Жаңалықтар
15 елдің сайлау комиссиясының төрағалары Қазақстанға келеді
- author AR-AY
- 16 қараша, 2022
- 119
15 елдің сайлау комиссиясының төрағалары Қазақстанға келеді
Қазақстанда 20 қарашада өтетін президенттік сайлауға 15 елдің сайлау комиссиясының төрағалары келеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтып берді, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Сайлау науқаны басталғалы Орталық сайлау комиссиясының 25 отырысы өтті, олар аумақтық сайлау комиссияларының, уәкілетті мемлекеттік органдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн өткізіліп келеді. Тікелей интернет-трансляциялар жүргізіледі. Барлық отырыстарға халықаралық байқаушылар шақырылады. Палестина мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Монтасир Абузейд аккредиттеуге бірінші болып құжат тапсырды. Сонымен қатар, Мажарстан, Германия, Индонезия, Канада, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Швеция, Эстония сияқты елдердің елшілері, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Ирак, Иран, Қытай, Қырғызстан, Нидерланды, Ресей Федерациясы және Таиланд елшіліктерінің қызметкерлері аккредиттелген», - деді Н. Әбідров шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте.
Оның айтуынша, екіжақты ынтымақтастық желісі бойынша алдағы сайлауды бақылау үшін 15 елдің Орталық сайлау комиссияларының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Орталық сайлау комиссияларының төрағалары келеді.
Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне алдағы Президент сайлауына дайындық туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
Президенттік сайлауға 10 101 учаске әзірленді, оның ішінде 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды. Сайлаушылар тізіміне 11 миллионнан астам қазақстандық енді.