ТЕХНИКА ТІЛІН БІЛГЕН ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШЫҚ
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «METASKILLS. Дағды. Құзыреттілік. Жетістік» атты техникалық мамандықтарды дамытудың республикалық практикалық форумы өтті.
Форумның мақсаты – «Электроника және автоматтандыру бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі жұмысының шеңберінде колледждердің өзара іс-қимылын жүзеге асыру кезінде практикалық тәсілді қалыптастыру.
Іс-шара үш бағытта өткізілді. Оның бірінші бағыты оқытушыларға арналған семинар-тренинг болса, екінші бағыты «Жас маман» жобасын іске асыру шеңберінде алынған жабдықтарды көрсету және тәжірибе алмасу, үшіншісі әлеуметтік серіктестермен сұхбат алаңын жүргізу бағытында болды.
Форумды Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, «Электроника және автоматтандыру» оқу-әдістемелік бірлестігінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы Дүйсенбек Абдраимов жүргізіп отырды.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов қазіргі заманда ғылым мен білімді ұштастырып, техника тілін меңгерудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жолдауларында еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне, оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше назар аударылған. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында қолжетімді, сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Қазіргі таңдағы жаңа технологиялар, жаһандану, демографиялық жағдайлар қоғамға жаңа өзгерістер әкелуде. Алдыңғы буынға жеткілікті болған білім – қазіргі уақытта табысқа жету үшін мардымсыз болып барады. Сыни ойлауды, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды, әр түрлі мәселелерді шеше білуді, әлеуметтік дағдыларды жұмыс берушілер мен білім беру саласының зерттеушілері ХХІ ғасыр үшін ең маңызды қабілеттер деп таныды. Қазіргі білім беру жүйесі адамдардың мақсаттарын өзгертуде және білім беру бағдарламаларына дағдылардың барынша кең тізбесін енгізуде. 2021-2022 оқу жылы «Жас маман» жобасы бойынша Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне 379 миллион теңге бөлініп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Аталған қаражат есебінен «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және автоматика», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтарының оқу шеберханалары және лабораториялары шетелдік жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың негізгі бағыттары ретінде қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, жастарды жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау, жастарды мәдени құндылықтарға тарту көрсетілген. Осы бағыттарды басшылыққа ала отырып, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде жетістіктер баршылық. Оларға тек терең білім беріп қана қоймай, өз Отанын, оның тарихын, мәдениетін, онда тұратын халықтың мерекелері мен тұрмыс-тіршілігін сыйлайтын патриот ретінде тәрбиелеу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Осы тұста бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумның маңызы зор. Бұл форум арқылы жастар өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады деген сенімдемін,– деді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Тілебалдыұлы.
Айта кету керек, «Электроника және автоматтандыру» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі 8 мамандық бойынша оқу-әдістемелік жұмыстар жүргізіп келеді. 2021 жылы 5 мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білімнің үлгілік оқу жоспары мен бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына сай өзектендіріп, сараптамадан өткізеді. Сонымен бірге 3 мамандық бойынша орта білімнен кейінгі білімнің үлгілік оқу жоспары мен бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына сай етіп, 8 мамандық бойынша 68 білім паспортын алған. Қазіргі таңда дуальдік оқыту бойынша 93 мекемемен, оның ішінде облыстағы «Казфосфат» ЖШС, «ТЭЦ», «Бином», «Динат-Жаңатас», «ТаразТрансЭнерго» сынды кәсіпорындармен өзара әріптестік туралы келісімшарттар жасалып жатыр.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала