Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу барысында Ресей Федерациясынан әкелінген қызанақ тұқымдарының 130 қаптамасынан сынама алды.
Зерттеу жұмыстары Фитосанитария РМК зертханасында жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, үлгілерден карантиндік нысандар қатарына жататын қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы — Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) анықталған.
Аталған дерекке байланысты әкімшілік іс материалдары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы саудаға қатысушыларға карантинге жатқызылған өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заң талаптары мен фитосанитариялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, белгіленген бақылау рәсімдері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау – аграрлық секторды қорғаудың және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.




