Білім
Секциялар мен үйірмелер тегін: Асхат Аймағамбетов балаларға арналған 15 жаңалығын айтты
- author AR-AY
- 25 қараша, 2022
- 165
Секциялар мен үйірмелер тегін: Асхат Аймағамбетов балаларға арналған 15 жаңалығын айтты
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бірнеше тармаққа тоқталып өтті, деп хабарлайды Arainfo тілшісі Halyq-uni-не сілтеме жасап.
Қазақстанда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін басты назар 3 – 6 жасқа дейінгі балаларды қамту болса, енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Енді мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, оның ішінде әсіресе жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша жұмыс ұйымдастырылады. 2029 жылдың соңына дейін 3 – 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылады.
Министр мектепке дейінгі ұйымдарда орындар ашуға арналған нақты жоспар әзірленгенін хабарлады. Бұл ретте қызметтердің сапасын арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нормативтік талаптары күшейтілді.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі «Ақша баланың соңынан ереді» қағидасына сай өзгертілді. Яғни қаражат ата-ана таңдаған балабақшаларға жіберіледі.
Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіліп, жаңа мемлекеттік стандарт пен үлгілік бағдарламалар қабылданды.
Балабақшалардағы орындарды бөлудің бірыңғай және ыңғайлы ақпараттық жүйесі құрылады
Бұл балабақшалардағы орындарға мониторинг жүргізуге, жылдам әрі ыңғайлы кезекке қоюға, орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, балалардың кезекке қайталанып тұруын болдырмауға мүмкіндік береді.
Өңірлердің балабақшаға тұрған кезегі бойынша деректері денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс, құқық қорғау министрліктерінің деректер базаларымен біріктіріледі.
Балабақшаға кезекке тұру, кезек келгеннен кейін балабақшаны таңдап, жолдама алу қызметін egov қосымшасынан да, банк қосымшаларынан да алуға мүмкіндік болады.
Әлеуметтік осал топтан шыққан, қиын жағдайдағы отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі
Балабақшалар жыл сайын ашылса да, олардың қызметі балалар үшін тегін болса да, барлық ата-ана балабақшадағы балаларының тамақ ақысын өздері төлейді.
Ал қаржылай қиындыққа ұшыраған отбасылар өз балаларын, қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты, кезекке де қоймайды, сәйкесінше олар балабақшаға да бармайды. Нәтижесінде бұл балалардың әлеуметтенуі жеткіліксіз болады, мектептегі үлгерімі төмен тәуекел тобына түсуі бойынша тәуекелдер көп. Сондай-ақ балалар дұрыс тамақтанбағандықтан олардың денсаулығында да проблемалар туындайды.
Бұл мәселені шешу үшін енді Отбасының цифрлы картасы арқылы қиын жағдайға ұшыраған, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды анықтау алгоритмі енгізіліп, олар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Бұл жүздеген мың балаға балабақшаға баруға, оларды әлеуметтендіруге, денсаулығын жақсартуға, болашақта оқу үлгерімін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Барлық бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады
Бүгінде 7 облыста 1-4-сыныптардың оқушысына тегін ыстық тамақ беріледі. Енді Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4-сынып оқушыларын 100% мектеп тамағымен қамту жоспарланып отыр.
Бұл бастама өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Оқытуға қолайлы жағдайлары бар 1,5 млн оқушы орны беріледі
2023 жылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба басқа ұлттық жобалардан ерекше. Себебі, ол оқушы орны тапшылығы мәселесін жоюға көмектеседі. 840 мың оқушыға арналған мектептер салынады.
Жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылықтары - құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында және т.б.
Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады.
Жалпы 1,5 млн орын салу - біртіндеп бірауысымды оқу форматына көшуге де жол ашатын бастама.
Жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде 1 000-нан астам мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады
Бұл жұмыс мектептерде 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл – күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, қауіпсіздікті жақсарту.
Роботехника, химия, биология, физика пәндері бойынша кемінде 7 000 заманауи мектеп кабинеті ашылады
Жыл сайын орта есеппен 900-ге жуық робототехника, химия, физика, биология кабинеттері ашылады. Өз кезегінде бұл да білім беру сапасын айтарлықтай арттыруға әсер етеді.
Пәндерді оқытудың инновациялық әдістері енгізіліп, қажетті оқу материалдары цифрлы форматқа ауыстырылады
Оқулықтарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар цифрлы сабақтар, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізіп, мектепте дәстүрлі баспа оқулықтарын пайдалануға мүмкіндік алады.
Оқулықтар үйреншікті дәстүрлі қағаз және цифрлы форматта қолжетімді болады.
Білім беру ұйымдары қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі
Барлық колледж, мектеп пен балабақша тиісті құрал-жабдықтар алады.
50 балалар сауықтыру лагері ашылады
Бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Бұл - бұрын сонды болмаған бастама. Оқушылардың демалыс және сауықтыру лагерлеріне қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр.
Әр балаға қалауы бойынша спорттық секцияларға немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі
Бұл жұмыс мәдениет және спорт, сондай-ақ білім беру ұйымдарының желісі арқылы да жүргізіледі. Оның ішінде білім, мәдениет және спорт салаларындағы секциялар мен үйірмелерге мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігі арқылы жүзеге асырылады.
Былтырдан бастап мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру басталды.
100-ден астам оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, музыка және өнер мектебі, балалар технопаркі ашылады деп жоспарланып отыр.
Бұл шешім мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұрғылықты жеріне жақын орналасуын қамтамасыз етеді.
Технопарктерді, ІТ, бизнес-инкубаторларды, робототехника, инжиниринг үйірмелерін, туризм, экология және т.б. дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Қазір оқушылар сарайларын, музыка және өнер мектептерін жекеменшік секторға беруге рұқсат етілмейтін шектеулерді заңнамалық деңгейде белгілеп жатырмыз.
Студенттердің стипендиясы екі есеге өседі
2029 жылға дейін стипендия көлемін кезең-кезеңімен екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Қазір тиісті есеп-қисап жүргізіліп жатыр.
Кәсіби патронаттық отбасылар институты енгізіледі
Жаңа жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бірден патронаттық отбасына беруге мүмкіндік береді.
Бүгінде ауыр дертке шалдыққан немесе бірнеше бауыры бар балалар балалар үйінде қалып қояды, оларды тез асырап алмайды.
Сондықтан олардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан барлық баланы қабылдауға дайын болатын кәсіби патронаттық отбасылар институты құрылады.
Асырап алатын ата-аналар тиісті дайындықтан өтіп, еңбегі үшін лайықты ақы алады. Заңнамаға қажетті түзетулер әзірленді.
Қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталықтары бойынша жұмыс жүргізіледі
Балаларды қолдау орталықтарының негізгі міндеті – қиын жағдайға тап болған, көмек пен қолдауды қажет ететін балалардың өмір сүруіне, білім алуына және тәрбиесіне қажетті жағдай жасау.
Осындай орталықтарды қолдау және дамыту бойынша кешенді жұмыс жоспарланып отыр.