Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаңғыбас иттерден қалай құтыламыз?

Қаңғыбас иттерден қалай құтыламыз?
Ашық Дереккөз
Шатаспасам, 3-сынып оқитын кезім болуы керек. Ата-анам ауылдан Қаратау қаласына қоныс аударған. Ол кезде мен әлі бастауыш сыныпта оқып жүргенмін. Бір жолы мектептен келе жатып бір топ қаңғыбас итке таланғаным бар. Үлкендер келіп ажыратпағанда аман қалуым екіталай еді. Адамдар арашалап алғанның өзінде біраз уақыт аяғымды баса алмай қиналғаным әлі есімнен кетпейді. Содан бері иттің «арс» еткен дауысы мен ырылы зәре-құтымды қашыратын болды.

Өсе келе сол бір оқиғаны біртіндеп ұмытып, қорқынышымды жеңдім деп ойлап жүргенмін. Бірақ жақында дүкеннен шыққанымда қолымдағы пакетімді иіскелеп, артымнан аңдыған ит баяғы қорқынышты естелігімді есіме қайта түсірді. Содан бері ит атаулыға жақындауға жүрексінетін әдетім қайта пайда болып, іште бұғып жатқан фобиям қайта оянды.

Қырсыққанда соңғы уақытта Тараз қаласында да қаңғыбас иттер көбейіп кетті. Көктем шыққалы саябақтар мен негізгі көшелерде, тіпті орталық алаңда алаңсыз асыр салып жүр. Орталықта облыс пен қала әкімдігінің ғимаратынан бастап бірқатар мемлекеттік мекеме орналасқан. Сала мамандарының жүйесіз жұмысының көрінісіндей, қаңғыбас иттердің бақылаусыз кеткені соншалық, олар ит аулаушыдан да, басқасынан да қаймықпайтын күйге жетті. Ал одан тұрғындар жапа шегуде.

Жалпы соңғы бір жылда 41 366 адамды ит қауыпты. Соның ішінде 23 134 адам қаңғыбас иттердің шабуылынан зардап шеккен. Мұндай цифрларды «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.

– Орташа есеппен елімізде бір сағатта бес адамды ит қауып, талайды екен. Біз осы залда заң талқылап отырған сәтте елдің бір жерінде – аулада, көшеде, мектептің маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында бір бала, әйел немесе қарт адам ит шабуылының құрбанына айналуы мүмкін. Бұл эмоция емес, статистика. Сондықтан бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз адам қауіпсіздігі туралы, қоғамдық тәртіп туралы, мемлекеттің жауапкершілігі туралы, ең бастысы, адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде ел бұралқы иттердің мәселесін шешуді бізге аманаттады. «AMANAT» партиясының депутаттары оны мойнына алып, осы заң жобасына бастамашылық жасады, ал басқа фракциялардағы әріптестеріміз бізді қолдады, – деді депутат.

Осылайша «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң тағы өзгеретін сыңайлы. Мәжіліс мақұлдаған даулы түзетулер енді Сенат талқысына түспек. Қабылданғалы отырған жаңа заңда қаңғыбас иттерге «таймер» енгізу ұсынылған. Яғни ұсталған жануарлар міндетті түрде уақытша орналастыру пункттеріне жеткізіледі, бірақ ондағы мерзімі шектеледі. Қараусыз иттер 5 күнге дейін, иесі бар иттер 60 күнге дейін арнайы орында ұсталады. Осы уақыт ішінде иесі табылмаған жағдайда эвтаназия жасауға рұқсат беріледі. Сондай-ақ тегін вакцинациядан бас тарту, әкімдіктердің міндеттерін нақтылау, үй жануарларын міндетті түрде чиптеу және жануарларды өсіруді реттеу мәселесі де заң жобасында қамтылған.

Халық қалаулылары қаңғыбас жануарларды аулау мен стерилизациялауға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына да күмән келтіріп, құзырлы органдардан жекеменшік паналардың қызметін тексеруді талап етуде. Е.Жаңбыршин мен бірқатар депутат ҚР Бас прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына және Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдады. Депутаттардың мәліметінше, 2022-2026 жылдар аралығында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң аясында АСВҚ (аулау, стерилизациялау, вакцинациялау және қайта жіберу) бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 14,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

– Қазіргі уақытта жануарларды уақытша ұстауға арналған 112 пункт тіркелген. Оның ішінде 89-ы – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік. Сонымен қатар 69 жануар панажайы жұмыс істейді. Оның ішінде төртеуі – мемлекеттік, 65-і – жекеменшік. Аталған ұйымдардың барлығы АСВҚ бағдарламасына қатысуға құқылы. 2022-2026 жылдар аралығында аталған бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 14 914 240 мың теңге бөлінген. Тарқатып айтсақ, 2022 жылы 1 221 337 мың теңге, 2023 жылы 3 976 285, 2024 жылы 2 976 285, 2025 жылы 3 525 035, 2026 жылы 3 215 298 мың теңге қаражат қаралған. Бұдан бөлек жекеменшік панажайлар мен уақытша ұстау пункттері өз қызметін жүзеге асыру үшін азаматтардың қайырымдылық қаражаттарын, демеушілік көмектерді және шетелдік гранттарды тартуға мүмкіндігі бар, – дейді депутат.

Халық қалаулысының айтуынша, әлеуметтік желілердегі деректер бір ғана панажайдың өзіне соңғы төрт жылда 400 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенін көрсетеді. Алайда осыншама қомақты қаражаттың игерілгеніне қарамастан елді мекендерде қаңғыбас иттердің саны азаймай, керісінше, артып отыр.

Облыс бойынша өткен жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға 30 миллион теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға екпе егу және зарарсыздандыруға 9 миллион 998 мың теңге бөлінген. Сондай ақ уақытша ұстауға 5 миллион теңге, сәйкестендіруге 5 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 525 мың теңге, барлығы 50 523 мың теңге қарастырылған.

Негізінде 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғындар үй жануарларын тіркеуге міндетті. Тіркеу үшін ветеринарлық клиникалар мен мекемелерге жүгінуге тиіс. Чиптер, болюстер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «IT-cor» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. Өткен жылы «IT-cor» дерекқорына 8 айда 5 701 ит тіркелген.

Қаңғыбас иттерді аулаудың өзіндік заңдылығы бар. Мәселен, қазір иттерге атыс қаруын қолдануға тыйым салынған. Яғни қаңғыбас ит болса да оның денесіне жарақат салуға болмайды. Аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып жүргізіледі. Егер жануар адамдардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтырған болса ғана ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтер арқылы салынады. Гуманды түрде ауланған қаңғыбас иттердің жаңа иелерін іздеу мақсатында олар уақытша ұстауға жіберіледі.

Өткен жылдың 8 айында «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне түскен өтініштер бойынша облыс аумағында 15 998 қаңғыбас ит ауланған.

Биылғы жағдай да көңіл көншітпейді. Тараз қаласының тұрғындары мектептер мен қоқыс алаңдарының маңын қараусыз, аш жүрген иттер басып алғанын айтып дабыл қағуда.

Статистикаға сүйенсек, Тараз қаласында былтыр 10 414, биыл әзірге 8 009 ит ауланған.

– Аула ішінде еркін жүріп-тұру күннен күнге қиындап барады. Қаңғыбас иттердің саны көбейіп, әр қадамымызды үреймен басатын жағдайға жеттік. Адамға айбат шегіп, кез келген сәтте тап беруге дайын тұрады. Кеше ғана қолымдағы сөмкеме атылып, әрең аман қалдым. Ересек адамның өзі осылай зәре-құты қалмай қорқатын болса, кішкентай балалардың жағдайы тіпті алаңдатарлық. Әсіресе қоқыс жәшіктерінің маңы нағыз қауіпті аймаққа айналған. Иттер топ-тобымен жүреді. Ал дәл сол тұстан балаларымыз мектепке қатынайды, ойын алаңдары да жақын орналасқан. Бір қайғылы жағдай орын алмай тұрғанда құзырлы мекемелер бұл мәселені шұғыл түрде қолға алуы қажет.

 Қазір қаңғыбас иттерді ұстау мәселесіне қатысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұрын мұндай иттерді атып жоятын, кейін бұл әдіс гумандық талаптарға сай емес деп танылып, жануарларды ? қорғаушылар қарсы шықты. Дегенмен мәселенің екінші жағын да ұмытпауымыз керек. Әңгіме сиреп бара жатқан қазақы тазы немесе төбет секілді асылтұқымды иттер туралы емес, бақылаусыз көбейіп, қоғамға қауіп төндіріп отырған қаңғыбас иттер жайында болып отыр. Сондықтан бұл мәселені адам қауіпсіздігін бірінші орынға қоя отырып, нақты әрі тиімді жолмен шешу қажет, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Бағдат Мейрамбекқызы.

Алайда тұрғындар қаңғыбас ит мәселесіне қатысты «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне, учаскелік полицияға және әкімдікке көмек сұрап қайырылғанымен нақты нәтиже болмай отыр. Мамандар бұл жағдайды заңнамадағы өзгерістермен түсіндіреді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның 9-бабының 1-2 тармағына сәйкес, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу және аулау жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктің құзырына өткен. Енді аулау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу арқылы конкурста жеңімпаз болып табылған мердігер мекемелер жүргізуі тиіс.

Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембековтің сөзіне қарағанда, қазір бұл өкілеттіктерді беру процесі жүріп жатыр.

– Жақында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға арналған конкурс жарияланып, жеңімпаз мекеме анықталмақ. Бұл мақсатқа 20 миллион теңге бөлінген. Мердігер ұйымға қойылатын талаптар да жеңіл емес. Оның арнайы жабдықталған көлігі, қажетті құрал-сайманы және өз ісін жетік меңгерген мамандары болуы тиіс. Сонымен қатар олар «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.

Жыл басынан бері иттердің адамдарға шабуыл жасағаны жөнінде ондаған шағым тіркелген. Бұл мәселе тек қала шетінде ғана емес, Тараз қаласының орталық ықшамаудандарында да өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі жағдайды өтпелі кезең деуге болады. Бұрынғы жүйе өз жұмысын тоқтатты, ал жаңа жүйе әлі толық іске қосылып үлгермеді, – дейді Н.Сембеков.

Иттерді аулау мәселені түбегейлі шешпейді, жануарларды стерилизациялап, есепке алу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу қажет. Қазір Таразда жануарларды уақытша ұстайтын жалғыз ғана орын бар.

 Осы «Product of Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Медеу Құлтаевтың айтуынша, қалаға кемінде тағы екі панажай керек.

– Уақытша ұстау орны негізінен 40 жануарға лайықталған. Алайда қазір онда жүздеген ит жиналып, орын таршылық етуде. Қаражаттың жеткіліксіздігінен мұнда жануарларға тек екпе салынады, ал стерилизация жасауға мүмкіндік болмай отыр. Дегенмен тәжірибе ретінде 13 ит кастрацияланып, құлақтарына белгі тағылып, қайтадан босатылды. Егер қаржыландыру дұрыс жолға қойылса, бұл жұмыстарды бір жерде-ақ жүргізуге болар еді, – дейді М.Құлтаев.

 Жақында бұл панажайға қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы барып, жағдаймен танысып қайтқан. Шаһар басшысы панажай аумағын кеңейтуге және қаржыландыру мәселесін қарастыруға уәде берді.

Ветеринариялық қызметті әкімдіктердің құзырына беру – қаңғыбас жануарлар мәселесін реттеудегі түбегейлі бетбұрыс. Дегенмен бұл істе тек бюрократиялық шешім емес, нағыз мамандардың білігі мен жанашырлығы ауадай қажет. Жаңа бастама болғандықтан жергілікті биліктің жағдайды тез арада бақылауға алу мүмкіндігі күмән тудырады. Жүйе орныққанша ветеринарлар аулау жұмыстарын жүргізбейді. Соның салдарынан қараусыз қалған жануарлар көшеде еркін тайраңдап, саны бақылаусыз көбейіп жатыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар