Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Тараз» маусымды тың қарқынмен бастады

«Тараз» маусымды тың қарқынмен бастады
А.Қартабай
Кеше «Тараз» футбол клубының жаңа маусым алдындағы таныстырылымы өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен іс-шараға футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер көптеп жиналды.

1960 жылы құрылған клуб матчтарын 12 мыңнан астам көрерменге арналған Орталық стадионда өткізеді. Команда 2023 жылдан бері бірінші лигада бақ сынап келеді. Клуб 1996 жылы өз тарихындағы алғашқы және соңғы чемпиондыққа қол жеткізген. Ал 2004 жылы ел кубогының иегерлері атанған.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алғаш болып сөз сөйлеп, жұртшылықты команданы қолдауға шақырды.

– Бүгін біз футболдың жаңа маусымының шымылдығын түретін салтанатты кеште бас қосып отырмыз. Жаңа маусым баршаңызға құтты болсын! Жамбыл өңірі – талай дүлдүлдерді додаға қосып, тұлпарларды баптаған киелі мекен. Ал «Тараз» футбол клубы – сол таланттарды шыңдап шығаратын негізгі ұстахана. Осы клубтан түлеп ұшқан азаматтарымыз еліміздің көк байрағын биікте желбіретіп, жанкүйердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы бұқаралық спортты, соның ішінде футболды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Әсіресе ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды реттеу – басты назарда. Бүгінде облысымыздың он ауданы мен Тараз қаласында кіші және үлкен футбол стадиондары салынып, ел игілігіне берілуде. Биылғы маусымның үлкен жаңалығы – Тараз қаласында футбол академиясының құрылысы басталады. Бұл жүз баланы тәрбиелейтін заманауи білім мен шеберлік орталығы болмақ. 2027 жылы іске қосылатын академиядан да талай тарландар шығатынына сеніміміз кәміл. Тарихы терең «Тараз» клубы бүгін жаңа құраммен толықты. Өзге клубтарда шеберлігін шыңдаған біраз азамат туған өлкеге оралып, клуб сапына қосылып жатыр. Ендігі мақсат – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, командаға қолдау көрсету. Келесі жылы командамыз премьер-лигаға жолдама алып, жанкүйерлерге үлкен футболдың қызығын сыйлайды деп сенеміз, – деді Серік Жақсылықұлы.

Осыдан кейін «Тараз» футбол клубының бірқатар ардагеріне құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.

Сондай-ақ клуб өз тарихында алғаш рет ресми түрде «Родной» есімді маскотын таныстырды. Ол клубтың әнұранымен сахнаға шығып, жанкүйерлермен амандасты. Сонымен қатар клуб гимнінің авторы Жазылбек Алдабергенов те құрметке бөленді.

Кеш соңында көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада, Introvert, Taspay, CALI, Duman Marat және De Lacure сынды жас орындаушылар өздерінің хит әндерін орындап, кештің көркін қыздырды. Бұдан бөлек ұтыс ойындары ұйымдастырылып, смартфондар мен бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар