Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
ашық дереккөз
САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын! Адам баласының есепсіз сауаптарға кенеліп, Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына кенелуіне себеп болатын амалдардың бірі – Алла елшісіне (с.ғ.с.) салауат айту. «Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді. Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу. Алла Тағаланың, періштелердің әрі адамдардың Пайғамбарға айтатын салауаттары бірдей аталғанымен, ол салауаттардың әрқайсысының өзіндік мағынасы бар. 1. Алла Тағаланың Пайғамбарға салауат айтуы. Бұл Алла Тағаланың оған деген мейірімі мен ризалығын білдіруі деген сөз. Сонымен қатар оған жәрдем етуі, абыройын асқақтатуы, істерін берекетті етуі, атының дәріптеліп, ақырет сыйлықтарын беруі және айтылған салауатты қабыл етуі деген мағыналарды білдіреді. 2. Періштелердің салауат айтуы. Періштелердің салауат айтуы ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең жоғарғы мәртебелердің берілуін сұрап, Алла Тағалаға дұға етуі мен кешірім тілеуі. 3. Мүминдердің салауат айтуы. Алла елшісін (с.ғ.с.) құрметтеп, ол үшін дұға ету деген сөз. Ғалымдарымыз жоғарыда келтірілген «Ахзаб» сүресінің 56-аятында ардақты Пайғамбарымызға ерекше дәреже берілгендігі баяндалып тұрғанын айтқан. Өйткені қасиетті Құранда Адам пайғамбарға (с.ғ.с.) періштелердің сәжде еткені жайында аят бар. Ол турасында қасиетті Құрандағы «Бақара» сүресінің 34-аятында: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер» дедік. Сонда олар дереу сәжде етті. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды», деп айтылған. Бұл аятта періштелердің Адам пайғамбарға (с.ғ.с.) сәжде еткендігі турасында: «Олар дереу сәжде етті», деп өткен шақта айтылған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) періштелердің салауат айтуы турасында айтылған «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Және періштелер салауат айтады», делініп, періштелердің салауаты осы шақта айтылып тұр. Бұл ардақты Пайғамбарымызға деген періштелердің салауаты қияметке дейін тоқтамай, жалғасып айтыла беретінін білдіреді. Ендеше періштелер атқаратын осындай ұлық амалды әр мұсылман адам орындап, адамзаттың ардақ тұтар ұстазы болған ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жиі салауат айтып жүргені дұрыс. Салауат айту мәселесінде біздер мынадай амалдарды ескеруіміз қажет: Бірінші. Салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу. Салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу – адамның салауатты жиі әрі тұрақты түрде айтуына себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», деген (имам Муслим). Салауат айтудың артықшылығы мен сауабы жайында бұдан да өзге хадистерде көптеп айтылған. Бұл хадистердің барлығы салауат айтуға адамның немқұрайдылық танытуға болмайтындығын, салауатты жиі айту – Раббымыздың разылығына, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына кенелуімізге себепші болатындығын көрсетеді. Сол себепті де салауат айтуға бұрынғы өткен ізгі адамдар мен ғалымдарымыз арнайы уақыт белгілейтін болған. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.а): «Алла елшісіне (с.ғ.с.) шынайы ықыласпен салауат айту күнәларды судың кірді кетіргенінен де артық жойып жібереді. Алла Тағалаға мақтау айтып, ардақты Пайғамбарымызға салауат айту жомарттық танытып, қолындағы дүниені таратқаннан әлдеқайда жақсырақ», деген. Екінші. Салауатты жиі айту. Мұсылман адамның Алла елшісіне (с.ғ.с.) өмірінде бір мәрте салауат айтуы – уәжіп. Ал жалпы алғанда салауат мұстахаб амалға жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сараң адам – менің атым аталғанда маған салауат айтпаған адам», деген (имам Тирмизи). Ардақты Пайғамбары­мыздың есімі аталғанда салауат айтумен қатар, есімі қағаз бетіне жазылған уақытта да салауат сөздерін жазу қажет. Салауатты адам баласы намазда, қажылықта, Құран оқығанда, бір жиында сөз бастағанда, сөзін аяқтағанда, мешітке барарда, қатты күйзелгенде, Алладан кешірім сұрағанда, үйге кірерде, бір нәрсені ұмытып есіне түсіре алмағанда, ұйықтағанда, ашуланғанда, өмірдің қай жағдайында болса да айтқаны дұрыс. Қадірменді жамағат! Салауат сөздерін жиі айту арқылы адам баласы көп сауапқа кенеліп, Алла елшісіне (с.ғ.с.) ең жақын адамдардан болады. Ол турасында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам», деген (имам Тирмизи). Алла Тағала баршаларымызды ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтушылардан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Жұма уағызын жүргізген – облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар