СТУДЕНТТЕРДІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ ӨСТІ
Биылғы 1 қыркүйектен бастап қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы өседі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттар саны 2020 жылы 65 мыңнан 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ студенттердің стипендиясында да өзгерістер бар, – деді С. Нұрбек.
Нақтылай айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшерін мынадай мөлшерде төленеді:
• Даярлаудың педагогикалық бағыттарында және даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, жоғары білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 36 660 теңге
(қазір – 31 423 теңге);
• Педагогикалық бағыттар бойынша оқитын студенттерге – 58 800 теңге (қазір 50 400 теңге);
• «Денсаулық сақтау» дайындық бағыты бойынша оқитын студенттерге – 58 800 теңге (қазір 50 400 теңге);
• Интерндерге – 61 660 теңге (қазір 59 289 теңге);
• Магистранттарға – 86 987 теңге (76 950 теңге);
• «Назарбаев университетінде» оқитын магистранттарға – 162 500 теңге (143 750 теңге);
• Докторанттарға – 195 000 теңге (172 500 теңге);
• «Денсаулық сақтау» дайындық бағыты бойынша докторанттарға – 195 000 теңге – 172 500 теңге);
• «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттарға – 100 036 теңге (88 494 теңге);
• ҚР Жоғарғы Соты Жанындағы Сот төрелігі академиясының мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген магистранттарына – соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық жалақы деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендия мөлшерінен төмен емес;
• Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 21 787 теңге (өзгеріссіз).
Атап өтілгендей, стипендиялардың жаңа мөлшері 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұдан өзге мемлекеттік стипендиялар енді жаңа ереже бойынша төленеді. Яғни ашықтықты қамтамасыз ету үшін стипендия арнайы кассаларда төленбейді. Студенттер ендігәрі банкте немесе «Қазпошта» АҚ-да шот ашқаннан кейін стипендия беріледі.
Бұл ретте студенттер банктер мен «Қазпошта» АҚ тиісті келісімдер жасасқаннан кейін шот бойынша операциялар үшін комиссия төлемейді.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала