Балаларын спортқа баулып жүр
Жамбылдық жас теміржолшылардың отбасында тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздардың өнер, оқу, спорттағы жетістіктері – отбасындағы өнегелі тәрбиеден болса керек-ті. Әулиеата өңіріне белгілі, теміржолдағы еңбек өтілі 290 жылға жетіп жығылатын Букеновтер династиясының белді өкілі – Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясының энергодиспетчері Нұрболат Мелдебековтың төрт баласы бар. Жұбайы – Ләззат Мелдебекова да теміржолшы. «ЖТ – Жамбыл бөлімшесі» кәсіподақ ұйымының іс жүргізушісі. Дәулеті тасыған бұл әулеттің басты ұстанымы – балаларына жақсы тәрбие беріп, өнегелі жол көрсету. Бұл дәстүрін үзбеген сабақтастықпен жалғасып келеді.
Балаларының үлкені, №51 Нарғозы Данаев атындағы орта мектептің үшінші сынып оқушысы Мұрат таэквондомен айналысады. Тараз қаласындағы «JITAE» таэквондо клубына барып жүрген Мұрат бүгінге дейін пумсэ, спаринг жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізуде. Өзі елгезек, болашақта еліміздің көк байрағын шетелдерде желбіретіп, чемпион боламын деген арманы да бар. Ал Камила спорттың ерекше, әдемі
түрі – көркем гимнастикамен айналысады. Талапты қыз гимнастикамен айналысып жүрген екі жылдың ішінде 12 жарысқа қатысып, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларындағы жарыстарда топ жарды. Камила да жоғарыдағы мектептің екінші сынып оқушысы. Екеуі де оқу озаттары. Ата-аналарының мақтанышы. Айла екі жаста болса, бұл шаңырақтың кенжесі Ахмедияр екі айлық.
– Спорт мейірімділікке, қарапайымдылыққа тәрбиелейді. Сондықтан балаларымызды спорттық үйірмелерге беріп отырмыз. Өздері де қызығушылық танытып, бүгінде жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Келешекте қандай мамандық таңдайды – әрине, ол өз таңдауларында. Теміржолшылар династиясын жалғастырып, теміржол мамандығын таңдаса оған да қарсылығымыз жоқ. Біз көпбалалы отбасы болсақ дейміз. Ата-анамыздың берген тәрбиесі бар, оның үстіне бала бір-біріне қарап өседі ғой. Басты мақсатымыз – оларға жақсы тәрбие беру, – дейді отағасы Нұрболат Ілиясұлы.
Ерман ӘБДИЕВ, Тараз қаласы Суретті түсірген автор
Келесі мақала