Таразда Шерхан Мұртазаға ескерткіш орнатылды
Қазақ әдебиетінің алыбы белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жылдық мерейтойы халық жазушысының еңселі ескерткішінің ашылуымен басталды.
Ескерткіш Тараздағы Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты ғимаратының алдында бой көтерген.
Ескерткішті Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Darhan Qydyráli, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, танымал қайраткер Амалбек Тшанов, Академик Ғарифолла Есім ашты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Өз сөзінде Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Амалбек Тшанов, Жанғара Дәдебаев және өзге де азаматтар Шерхан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қайраткерлік болмысына тоқталды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Шераға рухына арнап өлең оқыды.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік жазушы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.