Осы мақсатта біз ат арытып, аталған ауданға арнайы бардық. Діттеген жерге жеткенде жергілікті жұртшылықпен тілдесіп, мәселенің мәнісіне қанықтық. Мысалы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Ғанаят Қашқынбековтің айтуынша, ауданда «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер, ортақ мәселені шешуде атқарушы биліктің өз бетінше шешім қабылдауы, тұрғындардың талап-тілегіне жүрдім-бардым қарауы секілді жайттар кеңінен етек жайған. Оның ішінде ең өзектісі де, өкініштісі де – қазына қаржысының мақсатсыз жұмсалуы. Ғанаят Саршөкенұлы Мойынқұм ауданында қыруар қаражатқа сатып алынған нысандардың қаңырап бос тұруы үйреншікті жағдайға айналғанын айтады.
– Осыдан үш-төрт жыл бұрын аудандық соттың төрағасы қызметіне Бабырхан Әбуев тағайындалған болатын. Оған Мойынқұм ауылының Көбек Нарымбетов көшесіндегі №24 мекенжайда орналасқан жеке үйді 25 миллион теңгеге қызметтік үй ретінде сатып алып берді. Аталған сот төрағасы қызмет бабымен басқа жаққа ауысып кеткен соң, ауданға сот судьясы болып келген бір келіншекке берді. Бірақ ол бұл үйде тұрған жоқ. Қазір бұл нысан иесіз қалды. Содан бері қараусыз тұрған үйдің ішкі жылу жүйесі жарылып, көз алдымызда тозып кетті. Осы нысанды жергілікті атқарушы билік әжетке жаратудың орнына аудан әкімнің кеңесшісі Мұратхан Естаевтың Құлбаев көшесінде орналасқан үйін 50 миллион теңгеге сатып алу әрекетін жасап бағуда. М.Естаевтың үйін сатып алу үшін 10 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем (аванс) жасау мәселесі аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында күн тәртібіне шығарылып, бұған бірді-екілі депутат қарсы шыққанын да жұрт біледі. Қазір М.Естаевтың үйін ауданда психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымға беріп қойған, ол қандай шарттармен пайдаланылып жатқаны белгісіз, өйткені ауданда ашықтық жоқ. Неге мемлекеттік сатып алу заңы бойынша бұл нысан алдымен ашық конкурс арқылы саудаланбайды? Конкурс өтпей жатып, бір адамның үйін сатып алу үшін алдын ала 10 миллион теңге «аванс» қою арқылы әрекет ету заңға қайшы деп ойлаймын. Жергілікті билік қыруар қыржы жұмсап, біреудің үйін сатып алып, оны оңалту орталығына айналдырғанша, Көбек Нарымбетов көшесінде дайын тұрған бос ғимаратты сол орталыққа неге жөндеп бермеді? 50 миллион теңгенің жартысын жұмсап, сол нысанды ұтымды пайдалануға болмай ма? Бос тұрған нысанды ең болмаса көпбалалы отбасылардың біріне беруге де болатын еді ғой. Сонда аудан әкімдігі М.Естаевтың үйін біреулердің мүддесіне қаржылық пайда түсіру мақсатында сатып алуға құлшынып жатыр ма? Негізі конкурстық шарт бойынша оңалту қызметін көрсететін ұйым ғимаратты өз қаражатына жалдауы тиіс. Бұл жерде бір ымыра бар секілді. Осы секілді мысал Мойынқұм ауданында айта берсе жетіп артылады. Мысалы, ауданның бұрынғы әкімі Әлихан Балқыбековтің кезінде де «Балалар кітапханасын ашамыз» деген желеумен 42 миллион теңгеге бір ғимарат сатылып алынған. Ол да қазір қараусыз тұр, – деді Ғ.Қашқынбеков.

Біз аталған бос ғимараттарды шетінен аралап көрдік. Мәншүк Мәметова көшесінің соңынан екі отбасылық жиырма шақты үй салынған екен, оның да жартысы бос тұрса, кейбірінің қоршауы құлап жатыр. М.Мәметова көшесіндегі «Кітапханаға айналады» деген нысанның да терезе әйнектері сынған. Біреулер бұзуға әрекеттендей, темір есігінің жақтауы майысып тұр.
Осыдан кейін біз психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйым орналасқан әлгі нысанға бардық. Ол ғимарат кімге тиесілі екенін және қандай шарттармен пайдаланып отырғанын білуге тырыстық. «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева: «Ауданда бірінші мәрте емес, осымен үшінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Мен әлеуметтік жоба жетекшісімін, мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік жоба бойынша тиісті қызмет көрсетеміз, іс-шаралар өткіземіз. Бұл ғимаратты жалға алып қызмет көрсетіп жатырмыз. Бірақ қандай шартпен пайдаланып отырғанымызды айта алмаймын, өйткені бұл қаржылық құпия болып есептеледі», – деді.
Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков те негізгі сұрағымызға сырғытпа жауап қайтарды.
– Бұл орталық осы жылдың ақпан айында өз жұмысын бастады, сыйымдылығы 15 балаға арналған. Балалар инватакси қызметі арқылы тасымалданады. Нысан аудан әкімдігінің меншігінде. Біз тапсырыс берушіміз, ал бұл үкіметтік ұйым сол тапсырысты орындаумен айналысып жатыр. Нысанды қандай шарттарпен жалдап отырғанын мен де білмеймін, – деді Самат Тынышбеков.
Аудан орталығы – Мойынқұм ауылында бос нысандар бола тұра бюджет қаржысы неліктен тиімсіз жұмсалып жатқанын және бос тұрған нысандардың болашағын білу мақсатында Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Нұрадиновке жолығып, айтар уәжін тыңдадық.
– Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет басқа бір ғимаратта көрсетіліп келген екен. Алайда бір тіс дәрігері ол нысанның заңсыз пайдаланылып жатқаны жөнінде тиісті орындарға арыз жазып, балаларды қыстың көзі қырауда далаға шығарып жіберді. Біз мұсылман болғаннан кейін әрі жанымыз ашығандықтан шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Көбек Нарымбетов көшесінде бос тұрған мемлекеттік нысанның бар екені рас. Бірақ оны жөндеуде сметалық құжат бойынша кемі 30 миллион теңге қажет болды. Оның үстіне бұл мәселе қыстың қақаған суығында, сыртта 20 градус аяз болып тұрған ақпан айында туындады. Мұндай суықта пандус орнату, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу техникалық тұрғыдан мүмкін болмады. Жөндеу жұмысын жүргізген күннің өзінде ол ұзаққа созылар еді. Сол себепті біз Таразға көшіп бара жатқан Мұратхан Естаев есімді зейнеткермен сөйлестік. «Аға, бәріміз қазақтың баласы әрі мұсылман болғаннан кейін түсінетін шығарсыз. Мүгедектігі бар балалар оңалту орталығынсыз қалып отыр. Қазір осы оңалту орталығының мамандарымен келісіп алыңыз. Дәл қазір бізде ақша жоқ. Алдағы уақытта үйіңізді конкурс арқылы сатып аламыз» деп өтіндік. Ол кісімен әлеуметтік жобаны жүзеге асырушылар өзара келісіп, қазіргі уақытта жұмысын жүргізіп жатыр. Әкімдік тарапынан ешқандай келісімшартқа қол қойылмады, ол үйді сатып алған жоқпыз. Оның бағасы да әлі нақтыланбаған, алдағы уақытта бәрі заң аясында қарастырылады. Мұратхан Естаев зейнеткер, ал оның аудан әкімінің кеңесшісі екенін білмеймін, мүмкін бұрын болған шығар. Болашақта біз бұл үйді мемлекеттік қызметкерлерге арналған қызметтік баспана ретінде сатып алмақшымыз. Өйткені ауданда бос қызмет орны өте көп. Қазірдің өзінде әкімдікте 15-20, аудандық полиция бөлімінде 35 бос орын бар. Сырттан маман шақырсақ, олар тұратын үй сұрайды. Мойынқұмда екі-ақ қонақ үй бар, оның өзі бос емес. бұл жақтан жалға үй табу қиын. Өзге аудандардағыдай ешкім үйін жалға бермейді. Ауданға келген комиссия мүшелері де көршілес Шу қаласына барып қонуға мәжбүр. Менің осы ауданға қызметке келгеніме небәрі бір жыл болды. Өзімнің басымнан өткен жағдайды айтайын. Маған да қызметтік үй берілді. Барсам, үйдің жағдайы мәз емес, батареялары жарылып жатыр екен. Кезінде біреулер конкурс арқылы жөндеу жұмыстарын ұтып алып, есік-терезесін қопарып, істі аяғына дейін жеткізбей тастап кетіпті. Мен ешкімнен ақша сұраған жоқпын, ешқандай бюджет қаражатын шығындамадым. Өзім құрылысшы болған соң қасыма екі баланы ілестіріп, үш-төрт күннің ішінде жарылған батареяларды жөндеп, ток жүйесін реттеп, үйді адам тұратындай күйге келтірдім, – деді Әлібек Нығметуллаұлы.

Бізге сөз арасында Әлібек Нұрадинов Мұратхан Естаевты Таразға көшіп кеткенін әрі оның аудан әкімінің кеңесшісі екенін білмейтінін айтқан еді. Десе де біз мақалада есімі аталатын болғандықтан Мұратхан Естаевтың байланыс номерін тауып хабарласып, туындаған мәселеге қатысты пікір білдіруін өтіндік. Айтуынша, ол Әлихан Балқыбеков ауданды басқарып тұрғанда оның кеңесшісі болып тағайындалған екен. Қазір де аудан әкімі Амангелді Карентаевтің кеңесшісі. Біз аудан әкімдігіне барғанда бұл кісі жұмыста болған. Аудан әкімінің міндетін атқарушыны «Бізді неге ол кісімен жолықтырмады?» деп кінәламаймыз. Оның білдей бір аудан әкімінің кеңесшісі екенін білмейтіні таңғалдырды. Таразға қоныс аударғаны жайында да жаңсақ ақпарат беруі ойға шомдырды.
– Ақпан айының ішінде, қыстың күні кешке жақын төрт азамат үйге келді. Олар (аудан әкімдігінен келіссөз жүргізуге келгендерді меңзеп тұр) менен «Мына балалар (психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балалар) далада қалып отыр, сіз үйіңізді сатамын деген екенсіз, соған байланысты келіп отырмыз» деді. Мен оларға бірден жағдайды түсіндірдім. Себебі былтыр ауданның ішкі қажеттіліктеріне, біреуге үй керек болып қалар немесе сырттан келетін мамандар бар деген оймен «Осы үйді аласыздар ма?» деп аудан әкімдігіне жазбаша түрде өзім өтініш бергенмін. Сол кезде әкімдік тарапынан «Қаражат мүмкіндігінің жоқтығына байланысты үйді сатып ала алмаймыз» деген жазбаша жауап келді. Осыдан кейін мен үйді өзім сататын болып, былтыр жазда сыртқа қоршауға «Үй сатылады» деген хабарландыруды іліп қойғанмын. Ал әлгі азаматтар он бес шақты кемтар балалардың жайын сөз етті. Айтуларынша, бұл балалар ең алдымен «Биназар» қонақүйіне орналастырылған екен. Бірақ мүгедектігі бар балалара қонақ үйде қызмет көрсету заңға қайшы болғандықтан, ол жерден шығарылыпты. Одан кейін олар бұрынғы бос тұрған дәрігерлік амбулаторияны аудандық орталық ауруханамен келісмімшарт жасасу арқылы паналаған. Бірақ ол ғимарат облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты болғандықтан, аудандық ауруханамен тікелей жасалған келісімшарт заңсыз деп танылған. Кейін арнайы конкурс өткізілген. Алайда ол конкурстан бұлар жеңіліп қалып, Мойынқұмның басқа бір жергілікті азаматы оны ұтып алыпты. Десе де ол азаматқа 2026 жылдың бюджетіне Көбек Нарымбетов көшесіндегі үйге қаржы қарастырылып жатқаны, оны балаларға бергенге дейін дәрігерлік амбулаторяны екі-үш ай паналай тұру жөнінде өтініш жасалған. Ол азамат басында келіскен, алайда құжат қолына тигеннен кейін оларды шығарып тастаған. Ал Көбек Нарымбетов көшесіндегі үйге барып жағдайын көргенде оған тұруға мүмкіндік болмаған. одан да басқа екі-үш үйге барған, олардың да жағдайы талапқа сай емес. Мен оларға жағдайды түсінетінімді айттым. Оның қаржысы қалай болатынын сұрадым. Олар «Егер сіз келіссеңіз, жыл аяғына дейін қаржысын тауып береміз» деді. Осыдан кейін мен «Ауданның басшысымен сөйлесейік» дедім. Сөйтіп ол кісі бір іссапармен жүрді ме (аудан әкімі Амангелді Карентаевты меңзеп тұр. Ал өзі соның кеңесшісі), бір-екі күн кешікті. Ол кісіні күтіп, кабинетіне кіргенімде, жағдайды айтып күлді. «Сіз өзіңіз сол үйді ұсынғанда, бізге ол қажет емес деп бас тартып едік. Егер сіз келіссеңіз, жыл аяғына дейін қаржысын тауып береміз» деді. Үлкен адам осылай деп отырғаннан кейін, мен келістім. Содан кейін үйге барсам, аулаға кемтар балалардың дүние-мүлкін әкеліп тастапты. Сол күні қар аралас жауын жауып тұр еді, орталық басшысы (мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйым) «мына заттар далада қалатын болған соң сіздің үйдің есігінің алдына әкеліп қойдық» деді. Мен «Сіздердің жағдайға қанықпын, балаларды далада қалдыратын адамның қатарынан емеспін. Заттарыңызды әкеліп қойыпсыздар, қаржы мәслесін тындырмай, үйді бермеймін деп айтпаймын. Бірақ уәде бердіңіздер ме, облыс басшылығымен сөйлесіп, мәселені шешіңіздер» деп едім, ол облыс хабардар екенін, мәселені аудан әкімі арқылы шешу тапсырылғанын айтты. Осылайша үйімді бір аптаның ішінде босатып бердім, – деді Мұратхан Естаев.
Айта кету керек, М.Естаев үйін 55 миллион теңгеге бағалапты. Облыс әкімдігі конкурс арқылы оны қанша теңгеге сатып алатынын алдағы уақыт көрсетеді. Не десек те аудан әкімдігінің бюджетінен аудан әкімі кеңесшісінің үйін сатып алуға қаржы іздестіріліп жатқаны рас.
Білгеніміздей, Ә.Нұрадинов осыдан бір жыл бұрын аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған екен. Айтуынша, бір айдан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылаған, бұған кадр тапшылығы себеп болған. Сол кезден бері аталған бөлімнің басшысы лауазымындағы орын бос тұр екен. Біз кейбір бос тұрған ғимараттарды уақытында аудан әкімдігі қанша теңгеге сатып алғанын сұрағанымызда, бұл істі өзіне дейін болған жайттармен, қазіргі таңда аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде оған куә мамандар қалмағанымен байланыстырды. Сондай-ақ мемлекет меншігіндегі қаңырап бос тұрған ғимараттарға жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасалғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрғаны сөз етілді. Осы ретте «Жеке меншіктен нысан сатып алуға қаражат іздестіргенше, қолда бар нысандарды ертерек жөндеуге неге әрекет етілмеген?» деген заңды сұрақ туындайды.
Біз бұл мақаланы жазу барысында біреуді қаралауды мақсат тұтпадық. Психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымның жұмысында да шатағымыз жоқ. Тек тұрғындар көтерген мәселелердің ақ-қарасын анықтауға тырыстық. Жергілікті жұртшылық өкілдері өздері төлеп отырған салықтан құралатын қазына қаржысының мақсатсыз жұмсалып жатқанына қынжылады. Атқамінер азаматтардың барды ұқсата алмай отырғанына налиды. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған. Ендеше, Мойынқұмның шенділері аманатқа қиянат жасамай, өз қызметтерін адалынан атқарады деп сенеміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



