Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәңіртаудың тарланы

Тәңіртаудың тарланы
ашық дереккөз
Тәңіртаудың тарланы
Халық даналығында «Заманына қарай адамы» деген нақыл сөз бар. Бұл сөз тіркесінің тура мағынасына үңілсек, көз алдымызға қазіргідей нарыққа бейімделген заманда күнкөріс қамы үшін заманына қарай амал етіп жүрген адамдар тобы елестейтіні анық. Егер біз ойлағандай өз заманының, өз қоғамының дегеніне халық түгел мойынсынумен күн кешсе, тағдырымыз, талқанымыз баяғыда-ақ түгесілер еді. Ал мұндайда халық ішінен бас көтеріп, қолына байрақ ұстар бір перзенттің өмірге келуі заңдылық. Жалпы, қазақ басынан талай құқайды, талай нәубетті өткерген тағдырлы халық. Сондай нәубетті жылдарда, бәлкім зарлы замандарда біздің ұлт ретінде жойылып кетпеуіміз үшін, яғни қазақ халқының мүддесі үшін бүкіл өмірін күреске арнаған айтулы тұлғалар қай заманда да өмірге келіп жатты. Ондай тұлғаларды ұлт құрсағы сол кездегі заман, сол кездегі қоғам қажет еткендіктен дүниеге әкелді. Олардың бір шоғыры ел мен жер үшін болған ұлы шайқастарда ерлік жасаса, тағы бірі қараңғы халықтың көзін ашу үшін ағартушылықпен айналысты. Осы тектес есімі халық жадында мәңгі жатталып қалатын ұлы тұлғалардың өмірге келуіне «сол заман, сол қоғамның қажеттілігі себеп болды» деуіміздің сыры осында. Әулиеата өңірінде 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақтың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да – халық үшін туып, бар өмірін ұлт мүддесіне арнаған, көзінің тірісінде-ақ «Шындықтың шырақшысы» атанған адам. Тәуелсіздігімізді қорғауда табандылық танытқан, ұлт болашағына, тіл тағдырына алаңдаған перзентіне деген халықтың құрметі де айрықша. Мұны біз Тараз төрінде басталған торқалы тойдың өзі туып-өскен қасиетті Тәңіртаудың етегіндегі Мыңбұлақ жайлауында орналасқан Талапты ауылында жалғасуы барысында байқадық. Онда алдымен аталған ауылдағы Шерағаның өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды музей үй болып ашылып, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұхтар Шаханов, Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Гүлдара Нұрымова, Ильяс Буларов, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан салтанатты іс-шарада әдеби-мемориалды музей үйдің лентасын қиды. Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев жазушының балалық кезі мен білім алған шақтары, студенттік жылдары, журналистика және жазушылық қызметі, саяси қызметке араласуы, жұмыс кабинеті мен инсталяциясы орналасқан әдеби-мемориалдық үйді республиканың түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушы, халық қалаулысы секілді зиялы қауым өкілдеріне кеңінен таныстырады. Жұртшылық әдеби-мемориалды музей үйдің кіреберіс қақпасынан бастап, алаңшаға дейін әріптесіміз, фотограф Алтынбек Қартабайдың Шерхан Мұртазаға қатысты мұрағатынан және өзге де фототілшілердің еңбегінен құралған «Шынның жүзі – Шераға» атты фотокөрмесіне көз жүгіртті. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырған көрме де көпшілік көңілінен шықты. Өз кезегінде қадірменді қонақтар бұл үй болашақта өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын насихаттайтын орталық ретінде қызмет ететініне сенім білдірді. Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгердің 90 жылдық мерейтойы барысында жұртшылық ашық алаңдағы сахнада А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұсынған Шерхан Мұртазаның өмірі жайлы «Шер-хан» спектакльінен үзінді тамашалады. Сахналық көрініс барысында Ш.Мұртаза рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков, ал бала Шерханды Жорабек Төлеген сомдады. Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз алып, Шерхан Мұртаза есімінің ел жадында жатталғанына жарты ғасырдың шамасы болғанын, осы уақыт аралығында әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылғанын, олардың арасында Шерағаның шоқтығы биіктеп, жұлдызы еш көмескіленбей, қайта бұрынғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түскенін тілге тиек етті. Жұлдызы биік Жуалы жері талай тау тұлға азаматтар мен дүлдүлдерді дүниеге алып келген қасиетті мекен екенін, Шерхан Мұртаза осы қасиетті топырақта өмірге келіп, ақиқаттың алдаспанына айналған тұлғалардың бірі әрі бірегейі бола білгенін айтар ойына тұздық етті. – Еш уақытта біреуден именіп, біреуге иіліп сөйлемейтін, қандай жағдайда да белі бүгілмейтін, қай кезде де сөзі үзілмейтін Шерхан Мұртазаны қазақта білмейтін жан кем де кем. Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Оның шығармалары да өзі сияқты тағдырлы еді. Шерағаның туындылары қазақ халқының көркем әдебиетінің өркендеп, өсуі жолындағы баға жетпес зор табыс болды. Ол өз халқымен бірге жасап, қатар тұрып қалыптасқан қайсар тұлға. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз.  Өзінің Бауыржан (Момышұлы) ағасына ұқсаған тұлғасымен, мінезімен, жеңімпаз, жасампаз рухты қалыптастырған қайраткер. Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды. Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қарымды журналистердің көбінің «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақтанатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы.  Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жалын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса маңызды тақырыптарды қозғады. «Қызыл жебе» романы арқылы қысқа ғұмырында ұлты үшін үлкен істер тындырған көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловты елімен қайта қауыштырды. Өзі айтқан, бүгінде халық арасында мәтелге айналған, оқырманды ойға жетелеп, өмірлік сабақ беретін «Бір кем дүниесі» халқының мәңгілік қазынасына айналды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп хакім Абай айтқандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қалдырған Шерағаның қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақталып, туындылары мәңгілік рухани азық болатыны сөзсіз, – деген Нұржан Молдиярұлы Шерағаңның мұрасын дәріптеу, ұлттық поэзиямызды насихаттау, ата дәстүр рухын ұлықтау мақсатында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Шынның жүзі – Шераға» атты республикалық ақындар мүшәйрасы мен «Ақиқаттың ақ туы» атты респубикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Марапаттау барысында бас-аяғы 12 ақын-жазушы диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтарға ие болды. Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына келген белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер майталмандары мен қаламгерлердің ішінде сөз алғандар ақиқаттың алдаспанына айналған Халық жазушысының туған жеріне ұлы тұлға туралы ар алдындағы адал сөздерін айтуға келгендерін аңғартты. Мәселен зиялы қауымның ішінде алғашқылардың бірі болып сахнаға көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов бата беріп, ел-жұрттың тек шындық, елдік-ұлттық, рухани-парасат биігінен көрінуін тіледі. – Мен осы ауданда туып-өстім. Сегіз айлығымда әкем өмірден өткен екен. Есімді біліп қалған кезде көрші тұрған бір үйде әкесі баласын сабап жатқан жайтты көріп, жылағаным бар. Сонда шешем «Сен неге жылап жатсың, ол сені емес, өз баласын ұрып жатқан жоқ па?!» деп маған таңдана қарады. Сонда мен өзімді ұратын әке жоқ екенін айтып, көзіме жас алған едім. Бірақ осы Жуалы жұрты менің әкем де, шешем де болды. Осы жерде Баукеңдей батыр, Шерхандай шындық іздеген батыл тұлғалар өмірге келді. Біз осындай тұлғалармен бақыттымыз, осындай тұлғалармен мақтанамыз. Қайбір жылы Астана қаласында Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші орнатылды. Жыл сайын желтоқсан айында сол ескерткішке барып, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырғанмын. Бірақ Баукеңнің ескерткіші елордада жалғызсырап тұр, маңайында басқа ешкімнің ескерткіші жоқ. Сол үшін оның қасына Шерхан Мұртазаның ескерткішін орнатсақ деген ұсынысым бар, – деді Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев. Бұдан кейінгі сөзді академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбден алып, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі бірдей шақырылымында Ш.Мұртазамен әріптес болғанын, ұлт мүддесі таласқа түскенде аз ғана топ қарсылық білдірсе, оларға Ш.Мұртаза бас болғанын, Парламенттің таратылуына Шерханның шындығы себеп болғанын тілге тиек етті. «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы журналистика саласына өте кеш келгенін, әрдайым Шерхан Мұртазадан ағасы ретінде ақыл-кеңес алып тұрғанын тәптіштеді. Біз дүбірлі іс-шараның өту барысы жайлы қатысушылардың пікірін білуге тырыстық. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып мерейтой жоғары деңгейде аталып өткенін, аталған іс-шара Шерағаның қазақ журналистикасының, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін және кезінде үлкен әдеби орта қалыптастырған үлкен тұлға екенін атап өтті. Ардагер журналист Бекет Момынқұл той өтерден бір күн бұрын күн суытқанда «Қар жауып кете ме?» деп күдіктенгенін, алайда ертесіне күн жадырап сала бергенін Шерағаның сесті, мінезді болғанымен, жүрегі жылылыққа толы болғанымен байланыстырып, қонақтардың республиканың әр өңірінен келуін Шерағаға деген сағыныш деп білетінін меңзеді. Іс-шара барысында «Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысы жеңімпаздарының жұптық айтысы жұртшылық назарына ұсынылып, оның соңы облыстағы айтулы өнер жұлдыздары тарту еткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар