Салтанатты рәсімнен кейін Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, жаңа Ата заңның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!» – деді Мемлекет басшысы.

Шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, Конституциялық комиссия және Жалпыұлттық коалицияның мүшелері қатысты.



