Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деген ой бүгінгі интернет пен әлеуметтік желілердің нақты көрінісіне айналды. Бір кездері қиял сияқты көрінген алыс қашықтықтағы байланыс – қазір күнделікті өмірдің қалыпты бөлігі. Қай елде қандай оқиға орын алса да бір-ақ сәтте әлемге тарап үлгереді. Осылайша уақыт пен кеңістік ұғымы тарылғанын сездік, адамзаттың байланысы бұрынғыдан да тығыз әрі жедел бола түсті.
Әлеуметтік желілер шағын бизнестің дамуына да үлкен мүмкіндік берді. Кәсіпкерлер өз өнімін кең аудиторияға таныстырып, тұтынушымен тікелей байланыс орната алады. Білім беру саласында да жаңа серпін пайда болып, онлайн сабақтар мен қосымша ресурстардың қолжетімділігі артты. Көптеген адам жаңа дағдыларды қашықтан үйреніп, өз қабілетін дамытып жүр. Алайда осындай игіліктермен қатар, әлеуметтік желінің кемшілігі де айқын көріне бастады. Желідегі бейнероликтердің астына «TikTok», «Instagram» арқылы жазылатын балағат сөздер көбейді.
Жасыратыны жоқ, бүгінде бейтаныс адамдардың жеке өміріне қол сұғу мәселесі өзекті болып тұр. Жеке деректерді заңсыз тарататындар мен бейнежазбаны рұқсатсыз жариялау жиілеп кетті. Жай ғана әлдекімнің желіге жүктеген фотосына кінәрат тағып, жағымсыз пікірлер жазып, ар-намысына тигенін мақтаныш санайтындардың саны артты. Тікелей эфирде өз парақшасын жүргізіп отырғандарды, мейлі ол мүгедектігі бар бала, мейлі қария болсын, аяп жатқан жоқ. Керісінше, хайп үшін сүйектен өтетін сөз жазуды әдетке айналдырып жүргендер бар. Мұндай әрекеттер жала жабуға, адамның беделін түсіруге алып келіп жатқанын көзбен көріп жүрміз.
Жеке деректерді рұқсатсыз тарату заңға қайшы әрекет болып есептелгендіктен мұндай жағдайда жәбірленуші сотқа жүгініп, өз құқығын қорғай алады. Құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі заңбұзушылықтарды бақылауға құқылы. Қажет болған жағдайда анонимді аккаунттардың иелері де анықталады. Ал желідегі жазбалар дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл цифрлық кеңістікте жауапкершіліктің бар екенін көрсетеді. Дегенмен заң қанша қатал болса да басты мәселе ішкі мәдениетінде екенін әрбір есті адам біледі. Сөз еркіндігі бар екен деп әркімді қорлай беру – есерсоқтық. Әр пікірдің артында әрбір ауыр сөзді жүрегіне қабылдайтын тірі адам тұрғанын ұмытпау қажет.
Ақын Кәкімбек Салықов өз өлеңінде:
«Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,
Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды,
Бір ауыз сөз ұшса бақыт құсы боп,
Бір ауыз сөз жаман атқа қияды», – деп жырлағандай, бірі жай ғана жүктеген фотосы үшін қарғыс алып, дәрменсіз күйге түссе, енді бірі ұл-қызына арнап түсірген бейнеролигі үшін буллингке ұшырап жатыр. Жазып отырғандардың бейтаныс жаннан ала алмай жүрген өші бардай қалдырған жазбаларының салмағының ауырлығы соншалық, тіпті кіжініп, өштесіп отырғаны елес береді. Беймезгіл айтылған бейәдеп сөз жүректі қалай ауыртпасын?! Алғаусыз жүктелген естеліктер алаңсыз жүрекке айықпас дерт жұқтырып, күйзеліске ұшыратып жатыр.
Әлеуметтік желінің ар жағында көзге көрінбейтін суық әлемнің немқұрайдылығынан зардап шеккен Айарудың оқиғасы да ешкімді бейжай қалдырмасы анық.
– Алғашында әлеуметтік желіге өз суреттерімді тек қуанышымды бөлісу үшін ғана жүктеген болатынмын. Бірақ көп ұзамай фотоларымның астына түрлі қорлайтын, мазаққа толы пікірлер жазыла бастады. Бейтаныс адамдар сырт келбетімді келемеждеп, ауыр сөздермен намысыма тиді. Алғашында мән бермей, уақыт өте ұмытылады деп ойладым. Алайда күн өткен сайын пікірлер көбейе берді. Әр жаңа хабарламаны ашуға қорқатын жағдайға жеттім. Түнде жалғыз қалғанда көз жасымды тыя алмай, үнсіз жылайтын болдым. Бірақ ешкімге шағымданбадым.
Себебі «бұл жай желі ғой» деп ойлап, өзімді ешкім тыңдамайтындай сезіндім. Бір сәтте бәрі тоқтайды деп үміттендім, бірақ керісінше, қорлау күшейе түсті. Кейбір пікірлер тіпті жеке өміріме араласып, ауыр психологиялық қысымды сезіндім. Оң көзімде үлкендігі алақандай мең болатын. Онсыз да содан қатты ұялатынмын. Дәл сол меңіме қатысты «Панда сияқтысың! Қалай жер басып жүрсің?» деген сияқты қорлық сөздер жазылды. Айнаға қараған сайын өзімді бөтен сезіндім. Ішкі күйзелістен ұйқы бұзылып, өмірге деген қызығушылық азайды. «Сені ешкім жақсы көре алмайды, өмірден жалғыз өтесің енді», «Құдай сақтасын, қалай өмір сүріп жүр мына таңбамен» деген сынды жазбалар тіпті күйзелісімді тереңдете түсті.
Расымен, жасым отыз үшке келсе де ер-азаматтардан не гүл алып, не сезім туралы жақсы сөз естіп көрмеген мен үшін ауыр соққы болды. Бұл күрес қатты шаршатқаны сондай, «оянбай қалсам екен» деп тілейтінмін. Сөйтіп, түнде бір уыс дәрі ішіп ұйықтадым. Есімді жансақтау бөлімінде бір-ақ жидым. Аман қалдым. Ата-анам мен бауырларыма керек екенімді түсіндім. Ал әлгі ауыр сөздерді жазатындар көбіне өмір көрмеген жеткіншектер мен адамның жанын жаралағанды ұнататындар екен. Олар біреуді жылатқан сайын қуат алатын көрінеді, – деді Айару.
Айарудың жанарындағы мұң мен көкейіндегі өксік – бүгінгі қоғамның мейірімнен жұтап, қатыгездікке бой алдырғандығының ащы айғағы. Осы оқиғадан интернет адамның қадір-қасиетін аяққа таптап, өмірдің мәнін күл-талқан ететін жойқын күшке ие екеніне көзің жетеді. Саналы адамға сөздің салмағынан артық жауапкершілік жоқ. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, ауыр сөз адамның ішкі әлемін қауқарсыз етіп тастайды. Түптеп келгенде, цифрлық дәуірдің жетістігі техниканың озықтығында емес, сол мүмкіндік адамгершілікті сақтау жолында пайдаланылса деп ойлайсың.
Негізі әлеуметтік желідегі буллинг пен қорлау әрекеттеріне тосқауыл қоятын нақты құқықтық нормалар қарастырылған. Заң бойынша адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Егер желідегі жазбалар біреудің беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерден тұрса, ірі көлемде айыппұл арқалайды немесе қамауға алынады. Бұл заңдық талаптар виртуалды әлемдегі жүгенсіздікті шектеп, әрбір азаматтың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға кепілдік береді. Осы орайда облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мамандарының кеңесіне құлақ түрген едік.
– Өзгенің жеке деректерін заңсыз таратып, бейнежазбаларды рұқсатсыз жариялағандар үшін бүгінде құқықтық жауапкершіліктің қатаң тетіктері іске қосылған. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2 бабы желідегі жүгенсіздікке тосқауыл қоятын басты құралға айналды. Биылдан бастап жаңа серпінмен қолданысқа енген бұл норма бойынша, жалған ақпарат таратып, құқыққа қайшы контент жариялаған кез келген тұлға заң алдында жауап береді. Масс медиада немесе интернет-ресурстарда ақиқатқа жанаспайтын деректерді таратқан лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін қомақты айыппұлдар қарастырылған. Ал бұл қадам бір жыл ішінде қайталанса, заңның қаһары еселене түсіп, айыппұл көлемі 200 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Бүгінгі қоғамда «инфлюенсер» немесе «блогер» деп аталатын, мыңдаған аудиторияға ықпал ететін тұлғалардың жауапкершілігі тіпті бөлек. Заңнамадағы арнайы тармақтарға сәйкес, инфлюенсерлер тарапынан жасалған заңсыз әрекеттер үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, қайталап құқық бұзған жағдайда бұл жаза 15 тәулікке дейін қамауға алуға немесе 250 АЕК-ке дейінгі ірі айыппұлға ұласуы мүмкін. Құқыққа қайшы контентті жариялау – жай ғана қателік емес, азаматтардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін әрекет. Жеке тұлғалардың онлайн платформаларда қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе мемлекет мүддесіне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін де 20 АЕК көлемінде бастапқы жаза белгіленген.
Заң шығарушы органдар анонимді жасырынғандардың да кім екенін анықтай алатынын ұмытпаған абзал. Қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесін аяққа таптау болса, ауыр әкімшілік зардаптарға, тіпті он тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алу жазасына алып келеді. Бұл құқықтық нормалар цифрлық кеңістіктегі мәдениетті қалыптастырып, «сөз бостандығы» деген ұғымды «сөз жауапкершілігімен» ұштастыруды көздейді. Сондықтан экранның ар жағында отырып өзге тағдырға қол сұғушылар бүгінгі заңның қатал да әділ талаптарымен бетпе-бет келері анық. Бірақ қанша осындай кикілжіңдермен бетпе-бет келсе де облыс тұрғындарынан осындай мәселеге қатысты арыз түспеген, – деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Қуаныш Ақболатов.
Әлеуметтік желіде бейәдеп пікір қалдырушылар бала-шағаны да аяп жатқан жоқ. Оған дәлел – бейнероликте анасы мен он төрт жасар баласының жыр оқып отырып, буллингке ұшырағаны. Бұл бейнеде ана мен бала арасындағы шексіз сүйіспеншілік өлең арқылы берілген. Көрініс 200 мыңдай қаралым және 100 мыңдай пікір жинаған. Бірақ пікірдің елу мыңға жуығы ана мен баланы келемеж етіпті. Диалог ретінде жазылған өлеңді анасы мен ұлы бір-біріне қарап, қол ұстасып отырып оқып шыққан екен. «Бір біріне ғашық сияқты көрінеді екеуі», «Мына әйел ұлына махаббат көзімен қарайды екен», «Бұл екеуінің арасында ұятсыздық бар» деген сынды түрлі пікір жазылады. Осы бейнероликтен кейін, анасының айтуынша, ұлы оқып жүрген мектебіне бармай қояды. Сөйтіп, басқа оқу ордасына ауыстыруға тура келіпті.
Енді бір бейнероликте ата-анасы мен балаларының өз үйінде ойнап-күлген бейнелері кеңінен тарайды. Алайда балаларына қосылып ойын ойнап жүрген ата-ананың ұяң қылығын келемеждегендер өте көп болыпты. Кейін бұл ата-ананың мүгедек екені белгілі болған. Оны осы отбасының балалары тікелей эфирде айтып, қатігез адамдарға ренжіп, көз жасына ерік берген. Ал ең сорақысы, кезінде сүйіктісі болып, кейін араздасып қалған бойжеткендердің түрлі ыңғайсыз кейіптегі видеоларын бұрынғы жігіттері әлеуметтік желіге жариялап жіберетін көрінеді. Туған туысынан ұялғанынан қыздар мұндай жағдай орын алғанда ешкімге шағымданбай, көбіне іштен тынады.
Қазақта «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» деген терең мағыналы мәтел бар, бұл сөз бүгінгі цифрлық дәуірдегі тіл мен пернеден шыққан әрбір әрекеттің салмағын айқындап тұрғандай. Бірауыз сорақы сөз 14 жасар жасөспірімнің білімге деген құштарлығын су сепкендей басып, көңіліне өшпес қаяу түсірсе, мүгедектігі бар ата-ананың балаларына сыйлаған шынайы қуанышын келемежге айналдыру адамдықтың таяздығы мен мейірімнің жұтаңдығын білдіреді.
Әлеуметтік желінің тасасында тұрып тас лақтырушылар сол бір бейнежазбалардың артында тірі адамның тағдыры, ананың көз жасы мен баланың сынған сенімі тұрғанын ескермейді. Жазылған әрбір улы пікір автордың рухани әлемін күл-талқан етіп, өмір сүруге деген талпынысын үзіп тастайды. Біз технологиясы озық заманда өмір сүргенімізбен, адамгершілік пен ішкі мәдениеттің төмендігінен виртуалды әлемді қатыгездік алаңына айналдырып алдық. Заңның қаталдығы өз алдына, ең бастысы, әрбір азаматтың көкірегінде «өзгеге зияным тимесін» деген имандылық пен жауапкершілік сезімі оянуы тиіс. Жеке өмірге қол сұғу және намысқа тию жай ғана заңбұзушылық емес, бұл адамның жандүниесіне жасалған қастандық екенін ұмытпайық.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ


