Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаһандану ұлттық болмысымызға қалай әсер етеді?

Жаһандану ұлттық болмысымызға қалай әсер етеді?
massaget.kz
Бүгінгі таңда экономикалық ықпалдастық, ақпараттық тасқын және жасанды интеллектінің қарыштап дамуы адамзат тұрмысын жеңілдеткенімен, рухани құндылықтардың маңызын көлеңкелеп, ұлттық болмыстың іргетасын шайқалтуда. Осы орайда ұлттық бірегейлік бағытымыздан адастырмайтын темірқазығымыз екенін ұғынуымыз қажет.

Бүгінгі жаһандану дәуірі мәдениеттердің бір-бірімен тығыз астасуына мүмкіндік беріп отыр. Жастардың шетелге шығып, өзге халықтардың өркениетін зерттеуі олардың сана-сезімін жетілдіріп, ойлау қабілетін жоғары деңгейге көтеруі мүмкін. Алайда мұнда мақсаттың айқындығы маңызды рөл атқарады. Егер біз сырттан тек пайдалы тәжірибені бойымызға сіңіруді көздесек, бұл ұлттық мүддеге қызмет етеді. Ал тамырымыздан біржола қол үзіп, басқа елдің азаматтығын алу немесе жат мәдениетке сіңіп кетуге ұмтылу ұлттық болмыстың әлсіреуіне соқтырады.

Ұлттық болмыстың тірегі де, жүрегі де ана тіліміз екені даусыз. Тіл – ұлттың жаны әрі тарихымыздың айнасы. Бабаларымыз өзге тілдерді меңгерумен қатар өз тілімізді қастерлеуді өсиет еткен. Күнделікті қарым-қатынаста ана тілімізде сөйлеу арқылы біз ұлттық рухымызды нығайта аламыз. Өз тілін жоғалтқан халықтың болашағы бұлыңғыр болатыны ақиқат. Сонымен бірге ата-бабадан қалған әдеп-ғұрыптарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу рухани байлығымызды еселей түседі. Әрбір азаматтың санасында жаһандану мен ұлттық құндылықтарды қатар ұстауға болады деген берік сенім болуы шарт. Бірі үшін екіншісінен бас тартуға болмайды. Керісінше, ішкі өзегі мықты әрі болмысы берік халық қана әлемдік үдерістерді өз пайдасына жарата алады. Бұл екі ұғымның арасында тепе-теңдік орнату өте маңызды. Бір жағынан, жаңашылдықты қабылдап, заман ағымына ілессек, екінші жағынан, төл мәдениетімізді болашаққа аман жеткізу міндетіміз болып қала береді.

Жаһанданудың мүмкіндіктерін сауатты пайдалана білген ұлт қана жаңа белестерді бағындырады. Сондықтан ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, еліміздің гүлденуіне де үлес қосуымыз қажет.

Жания ЕЛУАН

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар