Салтанаттың өмірлік ұстанымы мен табандылығы, ең алдымен, отбасынан бастау алады. Әкесі Оразбек – сан жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Мұғалім әкенің өнегесі – тәртіп, білімге құштарлық пен жауапкершілік. Анасы Айжан мектеп кітапханасында ұзақ жылдар еңбек етіп, жас ұрпақтың рухани азығына үлес қосқан жан. Қазіргі таңда зейнетте болғанымен, отбасының алтын қазығы болып отыр.
Үйдің төртеуі – бір-біріне тірек, бір-біріне демеу. Әпкесі Гүлзат – ҚР ҰҚК қатарында әскери қызметші. Бұл отбасыны шағын әскери династия деуге әбден болады. Сіңлісі Ұлбосын мен інісі Қуаныш та ата-ана тәрбиесін бойына сіңіріп, өз жолдарын табуда. Осындай ынтымағы жарасқан әулеттен шыққан Салтанат үшін абырой – ең биік құндылық.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы – батырлар мен ерлердің мекені. Бұл – аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы дүниеге келген қасиетті топырақ. Батыр бабаның қайсарлығы мен отансүйгіштігі Салтанаттың жүрегіне ерте ұялап, өмірлік бағдаршамына айналды.
Атасы – Ұлы Отан соғысының ардагері, 2-топ мүгедегі майдангер Әзімхан Әбдіхалықұлы. Жеңіс жолында жанын қиған майдангердің есімі – әулет үшін аманат. Сол аманатқа адал болу – Салтанаттың басты парызы.
2008 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ филологиясы факультетін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Тіл – ұлттың тірегі екенін жүрегімен түсінген жас маман сол жылы әскери қызметке шақырылып, Алматыдағы 5572 әскери бөлімінде тіл маманы лауазымына тағайындалды.
Әскери орта – төзім мен тәртіптің мектебі. 2012 жылы Астана қаласындағы 3656 әскери бөліміне ауысып, тәжірибесін шыңдады. Ал 2023 жылы Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне келіп, алғашқы офицерлік “лейтенант” шенін алды. Бүгінде Ұлттық ұлан сапында абыройлы қызмет етіп келеді.
18 жыл ішінде ол бөлім командирлері, өңірлік қолбасшылық, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және ҚР Ішкі істер министрі тарапынан көптеген алғыс пен марапаттарға ие болды.
Ерекше мақтаныш – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін табыстаған “Құрмет грамотасы”. Әскери салада тіл саясатын жүзеге асыру – үлкен жауапкершілік. Салтанат бұл міндетті биік деңгейде атқарып келеді.
Әйел – мейірім мен жылулықтың иесі. Ал әскери қызметтегі әйел – қайсарлық пен жауапкершіліктің символы. Салтанат үшін әскери қызмет – жай ғана жұмыс емес, бұл – тағдыр таңдауы, ел алдындағы борыш.
Жуалы «генералдар мекені» атанса, оның да жүрегінде биік мақсат бар: генерал болу міндет емес, бірақ туған жерінің атын шығарып, елге адал қызмет ету – басты мұрат. Әке-шешесінің еңбегі мен атасының ерлігіне лайық болу – өмірлік ұстанымы.
8 наурыз – нәзіктік мерекесі ғана емес, рухы биік әйелдердің мерекесі. Әскери форма киген қазақ қызы – елдің айбыны, отбасының мақтанышы.
Әзімхан Салтанат Оразбекқызы сынды арулар барда, Отанның қорғаны берік, болашағы нық. Көктемнің шуағындай жылы жүректі, батыл да білімді әскери аруларға алғыс пен құрмет шексіз.
8 наурыз мерекесі құтты болсын!



