ЖАМБЫЛДЫҢ ШҰЖЫҒЫНА РЕСПУБЛИКАДА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Бүгінде әлем бойынша халал стандартқа сұраныс артып келеді. Халық тек ет, шұжық өнімдерін ғана емес, жалпы табиғи, зиянды қоспасыз өнім тұтынуға тырысуда. Сондықтан ішетін тамақ пен тұтынатын тұрмыстық өнімдердің стандартқа сай болуымен қатар, сол арнайы белгіні беретін мекеменің де тиісті рұқсаты, бағынатын талап-шарты болғаны дұрыс.
Қазақстанда халал индустриясы 2009 жылдан бастап дамыды. Халал өнімдер тек тамақ өнеркәсібімен шектелмейді. Ауыл шаруашылығы және кондитерлік өнімдер, туристік және сақтандыру қызметі, мейрамхана, конақүй қызметі, косметика және парфюмерия, фармокология, клиника салалары және тағы басқа халал қызмет түрлерін ұсына бастады. Елімізде халал өнімдерін сертификаттаумен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүйелі түрде айналысып келеді. Мұндағы сертификаттау жұмыстарына өңірлерде арнайы тағайындалған өкілдер, ҚМДБ-ның пәтуа бөлімі, білікті технолог, қадағалаушы мамандары атсалысады. Әсіресе «Халал дамудың» Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің жұмысы бүгінде жүйелі.
Алла Тағаланың адам баласына арам еткен шектеулі нәрселері Құран Кәрімде толықтай баяндалған. Мейірімі шексіз Жаратушы иеміздің адал еткен нәрселері де шексіз. Халал өнімдері тек діни тұрғыда ғана емес, сонымен бірге заманауи экологиялық және медицина мамандарының талаптарына да жауап береді. «Халал» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы «рұқсат етілген», «адал», «таза», «шариғат бойынша жасауға болады» деген мағыналарды білдіреді. Яғни шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер харам болып есептеледі. Сол себепті «Халал» белгісі халықаралық деңгейде сенімділік пен қауіпсіздік нышанына айналған. Бүгінгі күні халал өнімдер исламнан басқа да дін өкілдері тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Әр өңірдегі халал бойынша стандарттау және сертификаттау жұмыстары, оқу-семинарлар, тексеріс, қадағалау, бақылау, лабораториялық зертханаға жөнелтілу, адал ас жөніндегі уағыз-насихат, айлық тексеріс жұмыстарының барлығы осы халалдың өңірлік өкілдерінің қызметі арқылы жүзеге асады. Жамбыл облысы бойынша жауапты бақылаушысы Абылайхан Ғабитұлы облысымыз шұжық өнімдерінің астанасы екенін және біздің аймақ республикамыздың барлық өңірлерін шұжық өнімдерімен қамтитынын айтады.
– Адам қандай ас жесе, ол денсаулығына ғана емес, рухына да әсер етеді. Сондықтан да ислам діні халал ас жеуді бұйырады. Ал өңірімізде халал өнімнің өндірілуін қадағалайтын – біз. Сондықтан сертификаттап қана қоймай, айына бірнеше мәрте аудит шараларын жүргізіп, сапаның сақталуы мен талаптың орындалуын назарымыздан тыс қалдырған емеспіз. ҚМДБ-ның халал сертификаты бір жылға беріледі және мерзімінің аяқталуына байланысты қайта тексерістен өтіп, сертификатын жаңарта алады. Сертификат табысталған күннен бастап кәсіпорын ҚМДБ-ның қатаң бақылауына алынады. Әр айда өндірістік орынды кезекті және кезектен тыс тиісті тексерістен өткізіп отырамыз. Жыл ішінде орталық 40-қа жуық шұжық цехына стандарттау және сертификаттау жұмыстарын жүргізіп, кәсіпорын иелеріне арнайы куәлік табыстады. Жыл ішінде одан бөлек 25-ке жуық дәмхана халал стандартына сай. Әсіресе «Пышка и КО», «Дим-ка» кондитерлік өнімдері халықтың халал өнімге сұранысын қанағаттандырып отыр, – дейді жергілікті өкіл.
Дегенмен қазір қоғамда халал таңбасын заңсыз қойып, тірлігін жүргізіп жатқандар да бар екен. Оларға алдымен ескерту беріледі. Ескертуге құлақ аспағандар заң жүзінде жауап береді.
– Мұндай оқиғалардың бірнешеуі кездесті. Оларға алдымен халал өнімдер туралы кеңінен түсіндіріп, оның негізгі ережелерін айтамыз. Егер олар түсініп, келіскен жағдайда жалған халал өнім өндірулерін тоқтатады. Егер келіспесе, біз оны әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартамыз, яғни халал стандартына сай емес сапасыз өнім шығарғандығы үшін және тұтынушыны алдағаны үшін ҚР Заңында көрсетілген арнайы қаулыға жүгінеміз, – дейді Абылайхан Ғабитұлы.
Жергілікті өкілдік жыл соңына дейін шұжық өнімдерінің көрмесін ұйымдастырмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала