Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА
ашық дереккөз
ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА
Әне-міне дегенше жайраңдаған жаз өтіп, қоңыр салқын күз келді. Ал қыс қыр астында. Қылышын сүйретіп келгенше қамданып үлгермесек, қырына алса қысылып қалатынымыз анық. Сондықтан ай қораланғанша аяғымызды қамдап, күн қораланғанша көрпемізді қымтап болуымыз керек. Осы орайда арқыраған қыстың ақ аязына шыдап беру үшін өңірімізде қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын зерделеп көрген едік.

Мал азығы мол

Биыл жер емген диқандар үшін де, шаруалар үшін де өте жайлы жаз болды. Көктемде жиі жауған жаңбырдың әсерінен шөп те тығыз өсті. Астық та жылдағыдан мол түсті. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, аймақтағы төрт түлікті азықпен қамтамасыз ету үшін 1,7 миллион тонна пішен, 63 мың тонна пішендеме, 491,8 мың тонна сабан, 60 мың тонна сүрлем дайындау межеленген екен. Қазірге дейін өңірде 341,4 мың гектар шөп орылған. Оның ішінде табиғи шабындықта, көпжылдық шөп те бар. Міне, мұның өзі аймақ үшін бір қысты қиналмай өткізуге молынан жететін азық деуге болады. – Қазіргі таңда мал азығын дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл облыс бойынша межеленген мал азығын артығымен жинадық. Мысалы, жоспар бойынша 1,7 миллион тонна пішен, 63 мың тонна пішендеме дайындалу керек болған. Бұл жоспар артығымен орындалып, 1,8 миллион тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме жинап үлгердік. Одан бөлек 494 мың тонна сабан, 56,1 мың тонна сүрлем жиналды. Жалпы бұл бағыттағы шаралар жоспарға сәйкес атқарылуда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов. Тағы бір айта кететін жайт, біздің аймақта өткен жылдан артылып қалған мал азығы тағы бар. Яғни былтырдан қалған 926,6 мың тонна мал азығының 879 мың тоннасы пішен, 47,6 мың тоннасы сабан. Дейтұрғанмен де мал азығының жету-жетпеуін қыстың қалай болатыны анықтайды. Қыс созылып бара жатса жемшөп те көбірек желінетіні анық. Біз шаруалардың да қысқа дайындығын сұрап көрдік. – Биыл жаз жайлы болды. Бұйыртса, ірі қараның бәрін құмда қыстатып шығамын. Қазіргі таңда 1 мың 5 түп орам шөп жинап қойдым. Алда қосымша сабан сатып алу ойымда бар. Биылғы молшылықты пайдаланып, қараша айында мал бордақылап, республиканың түкпір-түкпіріне жіберуді жоспарлап отырмын, – дейді Байзақ ауданының шаруасы Азамат Бигелді.

Жылыту маусымы жіті назарда

«Қыстың қамын жаз ойлаған» коммуналдық мекеме қызметкерлері жаз бойы жылу құбырларын жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сұйық және қатты отын сатып алу үшін облыс бюджетінен жеткілікті қаржы бөлінді. Жамбыл облысы нысандарының 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі де бекітілген. Алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары жұмыс кестесіне сәйкес атқарылып, тұрақты бақылауда болатынын айтады облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы. – Қазіргі таңда облыс нысандарының жалпы дайындығы 98,5 пайызға жетті. Бүгінде облыстағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандар, 565 автономды қазандық пен инженерлік-инфрақұрылым толық дайындыққа келтірілді. Оның ішінде 782 білім, 388 денсаулық, 467 мәдениет, 81 спорт нысаны және 1 646 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы қысқы маусымға дайын. Барлық жылу-энергетика кешендерімен күзгі-қысқы кезеңге дайындық іс-шараларына жалпы 1,117 миллиард теңге қаралып, кестеге сәйкес жұмыстар орындалды. Бүгінгі таңда күзгі-қысқы кезеңдегі жұмыстарға әзірлік паспорттарын алуға өтінім ұсынылды. Отын-энергетика кешендерінің жылдық газ тұтыну көлемі 1 335 миллион текше метрді құрайды. Ал нормативтік өлшем бойынша 5 тәуліктік резервтік мазут қоры – 11,8 мың тонна. Бұдан бөлек ҚР Энергетика министрлігімен облысқа 25,5 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінді. Сонымен қатар Жаңатас қаласының орталық қазандығын мазут отынымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қажетті қаржы қарастырылып, қазіргі таңда «Жаңатас Су-Жылу» кәсіпорнына мазут отынын тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Кестеге сәйкес ағымдағы жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында жалпы 8 000 тонна, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 5 430 тонна жеткізу жоспарланған. Қазір «Жаңатас Су-Жылу» кәсіпорнының орталық қазандығы жылыту маусымына толық дайын, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.

Қатты отын қоры да жеткілікті

Облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің жалпы көлемі – 221,1 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік ұйымдарға 60,8 мың тонна, халық үшін 160,3 мың тонна. Алайда былтыр 20 елді мекен газдандырылғандықтан биыл қатты отынға деген қажеттілік 27,6 мың тоннаға төмендеген. Жалпы биыл көмір жеткілікті. Сондықтан қатты отыннан алаңдауға негіз жоғын айтады мамандар. – Облыс бойынша көмір сатумен 31 нарық субъектісі айналысады, оның 25-і өңірлік операторлар болып айқындалған. Барлық субъектілердің көмір тұйықтары қажетті көлемде көмір қабылдауға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда көмір тұйықтарында 13,2 мың тонна көмір жинақталған. Теміржол тұйықтарына көмір вагондары тұрақты келуде. 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында, – дейді Құдайберген Нұрсерікұлы. Дейтұрғанмен қыстың қырына алса қиналтпай қоймасы анық. Сондықтан да ақтүтек боранымен келе жатқан қысты алакөңіл қарсы алуға болмайды. Қаһарына қарымыз сынбайтындай, қара суығына қара суымыз қатпайтындай дайындалуымыз керек-ақ.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар