Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ойыншық таңдауға да талғам қажет

Ойыншық таңдауға да талғам қажет
Автор
Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тәмсіл бар. Алайда бесіктен бастап берілетін тәрбиеге біз қазір қалай көңіл бөліп жүрміз? Басқасын былай қойғанда, баланың қолына ұстата салатын ойыншықтарға қаншалықты мән береміз? Бүгін біз осы сауалдарға жауап іздеп көрмекпіз.

Психолог Айгүл Сәдуова бүгінде дүкен сөрелерінде жиі кездесетін ойыншықтардың көпшілігі шетелдік мультфильмдер мен анимациялық кейіпкерлерге негізделгенін айтады.

– Мысалы, «Монстр Хай» сияқты қуыршақтарды алайық. Оның жез тырнақтары, ұсқынсыз киімі, түрлі шаш бояулары баланың психикасына әсер етпей қоймайды. Бала жастайынан мұндай ойыншықтармен жиі ойнаса, жүйке жүйесі шамадан тыс стимуляцияға ұшырап, психологиялық жарақат алу қаупі бар. Сәбидің психологиялық жарақаты көрінбейтін болса да, уақыт өте келе оның эмоционалды тұрақтылығына, сенімділігіне, әлеуметтік қарым-қатынасына және жалпы денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан әр ата-ана ойыншық таңдағанда оның тәрбиелік, психологиялық мәнін де ескеруі тиіс. Баланың ой-санасын қалыптастыруда ойыншықтың рөлі өте зор. Шынайы өмірде кездесетін көріністердің және моральдық құндылықтардың үлгісі ретінде қарапайым, шығармашылыққа, мейірімге және қиялға бағытталған ойыншықтар таңдалуы қажет. Ал агрессияны насихаттайтын, шектен тыс сексуализацияланған немесе қорқынышты кейіпкерлермен ойнау баланың денсаулығына зиян келтіруі ықтимал. Бұл ретте баланың психикасын қорғау – ата-ананың басты міндеті. Ойыншық арқылы бала әлемді танып, рөлдерді үйренеді. Сол себепті ойыншық таңдау барысында оның тек қызықты немесе сәнді болуы емес, баланың психологиялық және моральдық дамуына қаншалықты ықпал ететініне көңіл бөлген дұрыс, – дейді психолог Айгүл Сәдуова.

Бұл мәселеге байланысты ата-аналардың да өз айтары бар. Мәселен, көпбалалы ана Айжан Ермаханова «аяғы ауыр» Барби қуыршақтарының көбейіп кеткеніне өте алаңдаулы.

Бес баланың анасымын, 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырмын. Дүкенге барсақ, қыздарым әртүрлі қуыршақтарға қызығып, алып беруімді өтінеді. Қазір дүкен сөрелерінде жартылай жалаңаш, сәнді киінген Барби қуыршақтары мен «аяғы ауыр» қуыршақтар жиі кездеседі. Базарларда мұндай қуыршақтар 2000-2500 теңгеден сатылуда. Бұрын бала кезімізде «Бала дүниеге қалай келеді?» деп сұрағанда үлкендер «Аузымнан түсіп қалдың» деп әзілмен жауап беретін. Ал, қазір «екіқабат» Барбимен ойнаған баланы алдап көр енді… Әрбір ата-ана өз баласының болашағы үшін жауапты. Сол себепті қыздарыма бағасы қымбат болса да, тәрбиелік мәні бар, сапалы қуыршақтарды таңдап беремін. Себебі бала ойын арқылы ғана емес, ойыншық арқылы да әлемді танып-біледі, – дейді көпбалалы ана.

Сонымен қатар бүгінгі балалар спиннер, попит, слайм сияқты антистресс ойыншықтарға да ерекше қызығушылық танытады. Дегенмен, олардың дені белгілі бір шетелдік символикамен, атап айтқанда, ЛГБТ-ның түстерімен үйлестіріліп жасалғанын аңғару қиын емес.

– Егер ойыншық баланың жас ерекшелігіне сай таңдалса, ол балаға қоршаған ортаны тануға, дүниетанымын кеңейтуге және психологиялық дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Бала ойын арқылы өз сезімдерін білдіреді, іс-әрекеттерін үйлестіру қабілетін дамытады және айналасымен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Жалпы түстер де баланың психологиясына белгілі бір деңгейге әсер етеді. Мысалы, қызыл түс қан қысымын жоғарылатады. Ал жасыл түс тыныштандырып, қан қысымын қалыпқа келтіреді және шаршауды басуға көмектеседі. Сондықтан ойыншық таңдағанда түсіне де назар аударыңыз. Антистресс ойыншықтарға қатысты да көңіл бөлетін мәселелер аз емес. Мысалы, слаймның құрамында химиялық қоспалар болғандықтан, оны қолданғаннан кейін баланың қолын мұқият жуу керек. Спиннерге келсек, ол алғаш рет 30 жыл бұрын ойлап табылған және бастапқыда аутизм ауруын емдеуге қолданылған. Мамандар спиннердің балаға әсері бойынша екі түрлі пікір айтады. Бірі антистресс ретінде пайдалы деп санаса, енді бірі балаға күйзеліс тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Металдан жасалған спиннерлерді пайдаланғанда қауіпсіздік шараларын ұмытуға болмайды. Кейде балалар түрлі жарақат та алып жатады, – дейді педагог-психолог Гүлжан Базарбаева.

Балалардың тәрбиесі – әрбір қоғамның, әрбір отбасының басты міндеттерінің бірі. Дінтанушы Мұхамеджан Қайыржанұлының айтуынша, Ислам дінінде де бұл мәселеге айрықша мән берілген.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бізге: «Балаларыңа дұрыс тәрбие беріңдер, өйткені әркім баласы үшін Алла алдында есеп береді» деп өсиет етті. Әрине, бұл өсиет тек ата-ана міндетіне ғана емес, балалардың айналасындағы барлық әсер етуші факторларға да қатысты. Қазіргі таңда ойыншықтардың сан түрі бар. Бірақ өкінішке қарай, олардың бәрін баланың рухани дамуына пайдалы деп айту қиын. Себебі, кейбір ойыншықтарда адамдарға жағымсыз энергия мен теріс құндылықтарды дәріптейтін белгілер кездеседі. Мұндай ойыншықтармен ойнау балаға рухани зиян келтіріп, оның имандылыққа, мейірімділікке деген түсінігін бұрмалайды. Бұдан бөлек, кей ойыншықтарда деструктивті магия, сиқырлы күштер мен қорқынышты сюжеттер көрсетіледі. Бұл нәрселер баланың фантазия мен шынайы өмірді ажыратуына кедергі келтіреді әрі Исламға өте жат. Баланың болашағы, оның мінез-құлқы мен рухани дүниесі – біздің бүгінгі таңдаған тәрбиемізге байланысты. Әрбір ата-ана мен тәрбиеші баланың айналасын, ойыншықтарын және ойындарын мұқият бақылап, тек ізгілікке, әділдікке және мейірімділікке баулитын дүниені ұсынуы тиіс, – дейді дінтанушы.

Сондықтан ата-аналар ойыншық таңдағанда оның тәрбиелік, психологиялық және рухани мәніне көңіл бөлуі қажет. Оның үстіне, бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі болашағымыз екенін ескерсек, ел болуды ең әуелі ойыншығымызды түзеуден бастағанымыз жөн-ақ.

Дариға МЫРЗА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар