Таластың табысты жас тракторшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгерту қажет екенін атап көрсетті. Аталған Жолдауда Мемлекет басшысы: «Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.
Өкінішке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында. Күнделікті өмірде гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегін менсінбеушілік етек алды», деді.
Осы күні ауылдық жердегі іргелі шаруашылық басшыларымен тілдесе қалсаң, көбісі ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы екенін сөз етіп жатады. Агроном, зоотехник, мал дәрігерлерін айтпағанда қарапайым жұмыс күшін қажет етіп отырған шаруа қожалықтардың малшы, сушы механизаторға зәру болуы ойланарлық жағдай. Қай кезде де маман тапшылығы өндірістің жолын байлап, тоқырауға ұшырататыны белгілі. Негізінде бұл экономиканың күретамыры саналатын ауыл шаруашылығы саласында маман даярлаудың кемшілігінен болып тұрған жоқ. Әңгіме ауыл жастарының шопан, сушы, тракторшы секілді мамандықтарды қол көрмейтінінде немесе шаруашылық иелері жұмыс күшін төмен жалақыға іздейтіндігінде болып тұр.
Көпке топырақ шашуға болмас. Бірақ жұмыссыз отырып, жұмысшы мамандығынан қашатын жастар қоғамда бар екенін айта кетуіміз керек. Шөп басын сындырмай, шалжиып жатып, ата-ананың не отбасының өзге де мүшелерінің табысына
ортақтасу – барып тұрған масылдық. Ал қашан көрсең қара жұмыстың қайнаған ортасында жүретін, нағыз еңбектің дүбірін қыздыратындарға қоғам тарапынан көрсетілетін құрмет ешқашан толастамайды. Мұндай азаматтар қашанда өзгеге үлгі. Мәселен, Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғыны Алмас Төленбай ауыл тұрғындары арасында елгезек, ұқыптылығымен көзге түсіп жүрген жас көрінеді. Ауыл әкімі Ғарифулла Байкенжеев қай істе болмасын тер төккен адамдардың еңбегі елеусіз қалмайтынын, Алмастың ауылдықтар арасында мақтаулы жігіт екенін сөз етті.
– Жалпы біздің ауылдық округке екі елді мекен қарайды. Оның ішінде Қызыләуіт ауылының тұрғындар саны – 2 091, Ақтөбе ауылында 118 адам бар. 337 түтіннің 3 12-ісі ауылдық округ орталығында. Округ бойынша 2 199 тұрғынның 215-і жастар. Оның ішінде 45-і жұмыссыз. Жастардың 47-сі кәсіпкер, 37 өрен мемлекеттен грант алып, өз ісін бастаса, 58-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Ал еңбекпен қамтылған жастар
саны – 65.
Десе де көшеде босқа сандалып жүрген жастар жоқ деуге болады. Бірі қорасындағы 5-10 тұяқ малына қараса, тағы бірі ауласындағы бау-бақшасын күтіп-баптайды, тағы бірі өз қабілетіне қарай сұранысқа сай қызмет көрсетеді. Тоқетерін айтқанда, ауылдықтардың арасында ырзығын маңдай терін төгу арқылы тауып жүрген жастар жетерлік. Соның бірі – Алмас Төленбай. Жас та болса өз ісінің нағыз маманы. Ол жеке тракторымен тұрғындарға сапалы қызмет ұсыну арқылы ауылдастардың әжетіне жарап тұр.
«Еңбек ер атандырады» дейді қазақ. Адам жұмысшы болса да, басшы болса да нәпақасын адал жолмен тапса, өз ісінің білгірі ретінде еңбегін ел жоғары бағаласа, нағыз еңбек адамы сол, – дейді Ғарифулла Тоғайбекұлы.
Алмастың әкесі Бекзат ауылдағы К.Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің белді тракторшысы. Ол ширек ғасырдан бері трактор тізгіндесе, Атасы Төленбай да ұзақ жыл кеңшардың білікті механизаторы болған.
Үйде төрт ұлмыз, жасым 22-де. Менен үлкен бір ағам, соңымнан ерген екі бауырым бар. Барлығы да техникаға жақын. Техникаға әуес болуыма әкем әсер етті деп ойлаймын. Сол кісінің қасында жүріп, көп нәрсе үйрендік. Мамандықты Ақкөл ауылындағы «№14 Талас» кәсіптік лицейінде оқу арқылы игердім. Осыдан төрт жыл бұрын қаражат жинап, нағашымның тракторын 1 миллион теңгеге сатып алдым. Тракторға жылдың 4 мезгілінде де жұмыс бар. Десе де бізде көктемгі егін мен жазғы шөп ору науқанында жұмыс қыза түседі. Қара күзде елдің отын-суын тасимыз. Мәселен, бір гектар жерді 35 мың теңгеге жыртсақ, бір тіркеме баялышты 35 мың теңгеге түсіреміз. Қыс мезгілінде айына 200 мың теңге тапсам, көктемнен қара күзге дейінгі науқан уақытында айына 500 мың теңгеге дейін табыс табамын. Кейде ауылдастардың жағдайына да қараймыз. Анам Айман ауылдың дәрігерлік амбулаториясында мейірбике болып еңбек етеді. Біз еңбексүйгіштікті ата-анамыздан үйрендік, – деді Алмас Бекзатұлы.
Тракторын шөп оратын, артатын, тіркеме, соқа-сайманына дейін жабдықтап алған Алмастың қызметіне ауылда сұраныс жоғары. Күніне 10 гектар жер жыртатын Алмастай жастар шаршауды білмейді. Осыдан кейін ауыл жастары жалқау дегенге ауыз бармайды. Ауыл әкімі де жас жігіт. Ол өз замандастарының дені еңбекқор екенін сөз етуі «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді деген нақылды еске түсірді. Расында да маңайындағылар, әсіресе үлкендер жастардың жігерін жанитын сөз айтса, адамның еңбекке деген құлшынысы арта беретіні сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала