Мекеменің арнайы есепке алу бөлімінің қызметкерлері өзге де жауапты мамандармен бірлесе отырып, сотты болғандардың жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Аталған тұлғалар түрлі себептерге байланысты осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы азаматы екенін растайтын құжатсыз жүрген.
– Қазіргі таңда бұл мәселе түбегейлі шешіліп, азаматтар қажетті төлқұжаттарына қол жеткізді. Құқық қорғау органдары азаматтық мәртебесі реттелмеген тұлғаларды анықтап, құжаттандыру және Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеу бағытында кешенді іс-шараларды жалғастыруда. Бұл жұмыстар сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне және құқықтық мәртебесін заңдастыруына мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.



