ЕСАҒА (эссе)
Біздің ауылдың адамдары, негізінен, әдебиетшіл болды. Олар үшін мақал-мәтелдің майын тамызу, тұрақты сөз тіркестерін ұтымды қолдану, ұйқас қуалап сөйлеу немесе масаңдау жүретін Тәшен көкем құсап «Иейін, иейін, етігімді киейін», «Құрылыс-ау, Құрылыс-ау, мына көшенің қайда бұрылысы-ау» деп өлеңдетіп жіберу әдеттегі жағдай болатын. Құрылыс – бір замандасымыздың аты еді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
Ал тысы ақжемденіп немесе мұқабасының жұлым-жұлымы шыққан романдар мен хикаяттар, әңгімелер жинақтары үйден-үйге «қыдырып» жүретін. Ондай «қыдырымпаз» кітаптардың мұқабаларының ішкі жағынан ауылдың аузы жеңіл оқырмандарының «Оқыдым, қызық екен. Саған да оқуға кеңес берем» немесе «Оқыдым, онша емес» деген сияқты қысқа қайырылған жақсылы-жаманды «тұжырымдары» да кездесетін.
Алақандай ауылдың маңдайына жазылған байлығы – сөзуарлықпен және кітапқұмарлық «дертімен» есейе келе мен де «ауырдым». Қазір ойлап отырсам, «Сенде қандай кітап бар?», «Сен қай кітапты оқып жатырсың?» деген сауалдар менің бүгінгі пенделік тіршіліктен бейкүнә шақтағы жауқазынның жапырағындай үлбіреген жаныма ең жақын сөздер екен.
Оқитын кітаптарды көбінесе Есболған, Шорабек, Серік, Әбиірбек (кейін Шорабек Айдаров пен Серік Томанов елге танымал ақын болды) атты өзімнен екі-үш жас үлкендігі бар ағаларымнан алатынмын. Ал олардың маған «қызық» деп ұсынған кітаптарының мұқабаларынан Есалы сияқты асқар таудай ағалардың қолтаңбаларын көретінмін. Сонда бір кітап біздің ауылдың бірнеше ұрпағының қолынан өтетін болғаны ғой.
Оқу деген – мектеп, оқу деген – тәрбие, білім. Жас кезімнен жанымды баураған Жюль Верн, Марк Твен, Артур Конан Дойл, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Бердібек Соқпақбаев, Шыңғыс Айтматов, Шерхан Мұртаза шығармалары қолыма осындай тәрбиелік мәні жағынан алып қарағанда өте жоғары эстетикалық эстафета арқылы тиген-ді.
* * *
Ауылымыздағы Амангелді атындағы 8 жылдық мектептің шағын буфеті болатын. Онда сатушы болып физикадан да, физкультурадан да сабақ бере беретін бесаспап Әлден ағайдың үйіндегі жеңгеміз істеді. Буфетіміз де «әмбебап» дүкен сияқты, оқушыларға қажетті кітап, қалам-қағаздармен бірге түрлі-түрлі кәмпит-пішіни дегендер қорап-қорап болып тұрады. Оның үстіне Әлден ағайдың үйіндегі жеңгеміз Үміт (ол кезде «жеңге» деп, желімдей жабысу қайда) дәмді иісін бұрқыратып ыссы бәліш пісіреді. Үлкен үзіліс кезінде арасына алманың шырын қойыртпағын салып пісірген сол ыссы бәлішке қарнымыз тойғанша ауыз саламыз. Бір күні сол ыссы бәліштердің иісі жетелеп буфетке барсам, сөреде бұрын көзіме шалынбаған бір сарғыш мұқабалы кітап тұр. Мұқабасындағы суретке көзім түсуі мұң, сатып алып оқығым келіп кетті. Өйткені су түбіндегі балдырларға араласып жүзіп бара жатқан (дұрысы, суға батып) балақайдың тағдыры өте қызық сияқты болып көрінді. Кітаптың
аты – «Ақ кеме». Бірақ бағасы әжептәуір қымбат болғандықтан қалтамның түбіндегі тиын-тебенім оны сатып алуға жетпеді.
Содан буфетке барған сайын әлгі кітапқа минуттап қарап тұратын болдым. Бірде «Ақ кемеге» жететін ақша қалтама түскен күні болар, сірә, қазаннан жаңа түскен ыссы бәліштің орнына буфетші жеңешемнен жанымды баураған сарғыш кітапты сұрадым. Сол кездегі жеңгемнің таңғалғанын көрсеңіз: өзінің көздері бұрын да үлкен еді, сол одан сайын бақырайып кетті. Сірә, Амангелді ауылының сырбаз жігіттерінің бірі Әлден ағайға тұрмысқа шығып, одан Амангелді атындағы 8 жылдық мектепке буфетші болғалы бері ойын қуған оқушының әдеби көркем кітапқа ақша жаратқанын бірінші рет көріп тұрған болуы керек. Өйткені мектептің қасынан буфет ашылып, онда оқу-құралдарымен бірге көркем әдебиеттер де сатыла бастағанға дейін ауылымызда қызық кітаптарды бір-бірінен сұрап алып оқу деген «дәстүрге» сызат түспеген болатын.
Сөйтіп, жеңешем маған таңғала қарап тұрып сатқан кітапты қолыма ұстадым да салып ұрып үйге келіп, сары мысығым меншіктеп алған пештің түбіне жайғасып алып, бас көтермей оқуға кірістім. Алғашқы сөйлемін оқыған сәттен бастап-ақ кітап таңдау жөнінен қателеспегеніме көзім жетті. Өйткені «Баланың екі ертегісі бар болатын. Бірі...» деп басталатын жолдар менің жаныма өте жақын еді.
* * *
Ол кездегі ұстаздарымыз оқушыларының білім-білігінің қай деңгейде екенін қандай әдеби кітаптар оқитынын сұрау арқылы білетін. Бір күні әдебиеттен, жағрафиядан және тағы басқа сабақтан беретін ағайымыз Есалы оқушыларына осы сауалды қойды. Әркім өз оқыған кітаптарын айтып жатыр. Әрине, мен соңғы оқыған кітабым «Ақ кеме» екенін айттым. Бірақ бұл «жаңалығым» Есалы ағайымды жалт қаратады деп ойламаған едім. «Шынымен бе?!» деді, таңырқағандай. Кітапты сатып алғанымда буфетші жеңгем бір таңғалап еді, енді әдебиетші ағайым ауылдағы екінші кісі болып таңғалып тұр. Бұдан бұрын тарихтан сабақ беретін Шайтұмақ Көпәділов ағайымды «Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» деген кітабын оқыдым» деп таңғалдырғам. Біздікі ол кезде оқиға қуып оқу ғой, ал ұстаздарым кітап мазмұнының салмағына қарайды екен дағыны, соны оқушысының шынымен-ақ оқып шыққанына таңғалады екен.
– «Қош, Гүлсарыны» оқыдың ба?
Кітаптағы «Ақ кеме» повесінен кейін «Қош, Гүлсарының» хикаясы басталатын. Бірақ ол кіл «үлкен кісілер» туралы болғандықтан мені «Ақ кеме» сияқты аса қызықтырмап еді. Ал Есалы ағайым болса тура соны сұрап тұр «оқыдың ба?» деп. Сасқанымнан «оқыдым» дей салдым. Өйткені аға сауалынан кейін сөзсіз оқып шығатыныма сенімді едім.
Есалы ағайым «жарайсың» деді де, толғанып кетті.
– Шіркін, жазушы деп Айтматовты айт! Қандай керемет, ә?! Танабай қайтыс болғандағы сәтті бейнелеуі ше?! Қалай тебіренбейсің, қалай толқымайсың?! Қырғыздардың ауылына қарай ат қойып, «бауырымдаған» қазақтардың туысқандық сезімін бірауыз сөзбен қалай шынайы суреттеген, – деп, көсіле жөнелді.
Маған риза болғаны соншалық:
– Сен мұнымен шектелме, Шыңғыс Айтматовтың «Тау мен дала хикаялары» деп аталатын үлкен жинағы бар, соны оқығын, – деп, бір қалың кітапты әкеліп берді. Ішінде «Ана – Жер Ана», «Алғашқы мұғалім», «Шынарым менің, шырайлым менің» және «Бетпе-бет» сияқты күрделі хикаяттар топтастырылған қалыңға тісім бата қоймас деп ойлағам, жоқ, Шықаң шеберлігінің жәрдемі тиіп, көп ұзамай оны да тауысып бітірдім.
Осыдан кейін Есалы ағай екеуміз кәдімгідей дос, кәдімгідей сырлас болып кеттік. Сабақ өткізіп тұрып өзі жақында ғана оқыған шығармаларын, олардың авторлары туралы айтып беретін. Бір күні сабақ үстінде ерекше риза болып, Сайлаубай Жұбатыров деген жазушының «Алыстағы аралдар» деген хикаяты туралы айтты.
– Жап-жас жігіт, қандай тамаша дүние жазып тастады, – деді сүйсініп.
Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары ғой, көп кешікпей «Жалын» журналынан Сайлаубайдың әлгі хикаятын оқып, мен де риза болдым. Сайлаубай сияқты жазғым келді. Бұрын Бердібекше жазғым келетін. Өйткені Бекеңнің жетім кейіпкерлерінің көңіл күйі мінез-құлқы маған да жат емес еді.
* * *
Осы күні мен «жаны ақын, жүрегі жазушы Есалы Қырықбаевқа жететін ұстаз жоқ екен-ау» деп ойлаймын. Өйткені сол кезде бәйге алған шығармасын бәлкім Қызылорда, бәлкім Алматыда «тойлап» жатқан жас жазушы Сайлаубайдың талантына тәнті болып, онымен қоймай оқушыларына тамсана әңгімелеп, олардың ішінде менің құлағымды «көтеруі» – нағыз ақжүректік екен ғой. Қазір кім солай қуана алады?
Құдайға шүкір, хикаяттарымыз жүлдеге ие болады, әңгімелеріміз беделді газеттерде жарияланып жатады, бірақ қуана құттықтайтындар жоқ, бар болса... некен-саяқ. Тіпті қасыңда жүрген қаламдастарыңның өзі естісе де естімеген, көрсе де көрмеген, оқыса да оқымаған бола қалады. Осы жағынан қарағанда, Есалы Қырықбаев сияқты талантты оқырманын тапқан Сайлаубай Жұбатыровты сол кездегі нағыз бақытты жазушылардың бірі деп есептеу керек.
Бірақ өкінішке қарай, Сайлаубай сияқты көптеген қаламгерлер ел ішіндегі аузын ашса жүрегі көрінетін Есалы сияқты ақынжанды оқырмандарымен кездесе алмай, сырласа алмай кетті ғой. Мысалы, біздің ауылға оқырмандар жақсы көретін Ғабит, Бердібек, Шерхан, Сайын, Тынымбай, Дулат, Оралхан, Марат (Қабанбаев) сияқты жазушылар емес, мүлде басқалар келетін. Осы күні «бұл да «асауға тұсаудың» бір саясаты шығар» деп олаймын.
Есалы ағайымның әдебиетшілігіне қоса тәп-тәуір ақындығы, жап-жақсы қаламгерлігі де бар еді. Аудандық газетке анда-санда өлеңдері, очерктері жарияланып тұратын. Мен де ағайыма еліктеп бірдеңе жазғым келді. Жаза алмайтын адамдарға жазу деген өте «оңай» болады ғой, бір жаңа жылдың қарсаңында пештің түбінде отырып балаларға арналған «скетч» жаздым да тастадым. Есалы ағама алып барып оқытып едім, жанының кеңдігін қойсаңшы, бірауыз сын айтпастан, мақтап-мақтап «мектеп сахнасына қоямыз» деді. Өзімді бір «рөлге» бекітті. Бір «рөлін» Асқарбек Айдаров деген сыныптасым алды. Жаңа жылда соны сахналадық. Шәкірттері скетч жазып, оны өздері сахналауы үлкен жетістік емес пе, сынып жетекшіміз жерден жеті қоян тапқандай мәз. Есалы ағайымды қуантайын деп одан кейін «Құпия» деген тағы бір пьеса «жазып» тастадым. Ағайым оны да мақтады. Осы күні ойласам, «баланың меселі қайтпасын» дейді екен ғой. Мақтағанымен қоймай, сол кездегі оқушылар газеті «Қазақстан пионеріне» хат арқылы жолдататын. Бірақ ол жақтағылардың жүрегі мен көңілі менің Есалы ағайымның жүрегі мен көңіліндей емес пе, әйтеуір, газеттеріне жариялауды да, хат жолдап, жақсы-жаманы туралы пікір айтуды да жөн деп таппайтын.
* * *
Бірақ Есалы ағайым менен күдер үзген жоқ. Басқа қырымнан шыңдай бастады. Қабырға газетін шығаруды үйретті. Жағрафия класын безендіру керек болғанда да менің көмегіме жүгінді. Әлі есімде, «Жиһанкездер» деген сөзді оюлап тұрып жазып бергенімде басқа мұғалімдерге көрсетіп, туған ағамдай сүйсінгені бар.
Ағайымның бір қасиеті оқушысының қабілетін бірден танитын. Біз сабақ оқып жатқан кезде Әлден ағай футбол алаңына спортқа бейімі бар ересек оқушыларды жинап, спартакиадаға дайындаушы еді. Біз алаңдағы жүгіріп, секіріп, турникке тартылып жатқан оқушыларға терезеден қызыға қарап отыратынбыз. Сабақтан да сән кететін. Әсіресе Бекен Көкірекбаевтың екі көзі спорт алаңында болатын. Басқа мұғалім болса, ондай оқушыны тақтаға шығарып немесе «бұрышқа» тұрғызып қояр еді, ал Есалы ағай «Әй, Бекентай, сенің әдебиеттен гөрі спортқа көбірек пайдаң тиеді кейін» деп, партасында тықыршып әрең шыдап отырған аяқ-қолы ұзын оқушысының «жүгенін» сыпырып, спартакиадаға дайындалып жатқан жоғарғы сынып оқушыларына қосып кеп жіберетін. Кейін Бекен, шынында, ауданға, облысқа белгілі шабандоз, балуан болды.
Сол Есалы ағамның жазғандарымды жас кезімнен жаратып, мақтауының арқасы шығар, тоғызыншы кластан бастап аудандық газеттерге хабарларым, шағын мақалаларым жариялана бастады. Мектепті бітіріп, ауылда құрылысшы болып жүргенде осы күнгі «Aq Jol» газетіне (ол кезде «Еңбек туы» деп аталады) «Алатауыма» деген өлеңім шықты. Ал мақала жазу деген сөз болмай қалған. Солардың бәрін жинап алдым да Алматыға барып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Оны бітірген соң алдымен аудандық, сосын облыстық, республикалық газеттерді бағындыра бастадым.
«Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болған кезім еді. Кабинетім облыстық әкімшілікте. Арыз-шағыммен көп адам келеді. Тоқсаныншы жылдардың басы, ел «пай» дей ме, «көк қағаз» дей ме өзіне тиесілі жерін алып, шаруамен айналыса бастаған. Онысының жақсы жақтары да, жаман жақтары да бар екен. Жақсы жағы «жер ал, егін ек, мал бақ, рұқсат» дейді, ал жаман жағы – тамыр-таныстары жоқтар өзіне тиесілі жердің не су бармайтын, не шөп өспейтін жарамсыз жағына ғана ие болады екен.
* * *
Сондай күндердің бірінде ауылдан Есалы ағайым келді. Қасында Тұрар деген көкем бар. Екі зейнеткер бірігіп, шаруа қожалығын ашыпты. Тұрар аға бұрын сушы болған, шаруаның жайын білетін диқан. Алған жерлері де Жұмабек каналының дәл қасы. Жақсы жер. Бірақ соған қызыққан біреулер «анауың дұрыс емес, мынауың болмайды» деп құжаттарын бермей, сөзбұйдаға салып жүр екен. Көкелерімнің маған келгендегі шаруасы осы. «Қазір» дедім де телефонға жармастым. Тиісті мекемелердегі тиісті қызметкерлерге телефон шалып, мәселені айттым. Осы уақытқа дейін екі көкемді әуреге салып жүргендер «Ойбай, қазір келсін, бүгін бітіріп береміз» деп жік-жапар болды.
Бірақ Есағам нарық талабымен бүгін шаруа болса да, қаны ұстаз, жаны ақын ғой, екі көзі үстелімдегі текшелеп жиылған газеттерде. Газет болғанда, «Egemen Qazaqstan» - ның өткен жылғы нөмірлері тау болып үйіліп тұрған. Биылғысы да соған жетеқабыл.
– Мына газеттеріңнен бересің бе? Қазір ауылға газет те келуді қойды, – деді Есағам.
– Есаға, көтере алғаныңызша ала беріңіз.
Есағам қуанып кетіп, қалаған газеттерінің бәрін алды да кетті.
Кейін қалаға келген сайын ауылына газет ала қайту үшін кабинетіме келіп тұратын болды. Баяғы шаруасы да өздері ойлағандай бітіп, көңілдері орнына түсіпті.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жаманат хабар жетті. Тараз қаласының тар көшелерінің бірінде Есалы ағайымды автокөлік қағып, қаза тапты. Түнделетіп Бекеннің үйіне бара жатыр екен. Бекен – Есағаның әрі шәкірті, әрі туған балдызы еді. Тараз қаласының бұзықтарын тізгіндеп ұстауға шамасы да, беделі де толық жететін Бекен сыныптасым айбоз ағамызды қағып, мерт қылып кеткен әлгі безбүйрек жүргізушіні сабылып қанша іздесе де таппай қалды. Тапқан күнде де Есалы ағайымдай асылды тірілтіп бере ала ма ол мұндар?!
«Орнында бар оңалар» деген. Есалы ағайымның баласы Азамат тура әкесінің аузынан түсе қалғандай. Ақкөңілділігі де айнымай тартқан. Ақындығы да бар. Өлеңдерін оқып береді анда-санда. «Жақсы екен, жарайсың!» деймін, баяғы өзіме риза болған Есалы ағайымша еркелетіп. Кейде кейбір мінездеріне ұрсып та алам. Ондайда біразға дейін көрінбей, біразға дейін хабарласпай, жоқ болып кетеді. Бірақ Есалы сияқты ақжүрек азаматтың тұяғы емес пе, кездесіп қалғанда «Ассалаумағалейкүм, көке!» деп аңқылдай амандасып тұрады. Ондайда мен қысылып, мен ұяламын: Есалы ағайымның аруағын ренжітіп, аты арымайтын, тоны тозбайтын ақын інімнің аппақ көңілін қарадай кірлеттім-ау деп...
Келесі мақала