар. Бұл сөздің мағынасы түсінген адам үшін өте маңызды және салмақты. Ал біз әлем алдында қоршаған ортамызды жасылдандыру туралы алғашқылардың бірі болып ұран көтерген елміз. Бұл Қазақстанның ең ауқымды жаһандық бастамаларының бір бөлігі. Біздің атом энергиясын дұрыс пайдалану деген идеямызбен ұштасып жатыр. Қазір техника дамыған заманда «жасыл» әлем құру тек қана ағаш отырғызумен шектелмейді. Ол табиғатты жан-жақты ластанудан тазарту арқылы жүзеге асады. Ауаны тазартып, жерді, суды сақтау сол «жасыл» әлем құрудың алғышарттары болып есептеледі десек, ендеше күн энергиясын пайдалану арқылы түрлі өндірісті іске қосу ауаны тазартуға және басқа да артық шығындардан сақтануға септігін тигізеді.
Біздің осы бағыттағы ауқымды жұмыстарымыз сонау 2005 жылдан бері қарай басталған. Сол идея нәтижесінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы құрылып, ол республикамыздың әр өңірінен қолдау тапқан болатын. «Жасыл желек – жан саясы» деген ұстанымдағы тәуелсіз Қазақстанның жастары бұл бағдарламаны бірден іліп алып кетіп, «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет!», «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұрандарды көтеріп, болашақ жолында өздерінің аянбай тер төгетінін дәлелдеген болатын. Сөйтіп, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізген. Кейін 2010 жылы бұл бастаманы Астанада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әлемге паш етіп, Жер шарын жасылдандыру күллі адамзаттың ортақ борышы екенін айтып, «Жасыл көпір» бастамасын көтерді. Бұл әлем алдындағы абыройымызды тағы бір мәрте айға шығарды.
Жалпы Қазақстан ТМД елдерінің ішіндегі «Жасыл экономика» бағдарламасын тұңғыш рет көтерген мемлекет. Әрі бұл бағдарлама Еуропа мен Азия және Тынық мұхиты жағалауы мемлекеттерінің арасындағы ынтымақты күшейткен бірден-бір жоба болып қалды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғап, көгалдандыру – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының басталуы да тегіннен-тегін емес. Қазіргі таңда еліміз «жасыл экономика» идеясын жүзеге асырып келеді. Бұл жаһан алдындағы жағымды тұстарымыздың бірі болып осылайша тарихта қалмақ.
Міне, осы сияқты жаһандық бастамалардың жалғасы болған 2008 жылы Астанада өткен экономикалық форумы, 2010 жылы Қазақстан төрағалық еткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті. 2017 жылғы Сирия мәселесін шешуге атсалысуы, EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуі, бәрі де біздің әлем алдындағы жаһандық бастамаларымыздың қаншалықты маңызы бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Астанада өткен VII Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің маңызы зор. Ол әлемді тағы бір мәрте бейбітшілік пен тыныштыққа шақыруымыздың белгісі.
Батыс пен Шығысты тұтастыратын алтын көпірге айналған біздің еліміздің мұндай қадамдарға баруы адамзаттың игілігі үшін екені даусыз. Міне, осы діндер съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында», деп атап көрсеткен болатын. Жер бетінде қанша адам болса, сонша сенім мен наным өмір сүреді. Алайда адамзат сол арқылы бірін-бірі алаламауы керек деген ұстанымдағы біздің елдің жаһандық бастамалары мұнымен бітпек емес. Кез келген діннің де миссиясы адамзатты мейірбандыққа, жақсылыққа, тыныштыққа баулу. Ал сол тыныштық үшін күресіп, бейбітшілікті сақтау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан тәуелсіз Қазақстанымыздың алда көтерілетін биігі мұнымен шектелмегей деп тілейік!
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала