"JAMBYL"-ДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАРЫ
Аптаның алғашқы күні жағымды жаңалықпен басталды. Дүйсенбі күні 33 жылдық тарихы бар «Jambyl» телеарнасы жаңа маусымын бастады. Осыған орай телеарна ғимаратында арнайы презентация өтті.
Оның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев, «Aulieata-Media» ЖШС директоры Оралхан Дәуіт, бірқатар телеарна ардагерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Маусымашарда телеарнаның жаңа 33 жобасы таныстырылды. Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев аймақтық телеарнаның өңіріміз үшін алар орны ерекше екенін атап өтіп, «Jambyl» радиосының ардагері Амангелді Нұрпейісовті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, шеф редактор Наймбек Бағбановты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Ашылу салтанатына келген телеарна ардагерлері Қаржаубай Сыдықназар мен Асқарбек Сейілхан да облыстық арнаның бай тарихына тоқталса, ақын Ғайни Әлімбекқызы өз өлеңін оқыды.
33 жылдық белесті бағындырған қарашаңырақтың жаңа маусымдағы тартуы да аз емес. Мәселен, әр таң сайын «Рауан» сіздерді шақырады, түрлі қызыққа батырады» немесе Жомарт Есқара жүргізетін халық пен әкім, билік пен бұқара арасындағы түйткілді тарқатуға арналған «ӘКІМ 08» хабарлары көрермен көңілінен шығатыны анық. Аймақтың тынысын, сан саланың қыруар жұмысын Бақытжан Әлімқұлов «8-аймақ» хабарында саралайды. «Jambyl» арнасында тұңғыш рет «Aulieata-Media» холдингімен бірлескен, тізгінін Оралхан Әбдірашұлы ұстаған «Қаламгер клубы» бағдарламасы, подкаст форматындағы «Әлқисса» жобасының жұртшылыққа жол тартуы да үлкен олжа.
Телеарна эфирінде мұнан өзге «Анаға тағзым» орталығымен бірлескен жарқын жобалар да берілмек. Журналист Эльмира Мырза-Ғалидың «Жүректің сөзі» бағдарламасы жамбылдық көрермендердің рухани сұранысын өтейді деп сенеміз. «Бақыт кілті» хабарында Қымбат Қаржауқызы нәзікжандылардың даралығы мен даналығын таразылайтын болады. Сонымен қатар Жалғас Саңғылмен бірге «Ел азаматының» халық біле бермейтін ерекше қырларының куәсі болудың да сәті түсіп тұр. Ардақ Сапибулла тізгінін ұстаған әскердегі жауынгерлердің күнделікті қауіп-қатерге толы өмірінен сыр шертетін «Патриот» хабары да ел үдесінен шығары хақ. Мұнан өзге де тың һәм сом жобалар телеарнаны түрлендіре түспек.
Мерекелік жиынды түйіндеген «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева қуанышты бөлісуге келген қонақтарға алғысын жеткізіп, көрермен сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмыс жалғаса беретіндігін айтты.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала