Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ізбасовтардың ізбасары

Ізбасовтардың ізбасары
ашық дереккөз
Ізбасовтардың ізбасары
Білімді ұрпақ – ұлт болашағы әрі жанашыры. Дәл қазіргі уақыт білімділер заманы болғандықтан әр баланың жеткілікті, жақсы білім алуы үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, қазіргі заманда да болашағынан зор үміт күттіретін балалардың да қатары толық. Ал сол қатарға Талас ауданындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің оқушысы Болат Арайлым Айдынқызын ерекше атап айта аламыз. 1985-2017 жылдары Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің математика пәнінен дәріс берген Болат Ізбасов ағай өзі ғана емес, бүкіл Ізбасовтар әулетімен «математика» атты шыңды бағындырды десек артық айтпағанымыз. Болат Ізбасов ағайдың тік мінезділігі, оған қоса математика ғылымын толықтай меңгергені, оны алдында отырған шәкірттері мен балаларына түсіндіре айтып, алға жетелегенінің өзі бір шың. Бүгінде Болат ағайдың ұрпақтары да өзіндей ауыр саланы өзгелерден ерекше жетік меңгерген. Ағайдың кенже ұлы Марғұлан Ізбасов Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектепте математика пәнінен шәкірт тәрбиелесе, ағайдың Болат тегіне жазылған немерелері өзге оқушылардан есеп-қисапты дереу меңгеруімен дараланады. Міне, сол Болат тегіне жазылған Арайлымның мектеп үшін де, мұғалім үшін де орны ерекше. 2006 жылы 9 сәуір күні Айдын Ізбасов пен Сымбат Даулеткелдиеваның көзайымы Арайлым дүние есігін ашып, 2012 жылы мектеп табалдырығын Баян Ахметова атты мұғалімімен аттайды. Жастайынан шығармашылыққа, мәнерлеп оқуға қызығып, бастауыш сыныпты аяқтағанға дейін-ақ көптің мақтауын естіген. Қазір Арайлым Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушы. Осы уақытқа дейін ол «Абай оқуларынан» Талас ауданын мойындатып, облыс деңгейінде де танылды. 2017 жылы замандасымыз ең алғаш қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұртолқын Надырбаевамен аудандық «Абай оқуларынан» 30 өлеңді жатқа айтып, 3-дәрежелі дипломды қанжығаға байлайды. Өзінің айтуы бойынша, бұл жатқа оқудан алғашқы сынағы екен. Дәл сол қарқынмен осы кезге дейін 57 дипломмен марапатталыпты. Арайлым Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқып қана емес, ақындықпен де, ғылыми жұмыстармен де айналысқан. Мысалы, 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген өнер және білім байқауына қатысып, «Жас ғалым» аталымы бойынша қола жүлдегері атанды. 2021 жылы «Абайдың ақын шәкірттері» атты аудандық байқаудан 1-орын алса, сол байқаудың облыстық кезеңінде 2-орынды иеленді. Жалпы, Арайлым Абайдың 140 өлеңін, 10 қарасөзін, 2 поэмасын, Шәкәрім Құдайбердіұлының 30-дан аса өлеңін жатқа біледі. Арайлым Абайдың шығармаларына тәнті екенін айтады. Абайды сонша жыл оқып, сараласа да соңғы екі жылда мамандық таңдауға келгенде Болат Ізбасов ағай секілді «Бәрін мойындатар мұғалім болғым келеді, өзімдей болған жас балаларды білімге ғана емес, тәрбиеге де баулып, жан-жақты болу керектігін ту етер едім», дейді. Болашағынан зор үміт күтетін мұғалімдері де оның мамандық таңдауда жаңылмайтынын, ұстаздық, оның ішінде математика пәнінің мұғалімі болып, оқушы тәрбиелеу – Арайлымның нақ өзіне арналған мамандық дейді. Осы орайда біз Арайлымның алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы балл алып, өзі қалаған мамандық иесі болуына, оған ешбір қиындықсыз жетуіне тілектеспіз.

Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ойық ауылы, Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар