Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАБИҒАТ ҚАСКӨЙЛЕРІНЕ ҚАЙТСЕК ТОСҚАУЫЛ ҚОЯМЫЗ?

ТАБИҒАТ ҚАСКӨЙЛЕРІНЕ ҚАЙТСЕК ТОСҚАУЫЛ ҚОЯМЫЗ?
ашық дереккөз
ТАБИҒАТ ҚАСКӨЙЛЕРІНЕ ҚАЙТСЕК ТОСҚАУЫЛ ҚОЯМЫЗ?
Қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын сақтау жайында баспасөзде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Биік мінберлерде де талай мәрте көтерілді. Заң талаптары да жыл санап жетілдіріліп, күшейіп келеді. Бірақ... Керісінше ұрған сайын семіретіндей браконьерлердің белсенділігі де артып келеді.  Сөзіміз дәйекті болсын. Тым арыға бармай-ақ, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бірнеше күн бұрын ғана ұсынған мәліметтеріне сүйенсек жеткілікті. – Ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап Жамбыл облысының аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Жедел алдын алу іс-шарасы кезеңінде облыста 8 қылмыстық іс тіркелді және тіркелмеген 21 бірлік атыс қаруы тәркіленіп, 293 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар Қордай ауданының табиғатты қорғау полициясының инспекторлары Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қордай ауданына қарасты Ауқатты ауылдық округінің Майбұлақ таулы аймағында рейдтік іс-шаралар өткізу барысында күзетілетін қорық аймағында жануарды аулады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Тексеру барысында ұсталғандардан еліктің ұшасы, 3 аңшылық тегіс ұңғылы қару мен патрондар табылып, тәркіленді. Сондай-ақ полицейлермен жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің 26 фактісі анықталды. Сарысу ауданының полиция қызметкерлері «Қызыл кітапқа» енген сексеуілді заңсыз кесіп жатқан 35 жастағы ер адамды ұстады. Күдіктінің жанынан кесуге тыйым салынған 4 қап ағаш табылды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. Полиция департаменті жариялаған фактілер табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерінің бірді-екілісі ғана. Құзырлы органдар мен тиісті мекеме мамандары күз және қыс айларында заңды белден басып, табиғаттың шырқын бұзу оқиғалары тіптен жиілей түсетінін айтады. Сондықтан қазір табиғат жанашырларының жұмыстары күшейе түскен. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, өңірімізде аумағы 2572,8 мың гектарды құрайтын 49 аңшылық алқап орналасқан, Қазіргі таңда 25 табиғат пайдаланушыға 36 аңшылық алқап бекітіліп берілген. Аумағы – 1606,7 мың гектар. Бекітілмеген 13 аңшылық алқаптың 13 аумағы – 905,1 мың ектар. Ал аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесінің аңшылық түрлерінің 18 түрін аулауға рұқсат етілген. Бекітілген аңшылық алқаптарда 84 қорықшы жануарларды қорғау және биотехникалық іс-шара жұмыстарын жүргізеді екен. – Қаскөйлікпен күресу үшін бірлескен іс-шара жоспарына сәйкес «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі мен табиғат қорғау полициясымен, «Қансонар» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп 12 және аңшылық шаруашылық қорықшылары 16 рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізді. Республикалық кең ауқымды «Киік» акциясы бойынша «Охотзоопром» ӨБ мекемесімен бірлескен 8 рейдтік іс-шара, облыстық «Браконьер» акциясы бойынша құқық қорғау және жергілікті атқарушы органмен 6 рейд жүргізілді. Заңсыз аңшылық жасап, табиғат заңнамасын бұзған 21 факті анықталып, 47,5 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз 5 қару тәркіленіп, полиция бөлімдеріне тапсырылды. Әкімшілік құқықбұзушылық істер өз мерзімінде қаралып, 19 хаттамаға тиісті шешімімен қаулы шығарылды. Жыл басынан бері аумақтық инспекция қызметкерлерімен бірлесіп 2 қылмыстық іс орын алды. 2022 жылдың 20 қараша күні ҰҚК Жамбыл аудандық «Бесағаш» шекара басқармасымен бірлескен іс-шара барысында Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасы аумағына заңсыз 9 «Сокол Балобан» ителгі құстарын алып өтпек болғандардың жолы кесілді. 9 ителгі Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағына өткізілді. Табиғатқа келтірілген залалы 57 890 700 теңге. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар 15 қараша күні Шу ауданындағы Қорағаты өзенінің бойында «Қызыл кітапқа» енгізілген 1 қарақұйрықты атқан Б.Жетібай есімді азамат қолға түсті. ҚР ҚК 337-бабының 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда Шу ауданы бойынша ІІБ сот алды тергеу амалдарын жүргізуде. Табиғатқа келтірілген залал – 3 675 600 теңге, – деген бөлім басшысы 2022 жылдың сәуір-маусым айларында бекітілмеген 14 аңшылық алқапты мекендейтін жануарларға санақ жүргізу бойынша «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлерімен бірлескен жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Аң-құстарға санақ жұмыстары бірлескен жоспарға сәйкес жүргізіліп, жұмыс нәтижелері актіленіп, санақ мәліметтері есептелген. Көктемгі санақ бойынша облысымыздағы резервтік аңшылық аумақтарда мекендейтін 21 елік, 49 қабан, 3 918 терісі бағалы аңдар (түлкі – 220, қарсақ – 98, борсық – 217, құм қояны –3 074, ондатр – 309), 40 798 құс (қырғауыл – 4 437, қаз – 302, үйрек – 17 431, қасқалдақ – 14 933, кептер – 2 363 бас) есепке алыныпты. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көктемгі санақ кезінде 826 елік, 686 сібір таутекесі, 587 қабан, 409 арқар, 1 577 терісі бағалы аңдар, 38 үнді жайрасы есепке алынған. Н.Ниязқұлов облысымыз табиғат байлығына кенде емес екенін, осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғау тиісті сала мамандарының ғана емес, әрбіріміздің парызымыз екенін жеткізді. Иә, «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші, қоршаған ортамызды, табиғатты қорғау, сақтау басты міндетіміз, парызымыз. Сондықтан баға жетпес байлығымызды сақтап қалып, болашақ ұрпаққа қалдыруды ойлауымыз керек.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар