Жамбыл даңғылы бойындағы 123-үй осы айтқан мысалымызға дәлел. Мұнда аула толықтай цемент қоршаумен қоршалған, кіреберісте автоматты түрде ашылып жабылатын дарбаза орнатылған, ал екінші жағында көліктің еркін өтуіне мүмкіндік бермейтін бетон бөгет қойылған. Аулаға бөтен көлік тұрмақ, бөгде адамдар да кіре алмайды. Кіреберіс есік тек тұрғындардың рұқсатымен ашылады.
Осы үйдің тұрғыны Дәурен Жаманғараев жағдайды кеңінен түсіндіріп берді.
– Біз бұл шешімге бір күнде келген жоқпыз. Бұған дейін аулада жағдай өте қиын болды. Мұнда жастар жиналып алып, шулап, шылым шегіп, бөтелке сындырып, қоқыс шашып кететін. Таңертең шықсаң, подъезд алды толған қоқыс. Қанша рет ескерту жасасақ та нәтиже болмады. Қоқыс жәшігін қойдық, оны да пайдаланбады. Ағаштарды сындырып кететін, орындықтарды бүлдіретін жағдайлар болды. Ең сорақысы сол, кейде ескерту жасаған адамдарға дөрекі жауап қайтаратын. Біз соңында амалсыздан көршілермен ақылдасып, әкімдіктен рұқсат алып, қоршау орнаттық.
Қазір тыныш, балалар алаңсыз ойнап жүр, аула тап-таза, жасыл желек жайқалып тұр, – дейді ол.
Алайда бұл шешімге тұрғындардың бәрі бірдей разы емес. Аталған үйге жапсарлас орналасқан Ниетқалиев 9А мекенжайында орналасқан үйдің тұрғыны (аты жөнін атамауды өтінді) аулаларды қоршаудың дұрыс еместігін айтады.
– Бұл жол бұрын бәрімізге ортақ еді. Енді айналып жүруге мәжбүрміз. Балалар мектептен қайтқанда қоқыс алаңының жанынан өтеді. Ол жерде қаңғыбас иттер жүреді, қараңғы түскенде қауіп күшейеді. Ең қиыны – адамдар «бұл біздің аула» деп, қоғамдық кеңістікті тарылтып жатыр. Егер әр үй осылай қоршай берсе, ертең қала ішінде еркін қозғалу мүмкін болмай қалады емес пе? – дейді ол.
Өрт сөндіру, жедел жәрдем секілді арнайы қызметтердің көліктері аулаларға еш кедергісіз кіре алуы тиіс. Алайда бұл үйдің дарбазасында ондай артықшылық қарастырылмаған. Қақпа тек тұрғындарға берілген арнайы код арқылы ғана ашылады. Тұрғындардың айтуынша, дабыл тетігіне Ресейге тапсырыс берілген, бірақ оның қашан жеткізілетіні белгісіз. Бұл аралықта қауіпсіздік мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Карина Карташова кей жағдайда қоршаулардың салдары өте ауыр болатынын жеткізді.
– Өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде ең маңызды фактор – уақыт. Кейде бір-екі минуттың өзі адамның өмірі мен өліміне әсер етеді. Егер аулаға кіру қиындық тудырса, құтқару қызметі уақыт жоғалтады.
Өрт сөндіру көліктері мен автосатыларға кең кіреберіс қажет. Олар тек өтіп кетпейді, толық маневр жасап, тіреуіштерін ашуы керек. Ал тар қақпа, бетон бөгет немесе жабық аула бұл процесті қиындатады. Кей жағдайда техника мүлде кіре алмай қалады. Бұл өртті сөндіру уақытын бірнеше есеге ұзартады. Су көзіне с А.Қартабай жедел жету мүмкін болмаса, әрине, өртті сөндіру ұзаққа созылады. Бір кідіріс жалынның күшеюіне әкеледі. Бұл тек мүлікке емес, адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
Жабық аулаларда адамдар бір уақытта сыртқа шығуға тырысқанда тар өткелдерде кептеліс пайда болады. Балалар мен қарттар бірінші болып зардап шегеді. Сондықтан аулаларда бірнеше ашық және кең шығу жолы болуы міндетті, – дейді маман.
Мұндай жағдайдың салдарына мысал ретінде Астана қаласында болған қайғылы оқиға жиі айтылады. Ол кезде өрт сөндіру көлігінің жолы бөгеліп, шамамен 20 минут кідіріс болған. Сол уақыт ішінде өрт күшейіп, үш баланың қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Осыған орай Тараз қалалық медиа орталығы арқылы Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жолдаған сауалымызға төмендегідей жауап келді.
«Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастр ақпараттық жүйесін (ИС ЕГКН) зерделеу барысында Тараз қаласы, Әулиеата ауданы, Жамбыл даңғылы, №123 мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйді ұқыпты ұстау және пайдалану үшін көлемі 0,6102 гектар жер учаскесі жалпы ортақ үлестік меншікке рәсімделген. Жер учаскесінің пайдаланудағы шектеулер мен ауыртпалықтар «кондоминиум объектісі» ретінде көрсетілген. Жер учаскеге кадастрлық 06-097-001-241 нөмірі бекітілген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 53-бабының 6-тармағына сәйкес, ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбi ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi».
Қысқаша айтқанда, қоршауға рұқсат етіледі, бірақ Қазақстан Республикасы Жер кодексі талаптарына сәйкес, ол тек кондоминиумға қатысушылардың ортақ келісімімен жүзеге асырылуы тиіс.
Байқағанымыздай, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын қоршау мәселесі тек бір үйдің ішкі шешімі емес, қала қауіпсіздігі мен қоғамдық кеңістік мәдениетіне тікелей әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылысқа айналып отыр. Бір тарап қауіпсіздік пен тәртіпті алға тартса, екінші тарап еркін қозғалыс пен төтенше жағдайдағы қауіпсіздікті бірінші орынға қояды.
Қоғамда қандай мәселе болса да оған дер кезінде мән бермей, жағдай ушыққанда ғана қимылдайтын әдет қалыптасқан. Бұл үйдің ауласы толық цементпен қоршалып, кіреберісі темір қақпамен жабылғанымен, ең болмаса екінші жағындағы бетон бөгет әлі алынбаған. Оны алып тастау қажет екені айтылса да тұрғындар тарапынан ықылас байқалмайды. Тұрғындар бұл бөгетті кезінде бірінші қабатта орналасқан «Halyk Bank» бөлімшесінің қауіпсіздігі үшін қойылғанын алға тартады. Яғни бұл уәж мәселені кейінге қалдыруға ғана себеп болып отыр. Ал салғырттықтың салдары ертең қауіпке айналуы бек мүмкін.
Айжан ӨЗБЕКОВА


