СЕМІЗДІК «ЖАСАРЫП» БАРАДЫ
Қазіргі қоғамдағы адамдарды мазалайтын өзекті мәселелердің бірі – семіздік және оны болдырмау. Семіздік – дене салмағының өсуімен, дененің әр жерінде май жиналуымен жүретін май алмасуының бұзылуымен кейіннен асқынуға алып келетін қиын созылмалы бұзылыс, яғни ауру десек те болады. Дене майының белгілі бір мөлшері энергияны, жылу оқшаулауды, амортизацияны және басқа функцияларды сақтауы қажет. Бірақ оның шамадан тыс артықшылығы денсаулыққа едәуір әсер етеді.
Әртүрлі мемлекеттерде жүргізілген көптеген зерттеулердің нәтижесіне байланысты, семіздікті маңызды медико-әлеуметтік мәселе ретінде қарайды. Семіздік АҚШ-та эпидемиялық деңгейге жетті. Ересектердің үштен екісінен астамы артық салмақпен немесе семіздікпен ауырады, ал америкалықтардың үштен бірі семіздікке шалдыққан. Балалардағы семіздіктің таралуы айтарлықтай өсті. Сондай-ақ бүкіл әлемде семіздік тез өсуде. Семіздікпен ауыру 1991-1998 жылдар аралығында екі есеге жуық өсті. 2015 жылы АҚШ-та ересектердің шамамен 40 пайызы семіздікке шалдыққан. Ал қазіргі көрсеткіштер одан кем емес. Семіздік көптеген дамыған елдердің тұрғындары үшін пандемияға айналып барады десек қателеспейміз. Айналаңызға бір сәт зер салып қараңызшы, көшедегі қанша адам семіздік дертіне шалдығып, дем алуы тарылып, буындары қисайып, аяқтарының көктамырлары шодырайып, жүрісі баяулап, өз салмағын көтере алмай жүр? Идеал, бойы сымбатты кісілерді кездестіру уақыт өткен сайын қиындап барады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, соңғы 20 жылда адамдар арасында артық салмақ саны үш есе өсті. Әсіресе жас балалар арасында семіздіктің тез таралып бара жатқаны қоғамды толғандырады. Артық килограмдар әрдайым тек дене бітімін ғана бұзбай, қант диабеті, артериалдық қан қысымын жоғарылатуға, аяқ көктамырлардың кеңеюіне (варикоз тамырларының кеңеюіне), атеросклерозға, артроз-артритке, остеохондрозға, жүрек ауруларына және басқа да ауыр дертке әкеледі. Сөйтіп адамның өмір сүру жасын едәуір қысқарта түседі, тіпті кейде мүгедектікке алып барады.
Теориялық жағынан кез келген адам семіздікке ұшырайды. Бірақ семіздікке шалдығу қаупі жоғары және басқаларға қарағанда ауыр өтетін адамдар тобы бар. Олардың ішінде:
- тұқым қуалаушылық жолымен берілуі мүмкін ата-анасының, туыстарының біреуі немесе екеуі де дене салмағының жоғарылауымен зардап шегетін адамдар;
- аз қозғалысты өмір сүру салтын ұстанатындар;
- тез дайын болатын өнімдерді шамадан тыс қабылдау ( фаст-фудтар, тез әзірленетін кеспелер, гамбургер, донер және т.б.);
- эндокриндік жүйенің, асқазан-ішек жолдарының ауруларынан зардап шегетіндер;
- дене салмағының жоғарылауы әсерінен асқынатын аурулардан зардап шегетіндер (гипертония, жүрек тің ишемиялық ауруы, тыныс алу жетіспеушілігі бар өкпе ауруы);
- кәсіби немесе тұрмыстық себептерге байл анысты тұрақты күйзеліске ұшырағандар;
- белгілі бір өмірлік немесе физиологиялық кезеңдегі адамдар (жүктілік, лактация, менопауза, кәрілік);
- семіздікке алып келетін гормондық, психотропты препараттарды, контрацептивтерді қабылдауға мәжбүр адамдар;
Толқын АЙМАХАНОВА, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы
Келесі мақала