Иә, Қазақстанда диабет дерті оттай өршіп тұрғанын ашық айтқан жөн. Бүгінгі таңда ресми есепте 500 мыңнан астам адам тұрса, оның 30 мыңнан астамы – бірінші типті, ал қалған басым бөлігі екінші типті диабетпен келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, нақты көрсеткіш бұдан екі есе көп болуы әбден мүмкін, өйткені мыңдаған адам «тәтті ажалдың» құрығына ілінгенін сезбей де, мойындамай да жүр. 2025 жылдың есебі бойынша, бүгінде облыс бойынша қант диабетімен диспансерлік бақылауға алынған науқастар саны 24 464 жеткен, яғни бұл көрсеткіш 100 мыңға шаққанда 288. Диабеттің асқыну салдарынан аяқтарының саусақтары іріңдеп, гангренаға, яғни шіріп, өлі етке айналып, ары қарай науқастың ауруы тым дендеп, емдеу мүмкіндіктері азайып, науқастың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер аяқтарын кесіп тастауға мәжбүр болады. Аяқсыз қалу мүгедек болды дегеніңіз. Әрине, бұл ауруға да, оның жақындарына да, оны емдеп жатқан дәрігерге де жеңіл емес. Бірақ солай етуге мәжбүр. Олай болмаса адам өмірі қиылады. Статистикалық мәліметтер бойынша, өткен 2025 жылы қант диабетінің асқыну салдарынан аяқтары гангренаға ұшырып, 65 науқастың аяғы хирургиялық жолмен кесіліпті, яғни бір жылда соншама адам мүгедектер қатарына қосылыпты. Себебі, қант диабетімен ауырған науқас дәрігерлердің кеңесіне жүрдім-бардым қарап, диета сақтамай, күтінбей, ауруларының асқынуына жол берген. Қобалжыйтын, ойландыратын көрсеткіш...
Қант диабеті – ұйқы безі қызметінің бұзылуы, инсулин атты гормонның жетіспеушілігінен пайда болады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл дерт халық арасында соңғы жылдары едәуір жиі кездесе бастады, тіпті балалар арасында да ұшырасатыны жайлы мәліметтер бар. Жақында бұл аурумен елімізде 600 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұратыны жайлы Денсаулық сақтау министрлігі хабардар етті. Бұл көрсеткіш, өкінішке қарай жыл өткен сайын көбейіп барады. Көпшілік арасында ол дерт туралы қауесет сөздер де аз емес, түсінік те әртүрлі.
Қант диабеті инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып екі түрге бөлінеді. Қант диабетінің пайда болу себептеріне тоқталатын болсақ, олар әртүрлі. Ең басты себептердің бірі – тамақтану салтының өзгеруі: атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану. Сол сияқты қажеттен артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеліп соқтырады (қазір семіздікпен ел тұрғындарының 3/1 бөлігі ауырады). Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікке байланысты. Сырқатқа шалдығудың себептерінің тағы бірі – тұқымдық бейімдеушілік екені де белгілі. Тұқым қуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында кең таралып отыр. Тағы бір себебі – экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістердің (фосфор, қорғасын және т.б.) зиянды әсері, тамақтануда режимдердің сақталмауы және тағы басқалар. Бұл ауру жас талғамайды. Қант диабеті қазіргі шешімін таппай келе жатқан дерттің бірі болып қалуда. Оның асқынулары көптеген ағзалардың (қан тамырлары, бауыр, жүрек, нерв жүйелері) қызметін нашарлатып, науқастың жағдайын қиындатады.
Тағы бір кең тараған дерттің бірі – семіздік. Семіздік пен артық салмақ – қазіргі әлемдегі ең көп таралған денсаулық проблемасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әрбір үшінші ересек адам артық салмақтан, ал оннан бірі семіздіктен зардап шегеді. Бұл жағдайлар өмір сапасын нашарлатып қана қоймайды, сонымен қатар созылмалы аурулардың даму қаупін айтарлықтай арттырады.
Артық салмақ – денеде артық майдың жиналуымен сипатталатын жағдай. Семіздік – бұл күрделі созылмалы ауру, онда майлы тіндердің артық жиналуы денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Семіздік пен артық салмақ – қазіргі әлемдегі ең көп таралған денсаулық проблемаларының бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әрбір үшінші ересек адам артық салмақтан, ал оннан бірі семіздіктен зардап шегеді. Бұл жағдайлар өмір сапасын нашарлатып қана қоймайды, сонымен қатар созылмалы аурулардың даму қауіпін айтарлықтай арттырады.
Семіздіктің себептеріне дұрыс тамақтанбау, отырықшы өмір салты, зат алмасудағы бұзылулар (гормоналды бұзылулар, тұқым қуалаушылық), мазасыздық стресс және психоэмоционалды жағдайлар жатады. Сонымен қатар медициналық дәрі-дәрмектер (кейбір дәрі-дәрмектер, мысалы гормондар салмақ қосуға ықпал етуі мүмкін.
Қазақстанда да әлемдегі жағдайдай семіздік көрсеткіштері өсіп келе жатқаны алаңдаушылық туғызады. Егер бүкіл әлемде артық салмағы бар адамдардың саны 2 миллиардқа жетсе, Қазақстанда 4 миллионға жуықтаған. Бұл – қауіпті көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы семіздікпен алғашқы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 44,6 жағдайды құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш өсіп 52,9 құрады. Семіздік қала тұрғындары арасында 100 мың тұрғынға шаққанда 55,8 жағдай жиі диагноз қойылады, ал ауыл тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 29,4-тен төмен. Сарапшылар мұны өмір салтымен байланыстырады: ірі қалаларда адамдар аз белсенді өмір салтын ұстанады, фастфудты жиі пайдаланады және күйзеліске ұшырайды. Тағы бір алаңдатарлық үрдіс – балалық семіздіктің өсуі. 2024 жылы елде осы диагнозбен 4260-тан астам бала анықталды. Зерттеулерге сәйкес, 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың дене салмағы артық, ал 6,6 пайызы семіздікке шалдыққан.
Жас ұлғайған сайын артық салмақтың да саны арта береді. Тексеруге қатысқан адамдардың қан құрамында қант диабетіне әкеп соғатын – глюкоза, жүрек-қан тамырлары ауруларын туындататын холестериннің де жоғары екендігі анықталған. Өлім-жітімнің 60 пайызы тамақтану режимінің бұзылуынан туындаған сырқаттың салдарынан болады екен. Мамандардың бұлай алаңдауының себебі – семіздік көптеген аурулардың алғы шарты болып табылады. Соның бірі – қант диабеті.
Артық салмақ пен семіздік негізінен алдын алуға және емдеуге болады. Тіпті жеке деңгейде алдын алу шараларын қолдану семіздікті азайтуға ықпал етеді. Бұл шараларға мыналар жатады: баланы дұрыс тамақтануға, физикалық белсенділікке, отырықшы өмір салтынан аулақ болуға және баланы қазіргі дене салмағына қарамастан толық ұйықтауға үйрету; экранда өткізілетін уақытты шектеу; қантты сусындар мен жоғары калориялы тағамдарды тұтынуды шектеу және дұрыс тамақтану әдеттерін ынталандыру; салауатты өмір салты (дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, ұйқының ұзақтығы мен сапасы, темекі мен алкогольден бас тарту, эмоционалды өзін-өзі реттеу); жемістер мен көкөністердің, сондай-ақ бұршақ дақылдарының, дәнді-дақылдар мен жаңғақтардың үлесін арттыра отырып, диетадағы жалпы май мен қанттың көзі болып табылатын калорияларды тұтынуды шектеу.
Семіздік – бұл жаһандық проблема ғана емес, сонымен қатар қоғам деңгейінде және әр адамда назар аударуды қажет ететін ауыр ауру. Бала кезінен бастап салауатты әдеттерді қалыптастыру, белсенді болу және денсаулығыңызға жауапты болу маңызды. Тек жан-жақты және жүйелі тәсіл қазіргі заманның осы өзекті мәселесімен тиімді күресуге көмектеседі.
Иә, әлемде жасына, нәсіліне және жынысына қарамастан артық салмағы бар адамдар көбейіп барады. Бұл жағымсыз көрініс қана емес, адамдар аса мән бере бермейтін өте күрделі ауру. Семіздік 2 типті қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек-қан тамырлары аурулары мен бауырды май басу жағдайларын арттырады. Сондай-ақ адамның тірек-қимыл аппаратына және ерлердің де, әйелдердің де ұрпақты болу функциясына әсер етеді. Семіздік қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің даму қаупін арттырады. Салмағы үлкен адамдардың ұйқысы бұзылып, өмір сүру салты мен физикалық белсенділігі төмендейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде 5 миллионға жуық адам семіздіктен көз жұмады. Өлімнің себептері жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік, инсульт, тыныс алу және ас қорыту органдарының созылмалы аурулары. Семіздікті емдеу мультидисциплинарлық тәсілді қажет етеді. Әртүрлі профильдегі дәрігерлердің соның ішінде диетологтың, психологтың, эндокринологтың, кардиологтың және басқа мамандардың қатысуымен өткізіледі.
Қант диабеті мен семіздік жайлы мақаламызды ерте тарихтан қалған мына әңгімемен аяқтауды жөн көрдік. Қант диабетімен, семіздікпен және қан қысымымен ауыратын ресейлік бай кәсіпкер бірде орыстың белгілі дәрігер-ғалымы Сергей Петрович Боткинге жүгінеді.
Ол атақты профессорға көп ақша ұсынды, бірақ Боткин оны тек бір шартпен ғана емдеймін деп жауап беріпті. Боткин бай кәсіпкерге: «Сен Одессаға жалаң аяқ, сөмкеңде бір бөлке нан, бір тиын ақшасыз барып келсең, емдеуді бастаймын. Егер бұл талап бұзылса, емдеуден бас тартамын», – деп айтыпты.
Саудагер естігеніне күмәнданғанымен басқа дәрігер оған өлімнен басқа амалы жоқ екенін айтып, келісіп, ақыры жол жүруге мәжбүр болады. Саудагер Одессаға барар жолда қайыр сұрап, ауылдарға түнеп, Алланың бұйыртқан азын-аулақ асын жеп, 2000 шақырымнан астам жол жүріп, ақыры мақсатына жетеді.
Сосын Боткинге келіп емдеуді бастауын сұрайды. Дәрігер оны көріп, «сен сап-сау адамсың» деп айтады. Саудагер аң-таң болып, қалайша сау екендігінің себебін құлықсыз сұрайды. «Сенде қазір семіздік, қант диабеті және жоғары қан қысымының белгісі жоқ. Сізді енді емдеу қажет емес», – деп жауап берген екен.
Осы мысалдан-ақ белсенді дене қозғалысының, физикалық еңбектің, жүрудің адам денсаулығына қаншама пайдалы екенін ұғуға болады. Неге бүгінде адамдар арасында семіздік, гипертониялық, қант диабеті сияқты аурулар көбейіп кетті. Әрине оның басты себептері – гиподинамия (аз қозғалу), қол жұмыстарының азаюы, мөлшерден артық ас ішу, диета сақтамау және тағы басқалары. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда өскелең ұрпақтың денсаулығының нашарлауының себебі рухани құндылықтың құнсыздануы, гигиена мен гигиеналық мәдениеттің нашарлығы, денсаулық туралы білімнің жеткіліксіздігі, өз денсаулығы үшін жауапкершіліктің болмауы, салауатты өмір салтының мақсаты мен қызметін жеткіліксіз түсіну. Бұл тек Қазақстан Республикасы ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемнің ғалымдары адам денсаулығына әсер ететін маңызды биологиялық және әлеуметтік факторға ерекше назар аудара отырып, қоғамды жақсартудың тиімді жолдарын зерттеуге ұмтылуда.
Қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдердің физикалық белсенділігінің төмендеуі (гипокинезия) үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы балалардың күнделікті өмір салтын өзгертіп, көп уақытын қозғалыссыз, экран алдында немесе смартфонда (әлеуметтік желіде) өткізетін жағдайға жеткізді. Бұл факторлар олардың физикалық және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан дене шынықтыру жаттығуларының балалар мен жасөспірімдер үшін маңыздылығы айтарлықтай өсіп отыр.
Адамның жеке басының ерекшеліктері дененің конформациясымен тығыз байланысты. Тұрақты дене шынықтыру жаттығулары мен денсаулықты нығайту денсаулықты жақсартып, спорттың дамуына ықпал етеді. Жас организм дене жаттығулар мен дұрыс ұйымдастырылған жұмыс арқылы ғана өсіп, күшейеді. Денені жақсы қалыптастыру үшін күнделікті жаттығуларды қайдан және қалай бастау керектігін білген дұрыс. Адамның қимылдары таңертең ұйқыдан оянғанда басталады. Қозғалыстың бірінші бастамасы – таңертеңгі дене жаттығулары. Таңертең жаттығуға қанша уақыт кететінін нақты айту қиын.
Физикалық жаттығулар иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. Жаттығу кезінде ағзадағы метаболикалық процестер белсенділеніп, иммундық жасушалардың (лимфоциттер, фагоциттер) саны артады. Бұл өз кезегінде ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады және суық тию сияқты аурулардың алдын алуға ықпал етеді.
Физикалық белсенділік тек физикалық денсаулықты ғана емес, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайын жақсартады. Қазіргі заманда балалардың психикалық жүктемесі артып келеді, ал дене шынықтыру жаттығулары стрессті азайтып, эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Физикалық жаттығулар кезінде ағза эндорфиндер бөліп шығарады. Бұл гормондар адамның көңілкүйін жақсартып, өз-өзіне сенімділігін арттырады. Оқушылардың көңіл-күйі жоғары болса, олар оқу процесіне белсенді қатысып, өз мүмкіндіктерін жақсы жүзеге асыра алады.
Артық салмақпен күресудің ең тиімді жолы – оны ерте анықтау және дер кезінде қолға алу. Семіздіктің дамуын бәсеңдетуге болады. Бұған адамның өзінің ынтасы керек. Ең алдымен дұрыс тамақтану және өмір салтын өзгерту қажет. Ақуыздар, майлар мен көмірсулардың, сондай-ақ витаминдер мен талшықтардың жеткілікті мөлшері бар теңдестірілген диета салмақ жоғалтуға ғана емес, жалпы денсаулықты жақсартуға көмектеседі. Калория тапшылығын жасаңыз. Түскі ас бөлігінің 50 пайыз көкөністер, 25 пайыз ақуыздар және қалған 25 пайыз гарнир болуы керек. Таңғы асты қалдырмаңыз. Тұрақты, түрде таңғы ас ішу (майлы емес) күні бойы тәбетіңізді бақылауға көмектеседі. Сондай-ақ ұзақ мерзімді салмақ жоғалту стратегиясының бөлігі болуы мүмкін. Асықпай тамақтаныңыз, жақсылап шайнаңыз. Бұл толыққанды сезінуге және тамақ мөлшерін азайтуға көмектеседі. Суды және қантсыз сусындарды көбірек ішіңіз. Таза суды және көк шай сияқты сусындарды үнемі тұтыну ылғалды сақтауға көмектеседі. Спортпен айналысыңыз. Дене белсенділігі калория шығынын арттырады және салмақ жоғалтуды тездетеді. Стресске төзімділікті және оны жеңуді үйреніңіз.
Семiздік пен қант диабеті денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді, көптеген аурулардың бас көтеруіне апарып соғады. Оған қоса, диабет пен артық салмағы бар адамдар ауыр психологиялық қиындықтарға душар болады. Өйткенi бiздiң қоғам сымбаттылық пен арықтықты бағалайды. Бұл әсiресе әйелдер мен жасөспiрiмдерге қиынға соғады.
Көп жағдайда денсаулығымыздың нашарлап, оның сызат беруіне өзіміз кінәлі екенімізді мойындауымыз керек. Семіздік пен диабеттің алдын алу үшін жоғарыда айтылған кеңестер есте болып, ол дерттердің алдын алып, пайда болуына жол бермеу болып табылады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, сақтансақ сау боламыз!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.




