Бүгінде кейбір студенттер үшін көлік тек сән-салтанаттың белгісі ғана емес, күнделікті өмірдің ең маңызды қажеттілігіне айналған. Әсіресе үлкен қалаларда оқу мен жұмысты қатар алып жүрген жастар үшін көлік уақыт үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.
Көп жағдайда жастар қымбат көліктерді өз еңбегімен емес, ата-анасының қолдауының арқасында тізгіндеп жатады. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті Арыс Ильясұлы көлікті ата-анасы сыйлық ретінде алып бергенін айтады. Ал аталған университеттің тағы бір студенті Назым Айтбек бірнеше жыл сабақ пен жұмысты қатар алып жүріп, нәтижесінде өзі қалаған көлікті сатып алыпты.
– Бірінші курстан бастап жұмыс істей бастадым. Алдымен интернет арқылы қашықтан жұмыс істедім. Кейінірек досымызбен бірге шағын онлайн киім дүкенін аштық. Бірте-бірте біздің бизнес тұрақты табыс әкеле бастады. Бірнеше жылдан кейін көлік сатып алдым. Мен үшін бұл жай ғана көлік емес, еңбегімнің жемісі, – дейді Назым.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда көлік саны жыл сайын артып келеді. Жүргізушілердің едәуір бөлігін 18 бен 25 жас аралығындағы жастар құрайды.
Жалпы кейбіреулер студенттердің қымбат көлік мінуін қалыпты жағдай деп қабылдаса, енді бірі оны әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ретінде бағалайды. Осыған байланысты мамандар да өз пікірін білдіруде. Мәселен, оқытушы Акрам Муса-Ахунов көліктің шынайы құндылықтардың орнын алмастырмауы керектігін атап өтеді. Оның айтуынша, көлік – қозғалысты жеңілдететін құрал әрі белгілі бір деңгейде мәртебе белгісі болғанымен, студент басты мақсаты білім алу екенін ұмытпауы қажет. Ол сондай-ақ жастар арасында сыртқы атрибуттарға, яғни қымбат көлік пен көзге көрінетін дүниелерге шамадан тыс мән беру үрдісі қалыптасып келе жатқанын айтып, бұл кейде жалған түсінік тудыруы мүмкін екенін ескертеді.
Студенттердің қымбат көлік мінуін біржақты бағалауға болмайды. Бірі үшін бұл – ата-анасының қамқорлығы, енді бірі үшін – өз еңбегінің нәтижесі. Алайда қоғам үшін маңыздысы – олардың қандай көлік мінгені емес, қандай білім алып, қандай тұлға болып қалыптасып жатқаны.
Нұрсая САҒЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті




