Жаза баспаса, жазатайым оқиға орын алмайды
Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттерінің бірі – жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету.
Осы мақсатпен облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 135 тексеріс ашып, 172 еңбек заңнамасын бұзушылық фактісін анықтады. Оның бүгінге 159-ы заңға сәйкестендірілді.
Тексерістердің қорытындысымен жұмыс берушілерге 67 орындалуы міндетті нұсқама беріліп, аталған заңбұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге жалпы құны 5 622 185 теңгені құрайтын 20 айыппұл салынды. Және 4 ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды.
Жұмыстарды атқару барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындау мен оны бақылаудың тиісті дәрежеде ұйымдастырылмауы өндірістік жарақаттануға әкеліп соғуда. Есепті мерзімде облыс ұйымдарында 28 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, 35 адам зардап шегіп, оның ішінде 12 жағдайдың арты адам өлімімен аяқталған.
Әлеуметтік әріптестер мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде 1632 жұмыс беруші 47 515 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 32,8 пайызға арттырды. Бүгінгі күнге кәсіпорындар мен мекемелер арасында жалақы көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесіне қатысты осы жылдың 10 айында 1647 жұмыс берушідегі 7004 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылды. Яғни көлеңкелі экономикадан шығарылып, еңбек құқықтары қалпына келтірілді. Әлеуметтік тұрғыда да, медициналық әлеуметтік сақтандыру, бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының қатысушысы ретінде де еңбек өтілінің есептелуіне мүмкіндік алып отыр. Олардың 666-сы тойхана-мейрамханалардың жұмысшылары болса,
3 996-сы қызмет көрсету орталықтарының (шаштараз, көлік жуу, клиринг және т.б.), 2342-сі ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері.
Жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттарды қабылдау мәселесі де қатаң бақылауда, бүгінгі күнге облыс бойынша 91,4 пайызды құрап отыр.
Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының ресми сайты жұмыс істейді. Мұнда құқықтық көмек үшін «сұрақ-жауап» айдары ашылған. Осы айдар арқылы облыс тұрғындарының еңбек қатынастарына қатысты сұрақтарына жауап алуына мүмкіндік бар.
Еңбек инспекциясымен жоғарыда көрсетілген құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында, еңбек заңнамаларын бұзу фактілерін анықтауда мекемелерге бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.
Күн сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78-мекенжайда орналасқанын атап айтқымыз келеді.
Мемлекетіміздің баршаға ортақ заңында барлық азаматтарының құқығы қамтылған. Егер кімде-кім қандай да бір еңбек дауларына немесе әділетсіздікке кездессе, еңбек инспекциясына келіп, өз құқығын қорғауына болатынын ескертеміз.
Жанат МҰХАТАЕВА, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мониторинг және құжаттама бөлімінің басшысы-мемлекеттік еңбек инспекторы
Келесі мақала
Талап сақталса– қауіп жоқ
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024