Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ГАЗЕТТІҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРУ ҮШІН ОҚЫРМАННЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ»

«ГАЗЕТТІҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРУ ҮШІН ОҚЫРМАННЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ»
ашық дереккөз
«ГАЗЕТТІҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРУ ҮШІН ОҚЫРМАННЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ»
Биыл облыс баспасөзінің қасиетті қара шаңырағы «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 100 жыл толды. Облыстың бас басылымының 100 жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері мәні мен маңызы жоғары түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өңір шежіресін тасқа қашаған «Aq jol» газетінің ғасырлық тойы қорытындыланатын уақыт та жеттi. Осы орайда басылымның бас редакторы Хамит Есаманмен газеттің тарихы мен алдағы бағыт-бағдары туралы аз-кем сұхбаттасқан едік. – Хамит Ерболатұлы, «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Алдымен ғасыр тойына үлкен абыроймен, беделмен жеткен басылымның тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз... – Тарихы 1922 жылдан бастау алатын Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті қай кезеңде болмасын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай шын мәнінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді. Алғашқы нөмірі жарық көрген күннен бастап ел бірлігін, татулығын ту етіп, жақсылыққа үндеп, жасампаздықтың жарқын жолын нұсқап, халық пен билік арасындағы алтын көпір болып келеді. Қоғамдағы түрлі өзгерістерге, тарихи кезеңдерге байланысты газеттің аты да сан мәрте жаңғырған. Мәселен 1922 жылы «Кедей еркі» деген атаумен оқырманға жол тартқан басылым «Колхозшы», «Диқан дауысы», «Коммунист», «Колхоз жолы», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» болып өзгеріп отырған. Газеттің тарихы жайлы сөз қозғағанда бүгінгі биігіне жетуі үшін жанкештілікпен еңбек етіп, күш-қуатын сарқа жұмсаған бас редакторлары жайлы айтпай кетуге болмайды. Газет 1922 жылдың 1 мамырында «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде жарыққа шыға бастаған. Тұңғыш редакторы – Анна Владимировна Алматинская. 1922-1924 жылдары «Кедей еркі» қосымшасының ұйымдастырушысы және жетекшісі – Алаш қайраткері, ағартушы, әдебиетші және драматург Сыдық Абланов болды. 1936-1938 жылдары журналист, аудармашы Ғабды Аманғалиев «Колхоз жолы» газетіне, 1939-1942 жылдары Алаш қайраткерлерінің көзін көрген, сол үшін қуғынға түсіп, талай теперішті басынан өткерген Жайық Бектұров «Коммунист» газетіне редакторлық еткен. Журналист, қазақ әдебиетінің тарихында «Өнеге», «Мейірім» деген кітаптарымен қалған жазушы Ғайса Сармұрзин 1943-1959 жылдары «Сталиндік жол» газетін басқарды. Осы орайда Ғайса Сармұрзиннің Абай Құнанбайұлының күйлерін жинаған тұлға екенін айта кеткен жөн. Кезінде Абайдың күйлерін жинап, талай мақалалар жариялаған. Сондай-ақ заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің көптеген әңгімелерін, әсіресе «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі кейіпкерлерінің барлығының өмірде бар адам екенін дәлелдеген. Одан кейін ұзақ жылдар бойы «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек еткен білікті журналист, аудармашы Төленді Оңағарбаевтың да «Еңбек туы» газетінде редактор ретінде қолтаңбасы қалған. Сонымен қатар әр жылдары ата газетке Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіттей белгілі журналистер редактор болды. Басылымды кеңестік дәуірде Құлжабаев, Камалов, Бексейітов, Баширов, Бекмұратов, Жанболатов, Молдағалиев, Сапарбеков сынды азаматтар да басқарған. Алайда жергілікті мұрағатта аталған азаматтардың толық аты-жөндері жоқ. Шығарған газеттерінің сандары да сақталмаған. Сондай-ақ халқымыздың небір қаймақ қайраткерлері, әдебиет пен журналистиканың қайыспас кәтепті қара нарлары да облыстық газеттің қара қазанында қайнап, шарболаттай шыңдалған. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың да «Aq jol» газетінде жұмыс істегені ауық-ауық айтылып қалып жүр. Осы жайында өз аузыңыздан естісек... – Иә, қазақ детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев 1948 жылы «Сталиндік жол» газетінде еңбек еткен. Бұл туралы жазушының перзенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» атты еңбегінде: «Университетті бітірген 1948 жылы әкей Жамбыл қаласына барып, облыстық газетте бір жыл істеді, соңынан Алматы қаласына «Қазақстан пионері» балалар газетінің редакциясына ауыстырылды», деп жазады. Кемел Тоқаев Әулиеата жерінде жүріп, әлеуметтік ауқымы кең мәселелерді көтереді. Талай жылғы тарихтың куәгеріндей болған архивтегі сарғайған газет тігінділерін ақтарғанда да бұған көзіміз жете түсті. Мәселен, 1948 жылы 18 тамыз күні жарық көрген газеттің №164 санындағы «Алыстағы қалыңдық», 1948 жылы 28 қыркүйек күнгі газеттің №193 санында жарияланған «Темекі егушілердің еңбегі», 1948 жылы 24 қазан күнгі №212 санында жарияланған «Жас гвардия» және өзге де мақалалары сол уақыттың тамырын тап басқан дүниелер еді. Кемел Тоқаевтың Жамбыл өңірінен басталған журналистік жолы жазушыны биікке көтерді. Еліміздің беделді басылымдарында ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарды. Атаққа, мансапқа, дүниеге қызықпаған қарапайым қалпында қаламын жанына серік етіп ғұмыр кешті. Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің де «Aq jol» газетінің редакциясына арнайы ат басын бұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Мұхтар Омарханұлы 1955-1956 жылдары Сарысу ауданына барып, «Түркістан солай туған» деген атақты очеркіне мәліметтер жинап қайтады. Сарысудан қайтқан жазушы облыстық газеттің редакциясында очеркін «диктовкамен» жаздырып, бір данасын облыстық газетке беріп кетеді. Сонымен қатар белгілі ақындар – Тынышбай Рақым, Жақсылық Сәтібеков, жазушылар – Әлдихан Қалдыбаев, Арғынбай Бекбосын, Кәрім Баялиев, Мұрат Сыздықов, Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан, Бақтияр Әбілдаұлы және тағы да басқа қазақ әдебиеті мен журналистикасында айрықша орны бар атпал азаматтар ата басылымда қызметтік сатыдан өткен. Бұл тізімді әрмен қарай да жалғастыра беруге болады. Мұнан бөлек көптеген талантты тұлғалардың алғашқы тырнақалды туындылары «Aq jol» газетінде жарияланған. Әулиата өңіріне келген үлкен қаламгерлердің өзі орталықта орналасқан баспасөз үйіне соқпай кетпейтін болған. – Көзі қарақты оқырман газеттің ғасырлық мерейтойы жыл басынан бері тойланып жатқанынан хабардар. Осы орайда мерейтой аясында редакция ұжымының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараларға тағы бір рет тоқтап өтсеңіз... – Иә, газетіміздің мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында бүгінге дейін көптеген іс-шаралар, журналистердің, ақындардың арасында түрлі конкурстар ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы биыл «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналды. Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен «Aq jol» газетінің 100 жылдығына және қазақ баспасөзінің қайраткері, ата газетті 20 жыл басқарған ардагер журналист Баттал Жаңабайұлының құрметіне арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында бильярдтан турнир, айтыс ақындары арасында кіші футболдан республикалық турнир ұйымдастырылды. Жамбыл облысының әкімдігі 100 жылдыққа орай журналистер арасында «Қазақ баспасөзінің тарихы: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық конкурс жариялады. Байқаудан үздік шыққан бес журналист Жамбыл облысы әкімінің «Aq jol» газетіне 100 жыл» белгісі қойылған Сыдық Абланов, Ғайса Сармурзин, Жайық Бектұров, Кемел Тоқаев, Арғынбай Бекбосын атындағы арнайы қаржылай стипендиясына ие болады. Кітапханаларда, оқу орындарында 100 жылдыққа орай көптеген іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тізбелей берсек, 100 жылдық аясында өткен іс-шаралар өте көп. Ең ауқымдысы – жуырда Астана қаласында өткен қазақ баспасөзінің мәселелеріне арналған – «Aq jol» және қазақ баспасөзі» атты «дөңгелек үстел». Ұлттық академиялық кітапханада өткен басқосуда Президент Кеңесшілері Бауыржан Омарұлы мен Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының газет ұжымын мерейтойымен құттықтау хатын табыстады. Бұған қоса Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің де құттықтауы табыс етілді. Сондай-ақ жиынға Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Дархан Мыңбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, басқа да қазақ журналистикасының майталмандары қатысып, қазақ баспасөзіне қатысты көптеген мәселелер кеңінен талқыланды. – Нақты қандай мәселелер... – Жиын «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналғанымен, қазақ журналистикасындағы өзекті мәселелер де кеңінен сөз болды. Мәселен, журналист беделін көтеру, құқығын қорғау, қаламақы, таралым мәселесі жайлы басқосуға қатысушылар орамды ойларын, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Аталған мәселелердің барлығы да журналистиканың төңірегінде жүрген әріптестерімізді алаңдатып, талай мәрте айтылып, талай мәрте көтеріліп жүрген дүниелер. Жасыраты жоқ, шынымен-ақ қазір кез келген газеттің таралымы «тарылып» тұр. Жазылым мәселесі бойынша аудан әкімдеріне, мекеме басшыларына барсаң, ешкімді газетке жазылуға міндеттей алмайтынын айтып, ақталады. Ешкім ешкімді міндеттемеуі керек. Газетке жазылу арқылы кез келген аудан немесе қала тұрғыны аймағының тыныс-тіршілігін біліп, жан-жақты хабардар болып отыруға мүдделі болу керек деп ойлаймын. Жалпы, газеттің беделін, журналистің мәртебесін көтеру үшін түрлі деңгейдегі басшылар журналистерге ашық болуы қажет. Сауатты, этиканы сақтайтын кез келген кәсіби журналист лауазымды қызметкерлердің жеке басына өтпейді, тиіспейді. Сынаса, жұмысын сынайды. Көрсетсе жұмысын көрсетеді. Әрине бес саусақ бірдей емес. Ашық басшылар да баршылық. Сол секілді қол астындағы басқа әріптестеріне сілтей салып, газетке, журналистке жүрдім-бардым қарайтын басшылар да жетерлік. Ең бастысы газеттің беделін, журналистің мәртебесін көтеру үшін оқырманның қолдауы ауадай қажет. – Шығармашылықпен айналысу үшін адамға бос уақыт керек. Газеттің қым-қуыт тірлігі шығармашылығыңызға кері әсерін тигізбей ме? – Шынымды айтсам, дәл қазір шығармашылықпен айналысып жүрген жоқпын. Бірақ бірқатар ойлар, жоспарлар бар. Тек мойын жар бермей жүр. Шерхан Мұртаза «күндіз журналист, түнде жазушы болдым» дейді ғой. Шерағаның ұстанымын ұстануға тура келіп тұр. – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар